Украина Ресей әскерилері туралы фейк-видео түсіргені рас па?

2022 жылғы тамыздың ортасында интернетте Украинада Ресей әскерлерінің бейбіт тұрғындарға жасаған қиянаты туралы фейк-видео түсіріп жатқаны туралы ақпарат және видеоның өзі тарады. Бұл туралы ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев те айтқан. “Проверено” сайты мен Associated Press (AP) фактчекерлері ақпаратты тексеріп, видеоның соғыс туралы жалған ақпарат тарату үшін жасалмағанын анықтаған. 

Видеоның ұзақтығы – 15 секунд. Бейнежазбаның басында экран сыртында ер адамның орысша «Старт!» деп айтқаны естіледі, пәрменнен кейін қарапайым киінген бір топ адам жүгіріп, айғайлай бастайды. Видео соңында «Тоқта!» бұйрығы естіледі. Мұның бәрі өртеніп, мыжылған көліктердің, қираған бес қабатты ғимараттың фонында болған. Бұған қоса кадрда кәсіби құралдары бар түсірілім тобы да жүр. Бейнежазбаның төменгі жағында украин тілінде “Қандай уақыт болса, сондай кино түсіріп жатырмыз. Гостомель, 2022, шексіз ақпан” деп жазылған.

Кейбір интернет қолданушылары түсірілген кадрларға қарап, Украина Ресей армиясының бейбіт тұрғындарға қарсы соғыс қылмыстарын өзі қолдан жасап жатыр деген қорытындыға келген. Мысалы, 12 тамызда тележүргізуші Владимир Соловьев Telegram-арнасында дәл осы видеомен жазба жариялады. Онда автор Гостомельде Киев режимінің «режиссерлері» ресейлік әскерлердің бейбіт тұрғындарға жасаған қиянаты қойылымын түсіріп жатқанын жазған. Ресейдің Ұлыбританиядағы елшілігінің Twitter-дегі ресми парақшасында: “Батыстың медиасы қолдайтын Киевтік үгіт-насихат осылай жасалады. Жай ғана көріңіз. #StopNaziUkraine” делінген. Дәл осыған ұқсас жазба Ресейдің Испаниядағы елшілігінің Twitter парақшасында болған, дегенмен кейін өшірілген.

Видео шынымен Киев облысының Бучанск ауданындағы Гостомель қаласында түсірілген. Ондағы бес қабатты ғимараттың суреті The Associated Press-тің (AP) фотобазасында  және European Pressphoto Agency фотографы Роман Пилипейдің Twitter-інде бар. Бұған қоса “1+1” арнасындағы Гостомель туралы репортаждан да дәл осы ғимаратты көруге болады.    

Сонымен бірге роликте @yarikfors жазуы бар. Фактчекерлер бұл видео авторы Ярослав Форсик-Зарудныйдың Tiktok-тағы парақшасы екенін анықтаған. Ярослав киносаласында қызмет етеді және бұл видеоны ол 8 тамызда жариялаған. Ярослав 9 тамызда, яғни бейнежазба көпшілікке кеңінен тарамас бұрын видео астындағы пікір жазуға арналған жерге Буча, Ирпень, Гостомельдегі реконструкциялар көркем фильм үшін түсіріліп жатқанын жазған.

АР-ке Ярослав видеоның украиналық “Область героів” фильмінің түсірілім алаңында түсірілгенін, өзінің онда кастинг көмекшісі болып жұмыс істейтінін айтқан. Украинаның  мемлекеттік киноагенттігінің мәлімдемесіне сүйенсек, бұл фильм 2022 жылғы 27 шілдеде түсіріле бастаған. Фильмде бес оқиға баяндалады. 30 тамызда шыққан фильмнің бірінші тизерінен сол Tiktok-тағы бес қабатты ғимаратты көруге болады. 

Осылайша, көпшілік ішінде Украинаның Ресей әскерінің қиянаты туралы түсірген фейк-видеосы деп тараған бейнежазба көркем-фильмнің түсірілімі болып шыққан. Мұны кино режиссерлері де, видео авторлары да ешқашан жасырмаған. 

Factcheck.kz