Үштөбедегі әкім сайлауында “өшірілетін сия” қолданылды ма? Бірге талдайық…

Әлеуметтік желілерде Үштөбе қаласындағы әкім сайлауында “сиясы өшірілетін қалам” пайдаланылғаны туралы видео тарады. Нақтырақ айтсақ, бейне авторы қаламмен параққа жазып, үстіне оттық тақайтыны, сол сәтте қалам сиясы өшетіні анық көрінеді.

https://www.instagram.com/tv/Ces2LKJPI7s/?hl=ru
Әлеуметтік желіде тараған видео

Көп ұзамай мәселеге аудан әкімдігі араласып, бұған “видео арандату және хайп мақсатында түсірілген<…> видео авторы аталған қаламды өзімен әдейі алып келген болуы мүмкін” деген пікір білдірді (архивтелген нұсқасы).

Үштөбедегі әкім сайлауында "өшірілетін сия" қолданылды ма? Бірге талдайық...

Оқырман өтініші бойынша, Factcheck.kz видеоны талдады.

Қысқаша қорытынды

  • Видео түпнұсқалығын әкімдік терістемеген. Осыны және видео талдауын негізге ала отырып, бейне расымен Үштөбе қаласындағы сайлау уақытында түсірілген деуге болады. Біз видеоны арнайы сервистер арқылы іздеу кезінде, оның бұған дейін жарияланбағанын анықтадық.
  • Әкімдік мәлімдемесі, кем дегенде, күмәнді. Администрация автордың қаламды өзімен бірге алып келгенін және ол басқа да көк қаламға ұқсас екенін жазады. Алайда, видеодан дәл сондай (жай ғана ұқсас емес) қаламды сайлау учаскісіндегі кем дегенде бір қызметкер қолданатыны байқалады. Қаламның өзін зерделеген соң, оның шынымен “сиясы өшірілетіні” анықталды. Мұндай қаламдар Amazon мен Aliexpress интернет-дүкендерінде сатылымда бар.

Толығырақ

Видеоның 14-секундында қалам сыртындағы “Momole Remove By Friction” деген жазуды анық байқауға болады.

Үштөбедегі әкім сайлауында "өшірілетін сия" қолданылды ма? Бірге талдайық...
Видеоның скриншоты [тайм-код: 14-секунд]

Интернетке аталған тіркесті жазса, дәл осы қаламдардың жарнамасы шығады және олардың “сиясының өшірілетіні” жазылған.

Үштөбедегі әкім сайлауында "өшірілетін сия" қолданылды ма? Бірге талдайық...
Amazon сайтында сатылымда тұрған қалам

Видеоның 1:08 минутында автор басқа бөлмеге кіреді және сол жерде отырған қызметкердің үстелінде жоғарыда айтылған қаламға ұқсас тағы бір қалам байқалады.

Үштөбедегі әкім сайлауында "өшірілетін сия" қолданылды ма? Бірге талдайық...

Қызметкер екі қаламды тартпаға тығуға тырысқанда, қаламдардың жай ғана ұқсамайтыны, олардың бірдей екені көрінеді.

Үштөбедегі әкім сайлауында "өшірілетін сия" қолданылды ма? Бірге талдайық...
Видеоның скриншоты [тайм-код: 1:15]

Қорытынды

  • Видео Үштөбе қаласындағы әкім сайлауында сиясы өшетін қалам пайдаланылған деп тұжырымдауға негіз бар екенін көрсетеді. Мұндай практика басқа елдерде де тіркелген.
  • Қаратал ауданының әкімдігі 2022 жылдың мамырында бірнеше рет кеңсе тауарларын сатып алған (мында да бар), оның ішінде қаламдар да бар. Алайда техникалық ерекшелігінде олардың қандай маркада болғаны туралы анық-қанығы жазылмаған.
  • Aliexpress интернет-дүкенінде дәл осындай маркалы қаламдар сатылып жатыр. Ал YouTube платформасында басқа да қаламдар сиясын шаш кептіргіштің ыстық желімен (фен) өшірілетіні туралы видеоларды табуға болады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz