Зерттеу: Қазақстан үкіметі телефон арқылы аңдығандар арасында екі журналист пен үш белсенді бар

Сыбайлас жемқорлық және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Pegasus бағдарламасының көмегімен тыңшылық әрекет жасап, бақылауға алған журналистер мен белсенділердің аты-жөнін жариялады.

Қазақстан үкіметі тыңшы бағдарламасының көмегімен аңдыған адамдар:

  • Серікжан Мәулетбай – Informburo.kz жаңалық порталының тілшісі, әлеуметтік желіде блогтары бар;
  • Бигелді Ғабдуллин – ПЕН-клуб жетекшісі, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы, 2017 жылы бопсалау бабы бойынша сотталған;
  • Бақытжан Төреғожина – қазақстандық құқық қорғаушы, “Ар.Рух.Хақ” құқық қорғау ұйымын басқарады.

Сонымен қатар, тізімде Квентин Гиёме мен Мартин Вийом деген кісінің аты жазылған. Бұлар Қазақстанда беймәлім адам болғанымен, болжам бойынша, үкімет қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовқа бола осы кісілерді аңдуға тапсырма берген болуы ықтимал.

OCCRP дерегінше, оннан аса елде шамамен 200-ге жуық журналист пен белсендіні аңдыған. Pegasus қызметін, Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия Марокко, Руанда, Того, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі пайдаланған.

Құқық қорғаушы Төреғожина Vlast.kz тілшісімен телефон арқылы сөйлескен кезде бұл жағдай туралы бүгін таңертең білгенін және бұған дейін де телефонын тыңдап жатқанына күдіктенгенін айтты. Ол бейбіт жиын туралы біраз насихат жүргізгесін, сонымен қатар, саяси тұтқындарды қолдағасын осы жағдайға себеп болғанын мәлімдеді.

Ал журналист Серікжан Маулетбай да бұл жаңалыққа таңғалмайтынын айтып, Қазақстан билігі адам құқығына байланысты халықаралық келісімді жиі бұзатынын жеткізді. Ол сонымен бірге, заңға қайшы әрекет жасамағанын және ешнәрсе жасырмайтынын айтты.

Енді Маулетбай Ақорда мен мемлекеттік органдарға бұл жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін сауал жолдайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz