Хакерлер Шыңжаңдағы “қайта тәрбиелеу лагерлерінің” мәліметтер базасын бұзды

Атын жасырған хакерлер Шыңжаңда қуғын-сүргінге ұшыраған этникалық ұйғыр, қазақ және басқа мұсылмандардың қылмыстық іс материалы сақталған полиция базасын бұзды. Бұл ақпарат синолог Адриан Ценцтің (Adrian Zenz) xinjiangpolicefiles.org сайтында жарияланды

Базадан алынған мәліметте мұсылман тұтқындардың үш мыңға жуық фотосы, 23 мыңнан астам тұтқындауға қатысты ақпарат, 300 мыңнан астам жеке дерек пен “полицияға арналған тұтқындармен жұмыс істеу нұсқаулығы” бар.

Ценцтің айтуынша, Қытай билігі әзірлеген нұсқаулық — “қайта тәрбиелеу лагерлері” пенитенциар мекеме екенін дәлелдейді. Себебі, нұсқаулыққа сәйкес, лагерьлерді снайпер және әскери мылтықтармен қаруланған арнайы полиция бөлімшелері күзетеді. Ал тұтқындардың қол-аяғы кісенделеді.

Бұдан бөлек, сайтта Қытай шенеуніктерінің күзетшілерге ұсталған ұйғырларға қауіпті қылмыскерлер ретінде қарауын, қажет болған жағдайда тұтқындарға оқ жаудыруды талап етілетіні жазылған.

Сонымен қатар, сайтта хакерлер анықтаған ақпараттың 2018 жылғы екені жазылған. ВВС журналистерінің болжауынша, 2019 жылы Қытай билігі құпия ақпаратты қорғауды күшейткендіктен, хакерлерге базадағы файлдарды бұзу қиынға соққан.

Базадан алынған суреттер

Сайтта Шыңжаң полициясының файлдарында 2018 жылдың басында Шыңжаң оңтүстігіндегі полиция бөлімшелері мен тергеу изоляторларында түсірілген бірнеше мың адамның суреттері жарияланды. Жазбаға сай, 2018 жылы бұл аймақтарға “биометриялық деректерді жинау үшін” халықты суретке түсіру тапсырылған. Сайт авторының жазуынша, батыста тұратын ұйғырлардың кейбірі суреттерден түрмеде жатқан туыстарын таныған.

Хакерлер Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерлерінің" мәліметтер базасын бұзды
Дереккөз: xinjiangpolicefiles.org

Автордың жазуынша, төмендегі суреттерде Шыңжаңға қарасты Текес округінің полиция бөлімшесінде 2018 жылы түсірілген тұтқындау лагерінде өткізілген “полиция жаттығулары” көрсетілген. Суреттердің геолокациясы мен түсіндірмесі зерттеу есебінде.

Сонымен қатар, сайттағы жазбаға сай, Шыңжаң уездерінде арнайы полиция күштері, қосалқы полиция және жергілікті тұрғындардың қатысуымен “жергілікті полиция жаттығулары” өткізілген.

Контекст

Бұған дейін Associated Press (АР) агенттігі Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Көне Шаһар елді мекенінің әр 25-тұрғыны терроризмге қатысы бар деп айыпталып, түрмеге қамалғанын хабарлады. АР жазуынша, тізімде Көне Шаһар түрмесінде қамалған 10 мыңнан астам ұйғырдың аты-жөні жазылған.

2019 жылы Қытай билігі халықаралық сынға ұшырағаннан кейін уақытша түрмелер жабылатынын жариялады. Бірақ сарапшылардың сөзінше, мыңдаған ұйғыр, этникалық қазақ, басқа да мұсылмандар ондаған жыл бойы түрмеде отыр.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz