Венесуэладағы адам құқығы дағдарысы

НЬЮ-ЙОРК – 2019 жылдың қыркүйек айында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі бізге Венесуэладағы адам құқығын бұзу фактілері туралы зерттеу жүргізуді тапсырды. Баяндамада сотсыз жаза тағайындау, із-түссіз жоғалу, негізсіз бас бостандығынан айыру, азаптап қинау мен адам арын аяққа таптайтын өзге де қатігез әрекеттер қарастырылды. Аталған баяндамамыз өткен айда жарық көрген.

Біз жасаған қорытынды нақты: Венесуэла мемлекеттік қызметкерлері адам құқығын өрескел бұзған; адам құқығын бұзу фактілерінің кейбірі тұтас адамзатқа қарсы қылмыс болып саналады. Баяндамада Президент Николас Мадуромен қатар, Қорғаныс және Ішкі істер министрлері адам құқығын бұзу фактілерін жүзеге асырушылар ретінде көрсетілген. Сондай-ақ, барлау, қауіпсіздік қызметі мен полиция басшылары да аталған іске жауаптылар санатында. Біздің қолымызда тергеу жұмысын одан әрі жүргізуді талап ететін, адам құқығын бұзу ісіне қатысы бар адамдардың тізімі бар. 

Мадуро режимі бұл баяндаманы сынға алатыны белгілі еді. Венесуэладағы оқиғадан хабардар жүрген кез-келген адам елдің саяси поляризациясы туралы да біледі. Елдегі саяси жағдай Венесуэланың халықаралық аренадағы орнына әсер етпей қоймады: әлем елдерінің бірқатары Мадуро режиміне қарсы шықса, ал кейбірі керісінше оны қолдап отыр. Бізге мандат берілген уақыттан бастап Венесуэла мен оның жақтастары БҰҰ  Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасымен арамыздағы жұмысты  жасанды түрде қиындатуға тырысты. 

Кейбір елдер бізге берілген мандатты толық қабылдай алмады. Әлбетте, бұл саяси тұрғыда түсінікті дүние. Дегенмен Венесуэладағы жағдайды объективті түрде бағалай білетіндер адам құқығына қатысты дағдарыстың барына күмәндана алмайды. Шынайы проблеманы жоққа шығарып, маңызды факторларды ескермеу арқылы қауіпке ұшырағалы тұрған немесе зардап шегіп үлгерген адамдардың фундаменталды құқығын қорғау мүмкін емес. 

Әзірге сынның үш түріне тап болдық. Біріншісі – жеке басымызға қатысты шабуыл; әрине, бұл назарымызды аудару үшін жасалып жатыр және оған жауап беріп жатудың өзі бос әурешілік.

Екіншіден, баяндама методологиясы.  Венесуэладағы кейбір мәлімдемелерге сәйкес, біз арнайы фантомдық тапсырма орындап, шет елден жұмыс жүргізгенбіз және ресми деректерді алуға тырыспаппыз да. Ал шын мәнісінде серіктестікке қол жеткізу мақсатында Мадуро үкіметіне алты рет хат жазған едік. Аталған хаттардың барлығы көпшілікке жария; бірақ олардың ешбіріне жауап ала алмадық. Өз үкіметінің  серіктестіктен бас тартуын негізге алып баяндаманы заңсыз деп таныған  Венесуэланың бұл әрекеті сайып келгенде айналма агрумент болып табылады. 

Әрине, көптеген елдер біз атқаратын қызметтік міндетті бірлесіп орындаудан бас тартып жатады. Кейін біз сияқты сарапшылар тобының қандай да бір мемлекетті көрмей жатып қорытынды жасағанына таң қалады. Венесуэла бұған дейін дәл осылай БҰҰ  Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының жұмысын теріске шығарып келген. Дегенмен миссиямызды жүзеге асыру барысында ең үздік әдістер қолданылды. Біз оқиға құрбандары, олардың жанұясы мен адвокаттарының тікелей куәгерлік жауабын тыңдадық; сондай-ақ, сот ісі материалдары, ресми деректер, опериациялық жоспарлар, мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдық деклорациясы, анықталған аудиовизуалды материалдардың сараптамасын қарастырғанбыз. 

Венесуэла билігімен бірлесіп жұмыс істесек жақсырақ болар еді, әрине. Әйтсе де бұған қарамастан ел ішіндегі ақпарат көздері арқылы  нақты деректерге қол жеткізе алдық деп санаймыз.

Біз естіп жүрген үшінші негізгі аргумент – адам құқығын бұзу туралы айыптаулар зерттелу үстінде немесе зерттеліп қойған.  Баяндамамызда соңы айыптау немесе ұзақ мерзімді қамауға алумен аяқталған санаулы оқиғаларды атап өткенбіз. Бұл – жақсы жаңалық. Жақында Венесуэла Бас прокуроры адам құқығына қарсы 600 адамның қылмыстық ісіне тергеу жұмысы жүргізілгенін немесе жүргізіліп жатқанын, соның ішінде 400 адамның қамауда, ал 140 адамның сотталғаны туралы хабарлады. Егер аталған ақпарат рас болса, бұл – қуанарлық жағдай. Сұраныс жібергенімізге қарамастан, әзірше Венесуэла билігі бұл ақпаратты сараптап, бағалауға мүмкіндік бермей отыр. 

Баяндамада алаңдауға негіз болып табылатын біраз жайттар қарастырылған. Олардың ең бастысы – Венесуэла құқық қорғау органдарының, оның ішінде сот және прокурорлардың соңғы жылдары тым қатты саясилануы. Қазіргі және бұрынғы бірнеше ресми өкіл бізге тікелей саяси қысымға тап болғанын айтты. Осыған қарап-ақ жүйенің бейтараптығына күмәнмен қарауға болады.

Сонымен қатар,  үнемі орын алатын қылмыс ретінде азаптау және онымен қатар жүретін жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты сенімді тергеу жұмысының белгілерін таппадық. Осы уақытқа дейін Мадуро режимі мұндай қылмыстың барын жоққа шығарып келеді. Сол сияқты Арнайы жасақ күштері полицейлері (FAES), Ғылыми, қылмыстық және криминалистикалық тергеу корпусының (CICPC) заңсыз адам өлтіруіне байланысты сотталғаны туралы еш дәлел кездестірмедік. Мұндай әрекетті адамзатқа қарсы қылмыс жасаумен тең деп есептейміз. 

2019 жылы БҰҰ  Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар Мишель Бачалет Арнайы жасақ күштерін (FAES) таратып жіберуді ұсынды. Бұл ұсынысты біз де қолдаймыз, бірақ бөліністің өткен және қазір таңдағы қызметіне қатысты ашық тергеу жүргізу қажет. Жоспарды орындаушылар ғана емес, аталған іске қатысы бар барлық саясаткерлерді тергеу керек. 

1960-1990 жылдары Латын Американың азаматтық халқы коммунизм қаупіне қарсы күрес жүргізудеміз деп мәлімдеген басшыларының кесірінен қатты зардап шекті. Билік Қырғи-қабақ соғыс кезіндегі терең ұлттық және халықаралық келіспеушілік контекстінде адам құқығын өрескел бұзған.

Дәл осы поляризация жаңғырығын бүгінгі Венесуэладан көріп отырмыз. Бұрынғы Аргентина, Чили, Перу, Бразилии, Гватемале мен Сальвадор елдеріндегідей адамды азаптау, заңсыз қамауға алу, өмірде бар немесе мүмкін болар қарсыластың көзін жою әрекеттеріне жол берілмейді.

Венесуэладағы дағдарыстан шығу жолдарын қарастыру біздің миссиямыздан тыс тапсырма болатын. Басты дүние – адам баласының фундаменталды құқығына құрмет көрсету. Біз жасаған қорытындыға сабырлы ой жүгіртудің көмегі тиер деген үміттеміз.

Marta Valiñas

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрған Венесуэладағы фактілерді анықтау бойынша Тәуелсіз халықаралық миссия төрағасы

Francisco Cox Vial

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрған Венесуэладағы фактілерді анықтау бойынша Тәуелсіз халықаралық миссия мүшесі

Paul Seils

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрған Венесуэладағы фактілерді анықтау бойынша Тәуелсіз халықаралық миссия мүшесі

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org 

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz