Вакцина кесірінен Covid-19’‎дың жаңа түрлері пайда бола ма?

Жақында NUR.kz порталы вакцина кесірінен коронавирустың мутациясы артуы мүмкін екені туралы жазды. Кейін материал сайттан өшірілсе де (архивке сілтеме), әлеуметтік желіге тарап кетті. Мақалада бұдан басқа вирустың жаңа вариантынан әрбір үшінші адам көз жұмады деген ғалымдар болжамы туралы айтылады. Оқырман өтінішінен соң, Factcheck.kz деректің қаншалқты шындыққа жанасатынын тексерді.

Үкім: Жалған және манипуляция

Не үшін жалған: БАҚ-тағы материалда ғалымдар сөзі мен деректері бұрмаланған. Болжам авторлары керісінше, вакцина салуды тездету керектігін айтады.

Не үшін манипуляция: Болжам вирустың мутациялануынан пайда болған қауіпті варианттан оптимист сценарийге дейін жасалған. Ғалымдардың тоқтамы көп жарияланымда бұрмаланған.

SARS-CoV-2 РНҚ вирустарына жататындықтан, оның жұғуы артқан сайын түрлері де (вариант) көбейе береді. Болжамда ғалымдардың деректі бұрыс беру форматы медиадағы бұрмалауға әсер еткен секілді. Бұдан бөлек, БАҚ зерттеудің оптимист бөлігі мен ұсынылатын шараларды елемеген. Оның үстіне, вакцина салуды тездету вирустың циркуляциясын азайтып, тиісінше жаңа варианттардың пайда болуын да қысқартатынын ұмтыпаған жөн. Мәтін аудару барысында вакцинаның зияны туралы ой қайдан шыққаны, әлбетте, жұмбақ.

Вирус өмір сүруін барынша ыңғайлы жасағысы келетіндіктен, мутциялануы қалыпты құбылыс. Алайда мұндай өзгерістердің барлығы да вирустың қауіптілігіне әсер ете бермейді. Оның көбі өмір сүруін ерте тоқтатады не бұрынғы түрінен аса ерекшеленбейді. Бірақ кейде дельта секілді түрлері тез жұғып, науқастың жағдайын да айтарлықтай нашарлатуы мүмкін.

Ғалымдар не деп еді?

Ғалымдар (анығырақ айтсақ, Үкімет жанындағы төтенше жағдайлар жөніндегі ғылыми-консультативтік топ) SARS-CoV-2-нің ның өзгерісі туралы гипотетикалық 4 сценарий ұсынады. Бұл болжамдар вирустың «ішіндегі» гендік өзгерістерге негізделіп құралған.

Бірінші сценарийге сай (көп материалда осы болжам туралы айтылады), SARS-CoV-2 жануардан жұққан басқа коронавирустардың өлім-жітім деңгейіне жетуі мүмкін. Бұған ДНҚ немесе РНҚ-дағы нүктелі мутация (Рoint mutation) не VOC я VUIs арасындағы рекомбинация арқылы жетуі мүмкін екені жазылған. Алайда ғалымдардың SARS-CoV-2-ні MERS-CoV-пен салыстыру сәтсіз мысал. Әлбетте, SARS-CoV-2-ден өлім деңгейі 35%-ке жетуі мүмкін екенін ешкім жоққа шығармайды, бірақ мұның болу ықтималдығы тым аз. Бұдан бөлек ғалымдар ревакцинация бұл варианттың пайда болуына жол бермеуі мүмкін екенін айтады (төмендегі құжаттың 2-бетін қараңыз).

S1335_Long_term_evolution_of_SARS-CoV-2-1

Есепте «вакцина кесірінен вирус препараттарға төзімді болады» деген тұжырым мүлде жоқ. Керісінше, тездетіп вакцина салу жаңа нұсқалардың пайда болу мүмкіндігін азайтады. Бұрмалау құжаттағы үшінші болжамға байланысты туындауы ықтимал. Бұл болжамда ғалымдар вирусқа қарсы препараттарды дұрыс пайдаланбау дәріге төзімді жаңа нұсқалардың пайда болуына әкеледі деп қорқады. Олар бұл препараттарды тек ауруы асқынған адамдарға қолдануға шақырады. Естеріңізге сала кетейік, COVID-19 тудыратын вирусқа қарсы нақты ықпал ететін дәрі әлі де жоқ.

Айта кету керек, 4-болжамда ғалымдар SARS-CoV-2 адамнан адамға тез жұғу барысында пайда болатын, алайда ауру деңгейі ауыр өтпейтін варианттың пайда болуын жоққа шығармайды. Мұны вирустың адамға бейімделіп, эндемик инфекцияға айналуымен түсіндіреді. Басқаша айтқанда, бұл инфекция суық тию секілді ауруға айналуы да мүмкін. Бұл тұста вакцина салу мүмкін болмаған жағдайда вирусқа қарсы препараттарды қолдану туралы айтылған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz