Үлкен қалаларды не күтіп тұр?

Үлкен қалаларды не күтіп тұр?

COVID-19 мегаполистердің түбіне жетті деуге бола ма? Пандемия 2020 жылға дейін ғаламдық экономиканың орталығы болған қалаларды эпидемияның ошағына айналдырып, олардың болашағын беймәлім күйде қалдырып, жаһандану формасын өзгертіп жатқаны сөзсіз. Сондай-ақ дағдарыс мегаполистердің қордаланып қалған мәселелерін ашып көрсетіп, қалаларда бұрыннан жүріп жатқан процестерді жылдамдатып отыр.

Осы ғасырдың басында Лондон, Нью-Йорк және Гонконг сияқты қалалар ақша, адамдар мен идеялардың ғаламдық ағыны тоғысқан орталыққа айналды. Олар қаржы орталығы ғана емес, мәдени метрополия, банкирлердің байлығы мен қамқорлығына тәуелді шығармашылық ордасы атанды. Мұнда өзін және әлемді өзгерткісі келген кәсіпкерлер мен новаторлар жиналды.

Бірақ мегаполистерге әртүрлі дағдылары бар қаншама басқа қызметкер де керек. Осыдан үлкен қалаларға сәттілік қуып, балалары үшін жаңа мүмкіндіктер іздеген мигранттар да ағылды. Олардың көбі креативті элита өкілдерінің қатарына қосылуды армандады. Көп ұзамай гүлденген ғаламдық қалалар темір балқытатын үлкен пешке айналды.

Бұл ішкі аудандармен жаңа қайшылықтар туғызды. Қаланың шетінде немесе ауылдық елдімекендерде тұратын адамдар қала өмірін қолжетімсіз көріп, одан бас тарта бастады.

Брекситтің артында тұрған халықтық мобилизацияға бір жағынан сайлаушылардың көпмәдениетті, бай Лондонға деген наразылығы да әсер етті. Олар «Лондон біздің еңбегіміздің арқасында жетістікке жетті» деп есептеді. Тіпті жоғары орта тапқа жататын мамандар да Лондонда өмір сүруге жағдайы жетпейтінін айтып шағынды.

Дәл осылай АҚШ президенті Дональд Трамптың оңтүстік, оңтүстік-батыс және орталық батыстағы жақтастары өздерін Сан-Франциско мен Нью-Йорк тұрғындарынан бөліп қарайды. «Американы қайтадан ұлы етейік» ұраны жағалауға жақын орналасқан байларды орнынан алып тастау дегенді білдіреді. Сондай-ақ Гонконг пен құрлықтағы Қытайдың арасында жасалған «бір мемлекет, екі жүйе» келісімінен кейін 1997 жылдан бері жалғасып келе жатқан мәдениеттер қақтығысы басталатыны белгілі еді.

Аталған жағдайлардың әрқайсысында мегаполистердегі жылжымайтын мүлік бағасының қолжетімсіздігі әлеуметтік жағдайды артқа тартып келді. Сапалы тұрғын үйге әлемдік элита өкілдері ғана қол жеткізе алады. Қалған тұрғындар халық тығыз орналасқан аудандарда  немесе қала орталығынан алыс жерлерде тұрады. Көбіне уақытша немесе маусымдық жұмыс істейтін азаматтардың тұрғылықты баспанасы болмайды. Күн санап өршіп келе жатқан баспанасыздық эпидемиясы пандемиядан әлдеқайда бұрын басталған. Көп адам алыс жерге жету үшін дұрыс ойластырылмаған және сенімсіз қоғамдық көліктерді пайдалануға мәжбүр. Жоғары сынып оқушылары мен университет студенттері арасында да тұрғын үй тапшылығы бар.

COVID-19 пандемиясы кезінде вирус жұқтырып алу қаупі мен байлардың жаппай көшуі қатар келді. Жоғары табысы бар аудандардағы жергілікті экономика құлады. Денсаулық сақтау, қоғамдық көлік және көтерме сауда бағыттарында жұмыс істейтін қызмет көрсету саласының мамандары инфекция жұқтыру қаупіне ілігіп, табысын шығындауға мәжбүр болды. Осылай пандемия әлеуметтік текетірестің жаңа түрін әкелді.

Керісінше, ақыл-ой еңбегімен жұмыс істейтін мамандар қашықтан жұмыс істеуге көшіп, үйден тапсырыс беріп, адамдармен араласу мүмкіндігінен басқа ештеңеден қол үзген жоқ. Қашықтан жұмыс істейтін мамандар мен инфекциямен күресте алдыңғы қатарда жүрген қызметкерлер арасындағы бөлініс көбі бұрыннан көз жұмып қарап келе жатқан таптық ерекшеліктерді ашып көрсетті.

Вирус эпидемияға дейінгі өмір сүру деңгейі қымбат мегаполистерге балама іздеуге итермеледі. Ақыл-ой еңбегімен жұмыс істейтін қызметкерлерге технологияның көмегімен қашықтан жұмыс істеу жеңіл әрі тартымды көріне бастады. Бұл оларды күнделікті жұмысқа баруға және қалада өмір сүруге кететін шығындардан босатты. Неге әркім өзі қалаған жерде өмір сүріп, жұмыс істемеске?

Әрине, қауіпті, халық тығыз қоныстанған қалаларға деген жеккөрініштің болуы жаңалық емес. Он төртінші ғасырдың ортасында Еуразияда болған суыр обасы кезінде де адамдар қаладан осылай қашқан. Бокаччоның еңбектеріндегі өз қалауына ерік беріп, Фьезоле төбесіне қашып құтылған флоренциялық жас аристократтар туралы оқу арқылы өткен мен бүгіннің арасын байланыстыруға болады. Оба Флоренцияда қарапайым жұмысшыларды қаланың элитасына қарсы қойып, таптық қақтығыстарды күшейтті.

Бүгінде Венеция қаласы мегаполистердің құлауына жарқын мысал бола алады. Қазіргі дағдарысқа дейін Италия мен Еуропа саясаткерлері суға батып бара жатқан қаланы реформалардың жетіспеушілігін айқын сипаттайтын аллегория ретінде қарастыратын. Томас Манның «Венециядағы өлім» повесіне арқау болған қала жалпыға ортақ қиындықты көрсетіп келді. Он алтыншы ғасырдың соңында гүлденудің шырқау шегіне жеткеннен кейін Венеция сауда бағыттарының ауысуынан, әлдеқайда кедей, бірақ қарқынды өсіп келе жатқан қалалар тарапынан туған бәсеке мен әртүрлі аурулардың кесірінен құлдырай бастады.

Соған қарамастан, Венеция пандемиядан кейінгі мегаполистерге де үлгі бола алады. Заманауи экономика тарихшыларының сөзіне сенсек, қала тарихы он жетінші ғасырдағы өндірістік және коммерциялық коллапстың тарихынан ғана тұрмайды. Венецияның ең танымал тауарларының өндірісі ішкі аудандарға, Тревизо, Виченцо сияқты шағын қалаларға көшіп, Венециан республикасы өзіне іргелес территориялармен жаңа саяси қарым-қатынас құра бастады.

Бүгінде осыған дейін болған саяси кикілжіңдер пандемияға қарсы жалпы күреске әсер етті. Ғаламдық қалалар бұрыннан вирустың алдында қауқарсыз болып келген, сондықтан пандемия басталғанда қала билігі мен ұлт көшбасшылары бірін-бірі кінәлауға көшті. Лондон мэрі Садық Хан Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсонның стратегиясын жиі сынаумен болды. Нью-Йорк қаласының мэрі Нью-Йорк губернаторы және өзінің ел басқаруда жіберген қателіктерін жасыру үшін қалалардағы дағдарысты пайдаланған Трамппен үшжақты күрес жүргізіп жатыр. Гонконгта Қытай вирус қаупін пайдаланып, территориядағы билігін нығайту үшін қауіпсіздік туралы жаңа радикалды заң қабылдады.

Көбіне технократиялық жаһанданумен байланысты мәселелердің ең жақсы шешімі шынайы демократияны жандандыру деп саналады. Бірақ демократия тартымды көрінуі үшін демократиялық үкіметтер вируспен ғана емес, халықтың наразылығына себеп болған кедейлік және баспананың қолжетімсіздігі сияқты мәселелермен де күресуі керек. Мегаполистерді сауатты басқармаса, оларды тарихта болған ірі қалалардың тағдыры күтіп тұр. Лондон мен Нью-Йорк өзінше құрдымға кетуі мүмкін. Бірақ бұл жолы ішкі аудандарда қайта өрлеу болмайды.

Харольд Джеймс – Принстон университетінің тарих және халықаралық қатынастар саласы бойынша профессоры және халықаралық басқару саласындағы инновациялар жөніндегі орталықтың аға ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz