Видеоны зерттеу | «Әлем дәрігерлері COVID-19 вакцинасына қарсы» ма?

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде «Дүниежүзінің дәрігерлері COVID-ке қарсы вакцинаны салдырмауды ескертеді» деген видео тарап жатыр. Видеода адамдар өздерін Еуропа мен АҚШ-тың дәрігерлері, ғалымдары, журналистері мен дәстүрлі емес медицина қызметкерлері деп таныстырады. Олардың айтуынша қазір әлемді жаулаған пандемия жалған нәрсе, сондай-ақ олар адамдарды коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті болғандықтан, оны салғызбауға үгіттейді.

Видео 2:28-ден басталады

Бейнежазбаның түпнұсқасы ағылшын тілді желіде де кең қарқынмен тарап жатыр.

Біз аталған видеодан коронавирус пен вакцинаға қатысты бірқатар мәлімдеме жасаған 33 адамды анықтадық. Енді сол адамдардың ең көп айтқан мәлімдемелерін тексеріп көрейік.

Қысқаша қорытынды

  • Бейнежазбадағы мәлімдеменің көбі жалған немесе манипуляция. Кей жерінде жартылай шындық пен рас ақпарат та кездеседі. Дегенмен оның бәрі, сайып келгенде, түрлі қастандық теориясына негізделген әңгімелерге жетелейді.
  • Видеодағы адамдардың бір бөлігі «Дүниежүзі дәрігерлерінің альянсы» атты ұйымның мүшелері. 2020 жылы құрылған бұл ұйым пандемия мен коронавирустың қаупін жоққа шығарумен танымал. Біз олар туралы бұған дейін жазған едік, оқимыз десеңіз, сілтеме мынау.

Мақаламыздың негізгі бөлігіне өтпес бұрын, видеодағы адамдар коронавирус вакцинасы туралы жекеше түрде айтып жатыр, сондықтан олар Pfizer-BioNTech немесе Moderna вакцинасын талқылап жатса керек, себебі әңгіме барысында мРНҚ технологиясын сөз етеді. Сондықтан зерттеу жұмысымызда дәл осы вакциналар туралы айтамыз.

Егжей-тегжейлі тоқталсақ

Мәлімдеме: Бұл пандемия – шын мәніндегі медициналық пандемия емес. Әзірге қандай да бір нақты вирус жоқ. Сондықтан ешқандай да вакцинацияның керегі жоқ.

Үкім: Жалған

Негізі жаңа коронавирус 2020 жылғы қаңтарда анықталып, нақтыланды. Бұл туралы ақпаратты ашық деректерден табуға болады, ол бәріне қол жетімді. Біз бұл туралы мына және мына жерде жазған едік. Вирустың тез таралуына және оның қауіпті болуына байланысты ДДСҰ 2020 жылғы 11 наурызда пандемия жариялады. Осы мақала жазылып жатқанда SARS-CoV-2 вирусынан дүниежүзінде 2 миллионнан астам адам қайтыс болды.

Мәлімдеме: Коронавирустан қайтыс болғандардың саны маусымдық тұмаумен бірдей.

Үкім: Жалған

Қолда бар деректерге сәйкес жағдай ондай емес. Расымен де, COVID-19 бен маусымдық тұмау тыныс алу органдарының ауруларына жатады және кей белгілері ұқсас келеді, алайда екеуінің арасында айтарлықтай айырмашылықтар да бар. Мысалы COVID-19 тұмауға қарағанда белгілі бір адамдар тобы және жас арасында жұқпалы. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, COVID-19-дан қайтыс болатындар саны да көп, сондай-ақ ауру өте ауыр жағдайда өтеді.

Джонс Хопкинс Университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің профессоры Эндрю Стэнли Пекоштың айтуынша, жағдай көп адамда SARS-CoV-2-ге төтеп бере алатын иммунитеттің болмауынан қиындай түсуде. Тұмау туралы айтатын болсақ, вакцинация мен бұрынғы инфекциялардың арқасында халықтың бір бөлігінде иммунитет қалыптасты. Сондықтан ауыр жағдайлар аз кездеседі.

Бір жыл ішінде COVID-19 вирусы 2 миллионнан астам адамның өмірін қиды, ал ДДСҰ-ның есебі бойынша жыл сайын тұмаудан бүкіл әлемде 290000-650000 адам қайтыс болады. «АҚШ-та 2019 жылғы желтоқсаннан бастап коронавирустан қайтыс болғандардың саны тұмаудан кейінгі 5 жылда қайтыс болғандардан көп», дейді Эндрю Пекош.

Біз жақында Қазақстандағы кейінгі 5 жылдағы өлім-жітім туралы деректерді қарап шағып, 2020 жылы әдеттегіге қарағанда 25 мың адам көбірек қайтыс болғанын анықтадық. Бұл туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.

2020 жылы Қазақстанда өлім-жітімнің шамадан тыс болуы

Ақпарат көзі: Ұлттық статистика бюросы • Аслан Сейіт

Мәлімдеме: ПТР тесттер нәтижені дәл көрсетпейді. Олар жалған оң нәтижелерді көп анықтайды. ПТР тест ешқашан инфекцияны анықтау үшін қолданылмаған және тест ол үшін жасалмаған.

Үкім: Жартылай шындық және жалған

ПТР тесттің кемшілігі жоқ емес, алайда қажетті нұсқаулықпен пайдаланса, дәл нәтиже көрсетеді. Қазіргі уақытта бұл коронавирус инфекциясын анықтайтын ең тиімді құрал. Кейде жалған оң, кейде жалған теріс нәтижелер көрсетуі де мүмкін. Тесттің дәлдігі үлгіні алу және оның сақтау жағдайына  байланысты. Сондай-ақ көп нәрсе зертхана қызметкерінің жағындыны қалай алғанына байланысты. Осыған қоса нәтиже дәлдігі ПТР тесттің өзіне, оның дизайны мен сапасына байланысты.

ПТР тест инфекцияны анықтай алады. «Тест инфекцияны анықтау үшін жасалмады» деген әңгіме желіде ауық-ауық шығып тұрады. Оған сәйкес ПТР-ды ойлап тапқан Кэри Муллис атты ғалым ПТР тест инфекцияны диагностикалауға жарамсыз деп айтқан-мыс. Бұл жерде Мулистің сөздері бұрмаланған.

Видеоны зерттеу | «Әлем дәрігерлері COVID-19 вакцинасына қарсы» ма?

Осы оқиға жайында және жалпы ПТР тесттер туралы толық ақпаратты мына жерден оқи аласыз.

Мәлімдеме: 20 жылдан астам уақыт бойы фармацевтика индустриясы коронавирус вакциналарын жасауға тырысты, бірақ бәрі сәтсіз аяқталды. Себебі жануарларға жүргізілген сынақтар кезінде ауыр жанама әсерлер болған. Енді фармацевтика индустриясында жануарларға арналған сынақтарды жүргізбеуге рұқсаты бар.

Үкім: Жартылай шындық және манипуляция

Коронавирустың басқа түріне, яғни SARS-СoV-қа қарсы вакцинасы жасау әрекеттері бұрын да болған (бірақ үздіксіз 20 жыл бойы емес). Жануарларға (күзендер, приматтар мен тышқандар) жүргізілген сынақтар барысында оларда иммунитет пайда болды, бірақ вирусты қайта жұқтырған кезде ауру одан да ауыр жағдайда өткен. Бұл құбылыс антиденеге тәуелділіктің күшеюі деп аталады. Осыдан кейін вакциналар жасау тоқтатылды және вирустың таралуы да тез тоқтай бастады.

Қазіргі COVID-19 вакциналарын жасау кезінде жануарларға арналған сынақтар қалыс қалмады, олар адамдарға жасалған сынақтармен қатар жүргізілді. Бұл жаһандық пандемияға және вакциналар өндірісін жеделдету қажеттілігіне байланысты болды. Дегенмен олардың қысқа мерзімде жасалғаны,  қауіпсіздік ережелері сақталмады дегенді білдірмейді. Қолда бар деректерге сәйкес, дайындалған вакциналар адамдар мен жануарларға жүргізілген сынақтардан кейін өзінің қауіпсіз екенін көрсеткен.

Мәлімдеме: Біз вакциналардың ұзақ мерзімді әсерлері туралы ештеңе білмейміз.

Үкім: Шындық, бірақ ескеретін жайт бар

Шынымен, қазіргі уақытта вакциналардың ұзақ мерзімді әсерлері туралы деректер жоқ, өйткені олар тез арада жасалған. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, қандай да бір әсердің болу ықтималдығы өте аз.

FDA-ның Вакциналар жөніндегі кеңесінің мүшесі Пол Оффиттің айтуынша, Pfizer-BioNTech вакцинасы ұзақ мерзімді уақытта жанама әсерлер тудырады дегенге ешқандай дәлел жоқ. Бірақ кейінгі зерттеу жұмыстары арқылы түрлі жанама әсерлердің дамуы мұқият қадағаланатын болады.

Индиана Университетінің Медицина мектебінің доценті Лана Дбейбоның айтуынша, оны вирустан пайда болатын ұзақ мерзімді салдарлар көбірек алаңдатады. Себебі олар адамды қатты әлсіретіп, инфекциядан кейін көп ұзамай басталады. Оның сөзінше, егер вакцинаның жанама әсерлері болса, онда біз оларды көре бастайтын едік. Алайда, расымен, өзгерістер болса, ғалымдар ұсынымдарға өзгерістерді бірден енгізеді.

Мәлімдеме: Бұл вакцина сіздің ДНҚ-ңызды өзгерте алады.

Үкім: Жалған

Мұндай мәлімдемені түрлі фактчекинг және медицина ресурстары бірнеше рет теріске шығарды. Адам ағзасына матрицалық немесе ақпараттық РНҚ-ны енгізу, оның ДНҚ-сына ешқандай әсер етпейді.

CDC сайтындағы түсіндірмеге сәйкес, мРНҚ технологиясымен жасалған вакциналар біздің жасушаларымызға COVID-19 тудыратын вирустың бетінде кездесетін «тікенек тәрізді ақуыз» жасау туралы нұсқаулар (мРНҚ) береді. Нұсқаулар иммун жасушаларға жеткенде жасушалар ақуыз жасау үшін осы нұсқауларды қолданады. Ақуыз пайда болғаннан кейін жасушалар мРНҚ-ны жойып, одан құтылады.

Содан кейін жасуша бетінде ақуыздың бір бөлігі көрінеді. Біздің иммун жүйеміз ақуыздың бөтен екенін түсініп, COVID-19 инфекциясын жұқтырғандай жауап қайтарып, антиденелер шығара бастайды.

Мәлімдеме: Бұл вакцина әйелдер мен қыздарды зарарсыздандырады және бедеулікке әкелуі мүмкін.

Үкім: Жалған

Бұл ұзақ уақыт бойы (кем дегенде жаздан бері) айтылып келе жатқан және бірнеше рет теріске шығарылған (материалдар осында және осында) тағы бір мәлімдеме. COVID-19 немесе кез келген басқа вакцинаның әйелдерді зарарсыздандырып немесе бедеулік тудыратыны туралы ешқандай дәлел жоқ. Бұл еш негізсіз жасалған мәлімдеме.

Мәлімдеме: Бұл вакцинада нанотехнология бар. Ол сізді 5G желісі мен жасанды интеллектке қосылған смартфоныңыз арқылы басқаруға арналған деген мәліметтер бар. Осылайша сіз өзіңіздің барлық адами қасиеттеріңізді жоғалтып алуыңыз мүмкін.

Үкім: Жалған

Вакциналар нанотехнологиялар арқылы жасалды дегеннің смартфондарға, 5G желісіне және жасанды интеллектке еш қатысы жоқ. Сірә, бұл жерде адамдар «нанотехнология» ұғымын дұрыс түсінбеген.

Бұл жағдайда мРНҚ-ны жасушаларға тасымалдау үшін липидті нанобөлшектер қолданылады. Олар өзіндік «жеткізуші» және 5G-ге ешқандай қатысы жоқ. Нановакциналар туралы толық ақпаратты біздің мына мақаладан оқыңыз.

Қорытынды:

  • Видеода жиі кездесетін мәлімдемелерді талдау барысында олардың көпшілігі жалған және манипулятивті екенін көруге болады. Ал бейнежазбада сирек кездесетін шынайы ақпарат үгіт-насихат үшін қолданылады.
  • Видео ағылшын тілінде де, орыс тілінде де белсенді түрде тарауда. Жалған ақпаратпен күрес аясында әлеуметтік желідегі видеолардың бұғатталуына қарамастан, бейнежазба Bitchute және Brandnewtube сияқты басқа платформаларда бар және жүз мыңдаған қаралым жинап жатыр.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz