Түрмеде аштық жариялаған “саяси тұтқын” Кенжебек Әбішев ауруханаға түсті

Бірнеше күннен бері түрмеде аштық жариялап жатқан “саяси тұтқын” Кенжебек Әбішев ауруханаға түсті. Бұл туралы оның адвокаты Гүлнара Жуаспаева хабарлағанын Азаттық радиосы жазды.

15 сәуірде Қапшағай қалалық ауруханасының сыртынан Facebook-те тікелей эфирге шыққан адвокат дәрігердің оны қашан тексеретінін күтіп тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, ауруханада карантин болғандықтан ол жаққа ешкімді кіргізбейді.

“Оны кеше түнгі сағат 10-дарда жеткізгенін естідік. Оны Заречныйдағы ЛА-155/14 мекемесінен осы жерге жедел жәрдем көлігімен әкелген. Ол бес күннен бері аштық ұстап отыр. Өлімалды хат жазып, өзінің ерте босату туралы өтінішінің бірнеше рет қанағаттандырылмағанына шағымданған. Оның марапаттары көп, бірде-бір айыппұлы жоқ. Біз дәрігердің шығып, жағдайын айтып беруін күтіп тұрмыз” деді Гүлнара Жуаспаева.

Кенжебек Әбішевті қолдауға аурухана алдына бірқатар бесенділер де жиналған. Қапшағай қалалық ауруханасының дәрігерлері “саяси тұтқын” Кенжебек Әбішевтен жүрек ишемиясы ауруын анықтады.

Контекст

Кенжебек Әбішевтің түрмеде аштық жариялағаны туралы хабар 11 сәуірде тараған. Құқық қорғаушылар оның түрме бастығы мен билікке арнап жазған хатын жариялап, денсаулығына алаңдаушылық білдірген. Хатта Әбішев соттың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін “еш негізсіз” қанағаттандырмағанына шағымданған. Бұған қоса, түрменің қажетті дәрежеде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпей, соның салдарынан жүрек ауруы, тыныс жолы ауруы асқынып кеткенін атап көрсеткен.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz