Ұлыбританияда азық-түлікті талонмен беріп жатқаны рас па?

2 қарашада Мәжіліс депутаты Андрей Линник Азаттық радиосының журналисіне Ұлыбританиядағы жағдай туралы айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ұлыбританияда азық-түлікті талонмен беріп жатыр. Әлеуметтік желіде жиі талқыланған материалды тексеріп, түсіндіріп, оқырман назарына ұсынамыз.

Тайм код: 00:35 – 00:42

Бүкіл әлемде солай. Жаңалықты қараңыз. Ұлыбританияда (азық-түлікті – ред.) талонмен беріп жатыр.

Үкім: Манипуляция

Ресми ақпарат көзінде азық-түліктің талонмен беріліп жатқаны жайлы ресми дерек жоқ. Тек бензин сатып алуға шектеу бар. Бұған дейін талон енгізу туралы ұсыныс болғанымен, әлі енгізілмеген. Азық-түлік картасы туралы Ресейде талқыланып жатыр. Депутат осы дерекке сүйеніп, айтуы мүмкін. Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасының 8 қазанда жариялаған дерегі бойынша (сауалнамаға 3326 адам қатысқан), 22 қыркүйек пен 3 қазан аралығында ересек әрбір алтыншы адамның біріне жуығы негізгі азық-түлік өнімдерін сатып ала алмаған. Сонымен қатар, әрбір төртінші адамның 1-ге жуығы басқа да аса маңызды емес азық-түлікті сатып ала алмады. Алайда әрбір он адамның алтауы өзіне керек азық-түлікті супермаркет немесе дүкеннен сатып алуға мүмкіндігі болған.

Талон туралы ақпарат қайдан шықты?

2020 жылы желтоқсанда Kommersant.ru сайтында Ұлыбританиядағы азық-түлік тапшылығы жайлы материал жарияланған. Материалда әлеуметтік желі қолданушылары елде азық-түлікті алу үшін талон енгізуге шақырғаны жайлы айтқан. Сонымен қатар, 2020 жылы наурызда media.az сайты “сарапшы” сөзіне сілтеп, екі апта ішінде Ұлыбританияда азық-түлікті алу үшін талон енгізілуі мүмкін деп жазған. Reuters сайтының дерегінше, биыл қыркүйекте тек жанармай құю станцияларының операторы британдық EG Group (бір адамға 30 фунт стерлинг) бензин сатып алуға лимит енгізген. Сонымен қатар, туиттер желісінде де азық-түлік алу үшін талон енгізілгені жазылған.

Ұлыбританияда азық-түлік тапшылығына не түрткі болған?

Ұлыбританияда азық-түлікті талонмен беріп жатқаны рас па?
Фото: Reutersү Ұлыбританиядағы супермаркеттің біріндегі көрініс.

BBC және The Guardian сайтының жазуынша, жүк көлігін жүргізуші жетіспеуінен супермаркеттерде азық-түлік тапшылығы болып жатыр. Quality Street, Aero және KitKat шоколадын өндіруші Nestle компаниясының хабарлауынша, Ұлыбританияда ауыр жүк көлігін жүргізушілерінің тапшылығына байланысты тауар жеткізуден проблема туындап жатыр.

Ұлыбританияда азық-түлікті талонмен беріп жатқаны рас па?
Фото: Reuters, Питер Чиборра.

Сүт өндіретін Швейцарияның трансұлттық компаниясы да осы жағдайға байланысты қазіргі уақытта зардап шеккен. Сонымен қатар, Ұлыбританияның барлық ірі супермаркеттеріне сүт жеткізетін Arla компаниясы жүк көлігінің жүргізушілері азайғасын тауар жеткізуді қысқартуға мәжбүр болған.

Сонымен қатар, Азық-түлік және сусындар федерациясының басшысы Ян Райт (Ian Wright) азық-түлік жеткізуге байланысты Ұлыбританияда әлі де проблема тудыратынын айтты. Бұған қоса 11 қарашада Азық-түлік және сусын федерациясының сайтында Ұлыбритания үкіметіне қазіргі жағдайдан қалай шығуға болатыны жайлы 10 қадамды көрсеткен.

Жүргізушілер неге азайды?

BBC сайтының жазуынша, Ұлыбритания билігі “мұнай өндіретін зауыттардан жанармай станциясына бензин жеткізу проблемасы болды” деп сендірген. Кейін жүргізушілер саны азайып, супермаркеттерге тауар жеткізу азайған.

Жүк тасымалдаумен айналысатын Freight UK ұйымының бағалауы бойынша, қазір Ұлыбританияда 90 мың жүк көлігінің жүргізушісі жетіспейді. Олардың азаюына: зейнетке шығу, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы, жүргізушілердің кірістеріне салық салу жүйесінің өзгеруі, Covid-19 пандемиясы және жалақы деңгейінің қиын жұмыс жағдайына сәйкес келмеуі себеп болған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz