Зерттеу: Әзербайжан билігі телефон арқылы журналистер мен белсенділерді аңдыған

Әзербайжан билігі бірнеше жылдан бері арнайы программаның көмегімен жүздеген белсенді мен журналисті аңдыған. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жүргізген зерттеу соған меңзейді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Тыңшылық жасауға мүмкіндік беретін программаны Қазақстан да қолданған болуы мүмкін.

Pegasus – Израильдің “кибербарлаумен” айналысатын NSO Group компаниясының өнімі. Ол біреудің телефонындағы қоңырауларды бақылап, хабарламаларды оқып, сурет, парольдерді көруге мүмкіндік береді. GPS датаның көмегімен құрылғының орнын анықтап, жасырын түрде аудио, видео жазуға да қолайлы. 18 шілдеде жарияланған зерттеуде 2016 жылдан бері NSO Group компаниясының әлем бойынша 50 мың нөмірді аңдығаны жазылған. Арасында қазақстандық нөмірлер де бар.

Зерттеу тобы нөмірлерді географиялық кластеріне қарай топтастырып, олардың оннан астам елден екенін анықтаған. Тізімде Қазақстан, Әзербайжаннан бөлек, Бахреин, Венгрия, Үндістан, Индонезия, Мексика, Морокко, Сауд Арабиясы, Руанда, БАӘ бар.

OCCRP Әзербайжан нөмірлеріне ұқсас жүздеген телефон нөмірін сараптай отырып, олардың тәуелсіз журналист, белсенді, оппозиционерлерге тиесілі екенін анықтаған.

Ресми Баку NSO Group компаниясымен келісім жасасып, аталған өнімді сатып алды немесе нөмірлерді сол адамдарды аңду үшін пайдаланды деген бұлтартпас айғақ жоқ. Бірақ зерттеу авторлары қолда бар деректер соған меңзейтінін айтады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz