Зейнетақы қорынан ақша алу – ғажап па, мазақ па?

2021 жылдан бастап бірқатар қазақстандық зейнетақы жинағының белгілі бір сомасын жұмсай алады. Ол туралы пікірлер екі тарапқа бөлінді. Қаржыгер Дана Жарлығапова Қазақстан билігінің бұл шешіміне оң баға беріп отыр. Оқырмандарымызды да осы талқылауға шақырамыз – сіздің пікіріңізді Factcheck.kz сайтында қуана-қуана жариялар едік.

Президент Тоқаевтың зейнетақы жинағын тұрғын үй мен емделуге жұмсау туралы былтырғы тапсырмасы алдын ала шарттар түрінде рәсімделді және оны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Президентінің Жолдауынан кейін жариялады. Салымшылар арасында да, сарапшылар арасында да пікір екіге бөлінді. Менің «БЖЗҚ» АҚ салымшысы және қаржыгер ретіндегі пікірім оң, өйткені бұл орта таптың, соның ішінде жалғыз баспанасын ипотекаға алатын, барлық салықтар мен аударымдарды төлейтін және қандай да бір жеңілдіктер жасалмайтын адамдардың өзекті мәселелерін шешеді. Енді рет-ретімен талқылайық.

Енді не істейміз?

«БЖЗҚ» АҚ деректеріне сәйкес, 2020 жылдың 1 шілдесінде салымшылардың 91%-ында 3 млн теңгеге дейін жинақ болған. Ал 70%-ының жинағы 1 млн теңгеден аз.

Зейнетақы қорынан ақша алу – ғажап па, мазақ па?
Жеткілік шектің кестесі

ҚР Еңбек министрлігі 2018 жылы менің сауалыма жауап ретінде  салымшылардың 7,77%-ы ғана ең төменгі 10 жалақыдан жоғары табыстан зейнетақы жарналарын аударатынын хабарлады ( 2017 жылы ең төменгі 10 жалақы – айына 244 590 теңгеден). Демек, қалған салымшылардың табысы одан төмен болған. Зейнетақы қоры салымшыларының мұндай құрылымдық қайшылығы бірінші жыл байқалып отырған жоқ. Зейнетақы жүйесі еңбек нарығы мен жалпы экономикадағы ахуалды көрсетеді — ресми табысы айына 300 000 теңгеден асатын адамдар саны — жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі салымшылардың жалпы санының 10%-ына жетпейді. 2013 жылы жұмыс істейтін аналар үшін жүктілігі мен босануы бойынша әлеуметтік төлемдер 10 ең төменгі жалақымен (ЕТЖ) шектелді, себебі «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ға жұмыс беруші әлеуметтік аударым жасайтын қызметкерлердің 90%-дан астамының табысы 10 ЕТЖ-дан төмен болған, сондықтан «табысы жоғары» (МӘСҚ басшысының термині) декретшілерге көптеген «табысы төмен» қызметкерлердің түсімінен ақы төленген.

2019 жылдан бастап «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ға әлеуметтік аударым жасау үшін шекті табыс 7 ЕТЖ –  297 500 теңгені (7 * 42 500) құрайды, бұған дейін шекті табыс 10 ЕТЖ болатын, 2018 жылы – 282 840 теңге (10* 28 284) болған.

Еңбек министрінің айтуынша, ТЖ режимі кезінде төрт миллион алты жүз мың адам 42 500 теңге әлеуметтік төлем алған, оның ішінде бір миллион үш жүз мың адам Бірыңғай жинақтық төлемді алғаш рет төлеген, яғни көлеңкелі экономикадан шыққан.

Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыспен қамтылған көптеген адамдар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Кірістер мен жинақтар деңгейі бойынша салымшылардың теңсіздігі – зейнетақы жүйесі мен мемлекетке сенім арту, активтерді басқару мәселесі ғана емес, бұл – ең алдымен экономика «базисінің» мәселелері.

Ресми кіріс адамдарға банк несиелерін, соның ішінде ипотекалық несиелер алуға мүмкіндік береді. ТЖ режимі кезінде банктер мен қаржы ұйымдарының қарыз алушылары мемлекеттік қолдау шарасы ретінде банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша төлеу мерзімін ұзарта алды (бұл туралы бұрын да жазғанбыз).

Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенсек, төлемдерді тоқтата тұруға 237,4 млрд теңгеге 1 661 232 жеке тұлға немесе барлық қарыз алушының 31,3%-ы мақұлдау алған.

Енді ипотекалық қарыз алушыларға назар аударайық. Ұлттық Банктің Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру кезінде 2020 жылдың басында 171,4 млрд теңге сомасына 28 мың қарыз алушы мемлекеттік қолдау алған.

2020 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарының жалпы көлемі 1,825 трлн теңгені құраған.

Осылайша, банктердің ипотекалық портфелінің жалпы көлемінің 90%-ы – адамдардың еш мемлекеттік қолдаусыз төлеп жатқан қарыздары, бұған Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша өз қарыздарын қайта қаржыландыра алмаған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қарыз алушыларын қосу керек (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің несие портфелі сапасының ерекшелігі – төмен мөлшерлеме бойынша теңгелік кредиттер, проблемасы жоқ қарыз алушылар).

Не өзгерді?

2021 жылдан бастап дәл осы адамдар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін ипотекалық несиелерін өтеуге жұмсай алады. Тұрғын үйді нарық жағдайында жалға алатын көптеген адамдар зейнетақы жинағының бір бөлігін ипотекаға болса да, баспана алудың бастапқы жарнасы ретінде пайдаланып, сол ақшаны жалға берушіге емес, өз баспанасы үшін төлейтін болады. Көптеген тұрғындар мен отбасылар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға — пәтерін ұлғайтуға, жұмысқа, мектепке жақын тұратын ауданға ауыстыруға, пәтерден жеке үйге немесе керісінше көшуге жұмсай алады.

Өзінің зейнетақы жинағы есебінен ипотекадағы қарыз жүктемесін азайту мен өмір сүру сапасын арттыру — әсіресе карантин мен экономикалық құлдырау салдары отбасылық бюджетке теріс әсер еткен қазіргі кезде адамдардың әл-ауқатын қолдауға салынған ең үздік салым. Әсіресе бастапқы нұсқадағыдай емес, әйелдер үшін жеткіліктілік шегінің тең болғаны мені қуантады. Бұған дейін 40 жасқа қарай әйелдің жинағы 63 жастағы ер адамға қарағанда көбірек болуы тиіс еді.

Әрине, бұл жаңалық жеткіліктілік шегінен төмен жинағы бар БЖЗҚ салымшыларының басым көпшілігіне әсер етпейді, бірақ олар үшін қолжетімді баспана, атаулы әлеуметтік көмек және өзге де кедейлік шегінен жоғары табыс табатын, заңды түрде жұмыс істейтін адамдар тыс қалатын мемлекеттік бағдарламалар мен шаралар бар.

Зейнетақы жинақтарымен тағы не істеуге болады?

Баспана жағдайын жақсартудан бөлек, жеткіліктілік шегінен жоғары зейнетақы жинағының бір бөлігін қаржы компанияларының басқаруына беруге болады. Салымшылар өз қалауы бойынша қаражатты басқаруға жібере алады, тек мемлекетке қажетті критерийлер мен параметрлерді анықтау маңызды. Егер зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялар жақсы нәтиже көрсетіп, оның ішінде БЖЗҚ көрсеткіштерімен салыстырғанда нарықтағы табыс пен сенімділік бенчмаркін ұсына алса, салымшылар зейнетақыдағы табыс қажеттілігін қанағаттандыру үшін оларға ерікті түрде бара алады.

1998 жылға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі болмаған көптеген салымшыларға жасына байланысты зейнетақының ынтымақты бөлігі берілмейді, тек жинақтық бөлігі беріледі, және бұл – экономикалық белсенді халық, табысы мен зейнетақы жарналары өсу сатысындағы салымшылар. Зейнетақысының ынтымақтық бөлігі берілетін табысы жоғары салымшылар, әсіресе баспана мәселесі шешілгендер табыс пен жарналардың шыңында тұр, сондықтан олар зейнетақы активтерін басқарудың сапалы тәсілдеріне мүдделі.

Кез келген жағдайда, зейнетақы жинағының бір бөлігін өз баспанасына пайдалану мүмкіндігі арқылы көптеген адамдар өз баспанасын алады. Бұл – қазіргі уақытта тынбай еңбектеніп жатқан ипотека төлейтін немесе жалдау төлемдеріне байланысты кем дегенде ипотеканың бастапқы жарнаны жинай алмайтын немесе тар үйде тұратын және өзге де адамдар.

Жеткіліктілік шегінен жоғары жинақтардың барлық сомасы мерзімінен бұрын алынса да, 1 млн теңгеден төмен жинағы бар 70% салымшылардың қаражатынан да көбірек сома қалады.

Бұл – салық төлеуші мен азаматтың барлық міндеттемелерін орындаған адамдарға мемлекет тарапынан жасалған маңызды қадам. Бұл масылдықты көтермелеу емес, азаматтық диалогты дамыту мен орта тапты құрудың көптен күткен бастауы.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz