Ұжымдық сана және «Википедия» интернет-фейктерге қарсы

Factcheck.kz оқырманға жобаның серіктесі Stopfake.org сайтының материалын ұсынып отыр. Әңгіме Википедияның жаңа жобасы – Wikitribune туралы, оның мақсаты – фейк жаңалықтармен ұжымдық түрде күресу. Мақала авторы – Надежда Баловсяк.

Соңғы уақытта фейк жаңалықтармен күрес жан-жақты жүріп жатыр. Ақпараттық технология нарығының көшбасшылары фейктердің таралуының алдын алатын жаңа алгоритмдер мен технологияларды енгізуде. Интернеттегі жалғандықты жеңу үшін ойы озық жұртшылық қолдан келгеннің бәрін жасауда.

«Википедияның» негізін қалаушы Джимми Уэльс (Jimmy Wales) жуырда Wikitribune  деп аталатын жаңа жобасын ұсынды. Оның мақсаты – интернеттегі фейк жаңалықтарды жеңу. Wikitribune негізінен «Википедияға» ұқсайды, дәл сондай үлгімен жұмыс істейді және принциптерді басшылыққа алады. Уэльс Wikitribune көмегімен Украина мен Ресейдің арасында басталған жергілікті ақпараттық майданнан ғаламдық мәселеге айналып кеткен фейк жаңалықтар мәселесін шешкісі келеді. Өйткені бұл қатерлі әрі әлемдік геосаясатқа да ықпал ететін мәселе.

Тек ұжымдық жауапкершілік принципі интернет-фейкпен күрес сынды қарқынды даму үстіндегі және жалықтыратын міндетпен күресте ұжымдық жауапкершілік принципінің қандай нәтиже берері белгісіз.

Wikitribune: фейктерге қарсы дәлелді журналистика

«Википедия» көпшілікке ұжымдық жұмыс және ұжымдық жауапкершілікке негізделген үздік әрі табысты жоба ретінде таныс. Википедияның редакторлар мен еріктілерден тұратын ұжымы бұл ресурсты пайдалануға қолайлы және сенімді анықтамалық ретінде қалыптастырып үлгерді.

«Википедияның» табысы Уэльсті фейк жаңалықтармен күресте де осыған ұқсас жоба жасауға итермелеп отыр. Wikitribune жобасында Джимми Уэльс пайдаланушыларға жаңалықты өңдеуді ұсынады. Жаңалықты оқып отырсаңыз, еріксіз оны түзегіңіз келеді. Стартаптың негізгі идеясы осыған келеді. Осылайша, Уэльс «Википедияның» идеясын заманауи онлайн кеңістіктегі ең өзекті мәселеге бұрмақшы.

Уэльстің идеясы тым тереңде: ол осы тәсіл арқылы тек фейк жаңалықтармен ғана емес, сонымен қатар фейк медиамен де күресуді көздейді.

Стартап биылғы желтоқсан айынан бастап жұмыс істейді. Оған дейін Уэльс еріктілерден қаражат жинамақ. Бұл қаржы он адамнан тұратын кәсіби редактор-журналистке төленбек.

Жаңа типтегі медиа

Әлемдегі ең танымал анықтамалық сайттың негізін қалаған Уэльстің түпкі ойы – қаражат жинап, жарнамасыз медиа қалыптастыру. Онда кәсіби журналистермен қатар, ерікті редакторлар жұмыс істейтін болады.

Wikitribune ресурсына қатысты сауал көп, соның ішінде ең негізгісі: мұндай үлгімен жұмыс істейтін медиа табысты бола ала ма? Басқаша айтсақ, тек қана краудфандинг пен краудсорсинг идеясына, өте көп ерікті мен жарнаманың жоқтығына негізделген жоба ұзақ әрі табысты жұмыс істей ала ма? Wikitribune ұраны – «evidence-based journalism» («Дәлелге негізделген журналистика»). Дегенмен, бастапқы кезде Wikitribune community-журналистика идеясы түрінде жол тартатыны белгілі, яғни еріктілер мен кәсіби мамандардан тұратын ұжымдық жоба.

Жоба авторының көздегені бойынша, Wikitribune контентті басқару жүйесі бойынша жұмыс істейді. Жобаға қатысушылардың барлығы – кәсіби мамандар да, еріктілер де материалдарды редакциялауға ғана емес, оларды жоспарлауға да қатыса алады.

Редакторлар нақты осы кезеңде деректерді іздеу, беру және тексеру бойынша кеңес бере алады. Ал материал жарияланғаннан кейін кез келген адам оған өзгеріс енгізе алады. «Википедиядан» айырмашылығы – өзгерістер бірден енгізілмейді, оларды қызметкерлер тобынан тұратын модератор бекітеді.

Wikitribune этикалық және технологиялық мәселелері  

Сарапшыларды мазалайтын маңызды бір сұрақ бар: кәсіби біліктілігі жоқ мамандар жаңалықтарды редакциялай ала ма? Бір жағынан, Украинада және әлемнің басқа да елдерінде еріктілер белсенді айналысып жүрген фейктерді тексеру ісі бұл міндетті қарапайым адамдар да толыққанды атқара алатынын көрсетіп отыр. Ең бастысы, жұмыстың негізін меңгеру.

Екінші бір маңызды сұрақ бар: бұл салада кәсіби білігі жоқ еріктілер пікірлердің нақтылығын ғана емес, барлық пікірдің тең көлемде берілуін және дәстүрлі журналистикаға тән басқа да этикалық құндылықтарды сақтай ала ма? Wikitribune сынды медиада журналистің шындықты таратушы ретіндегі рөлі өзгереді. Дәстүрлі журналистикада тілші сырт көз түрінде болатын, оқиғаға тікелей қатыспайтын, сондықтан талас-тартысты жан-жақты қарастырып, тәуелсіз көзқарасын білдіре алатын. Ал егер жаңалықтарды процеске тікелей қатысушылар жазатын болса, не болады? Өйткені жаңа ресурстың сипаттамасында жобаға еріктілердің қалай іріктелетіні және оларға қандай да бір шектеулер қойылатыны туралы ешқандай дерек жоқ.

Жұмысты ұйымдастырудың мұндай механизмі мүдде қақтығысын тудыруы мүмкін. Мысалы, нейробиологиямен байланысты жаңалықты тек кәсіби маман ғана тексеріп, редакциялай алады. Дегенмен, жаңалық кейіпкерінің сайтқа тіркеліп алып, өзі туралы материалды редакциялап отырмасына кім кепіл? Мұндайда жаңалық PR материалға айналып шыға келеді, ал сайтты ақпараттандыру үшін емес, өздерін жарнамалау үшін пайдалануы мүмкін. Мұндай тәсілмен редакцияға саяси немесе қаржылық тақырыптағы өзекті материалдармен қатар, белгілі бір адамдардың мүддесін көздейтін мақалаларды да ұсыну мүмкіндігі жоғары.

Wikitribune және Викижаңалықтар: айырмасы неде?

Wikitribune Джимми Уэльстің тағы бір бастамасы – «Викижаңалықтарды» еске түсіреді. Бұл өте сәтсіз бастама болғаны белгілі. «Викижаңалықтардың» идеясы жүзеге аспағанын Уэльс өзі де мойындайды. Оның себебі де көп. Еріктілер жедел жұмыс істеуге дайын бола бермеуі мүмкін, ал жаңалықтар уақытқа тәуелді. Кешегі жаңалықтың ешкімге де қажеті жоқ. Бұған қоса, еріктілер жаңалықты қалай жазуды, қалай ұсынуды біле бермеуі де мүмкін. Сондықтан Викижаңалықтар сайтында күн сайын жаңару болмайды. Жеделдік туралы сөз қозғау тіпті артық. Жобаның американдық нұсқасындағы жағдай да осы шамалас.

Бәлкім, Джимми Уэльстің «Викижаңалықтарда» жіберген қателігіне жол бермеу үшін жаңа ресурсқа тек қана кәсіби мамандарды тарту керек шығар.

Ұжымдық сана және «Википедия» интернет-фейктерге қарсы

 

Құрғақ қиял

Wikitribune жобасының анонсы құрғақ қиял, бос сөз болып көрінетіні рас. Уэльс тексерілген ақпаратты ғана жариялайтын жобаны жолға қояды, ал анық емес тұстары «Википедиядағыдай» түзелетін болады. Алайда, барлығы жоба авторының ойлағанындай бола ма?

«Википедиядағы» жағымсыз жайттың бірі ретінде түзету алаңындағы майданды айтсақ болады. Мұның жарқын мысалы ретінде Анна Ярославнамен байланысты жайтты және Владимир Путиннің сөзін айтуға болады: мақалада Аннаның туған жері «Киев Русі» дегеннен жай ғана «Русь» деп өзгертілген. Аты-жөні «Анна Киевская» дегеннен «Анна Русская» болып өзгерген. Бұл өзгертулердің бір парасы ғана, ал материалға жалпы саны елуге жуық өзгерту енгізілген.

Wikitribune сияқты идеяны басқа журналистік жобалар да жүзеге асыруға талпыныс жасаған.

Мәселен, De Correspondent голландтық жаңалықтар ресурсы 2013 жылы журналистік ортадағы ірі қауымдастықтардың бірінен краудфандинг науқанының нәтижесінде 1 миллион еуро көлемінде инвестиция алған болатын. Ең қызығы, демеушілердің көпшілігі басылымның жазылушысы болған.

Тағы бір қызықты жайт: Matter американдық медиа акселераторы фейк жаңалықтармен күресетін стартаптарға қолдау білдіретін бағдарлама туралы жариялаған болатын.

Wikitribune және жарқын болашақ

Уэльс өз жобасын «адамдардың адамдарға арналған жаңалығы» (news by the people and for the people) деп атап отыр. Сондай-ақ, тарихта алғаш рет кәсіби журналистер мен азаматтық журналистер ортақ мақсат үшін бірлесе тірлік етеді деп сенеді.

Егер Wikitribune жобаға қатысушылардың бұра тартпау мәселесін шешетін болса және авторлар мен ұжымдық жауапкершілік туралы нақты ережелерді бекітетін болса, Wikitribune бірегей журналистік жоба болары сөзсіз.

Wikitribune барлық қауіп-қатер және этикалық мәселелерді айналып өте ала ма, жоқ па, ол басқа мәселе. Дегенмен, қалай болғанда да, бұл аса тартымды эксперимент болары сөзсіз. Сондай-ақ, көптеген медиаменеджерлер мен эксперттердің мінбері болары анық.

 

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz