Тұрғылықты жері бойынша тіркелу міндет пе?

Кейінгі күндері тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу/тіркелуге байланысты халық арасында түрлі алып-қашпа әңгіме тарап жүр. Осыған байланысты ІІМ ресми өкілі 19 қыркүйекте тіркелмегендер үшін айыппұл қарастырылатынын еске салды. Осы орайда Factcheck.kz сайты ел аузында жүрген негізгі мифтерді жинастырып, заң шеңберінде түсіндіруді жөн көрді.

Тіркелкелмесең бірден айыппұл салады.

№1 Миф

Үкім: Манипуляция

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексі, 492-бап 1-тармағына сәйкес, он күннен бір айға дейінгі мерзімде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрса ескерту жасалады. Яғни заң бойынша бір айға жетпеген жағдайда айыппұл салмайды. Ал осы заңның 2-тармағына сай, бір айдан астам мерзімде уақытша тұратын жеріне тіркелмесе 7 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

ІІМ ресми өкілінің мәлімдемесі

Бұл заң жақында пайда болды.

№2 Миф

Үкім: Жалған

Заң 2016 жылы 22 желтоқсанда қабылданып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2017 жылдың 7 қаңтарында толықтай күшіне енген болатын. Содан бері бұл заң қолданыста.

Бұл заңның студенттерге қатысы жоқ.

№3 Миф

Үкім: Жалған

Бұл заң ҚР азаматтарының барлығына қатысты, ал ҚР ІІМ ресми өкілінің айтуынша, студенттер оқу орнына тіркелу керек.

Жалға берушілерге қатысы жоқ.

№4 Миф

Үкім: Жалған

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексі, 493-бап 5-тармағына сәйкес, меншік иесінің тұрғын үй қарамағында уақытша тұрып жатқан жеке тұлғалардың тіркеусіз тұруына жол беруі – жеке тұлғалар үшін 10 АЕК, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 15 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Яғни жалға беруші үйіндегі уақытша тұрып жатқан барлық адамды тіркеуге міндетті.

Белгілі бір уақытқа барса не қонақта болса тіркелу керек емес.

№5 Миф

Үкім: Шындық

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексі, 492 бабындағы ескертпе бойынша, ҚР азаматы уақытша тұратын жерінде бір айға дейінгі мерзімде тұрса оларға бұл заң қолданылмайды.

Заңдағы қарама-қайшылық

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексі 492-бабы, 1-тармағы мен ескертпеде қарама-қайшылық байқалады. Мысалы 1-тармақта “он күннен бір ай ішінде тіркелу міндетті” десе, ескертпеде “бір айға дейінгі уақытта уақытша тұратындарға қолданылмайды” деп тұр. Бұған қатысты заңгер Марина Абжанова былай дейді:

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 492-бабындағы ескертпеде бір айға дейінгі уақытша тұратын тұрғындарға айыппұл салынбайды, яғни азаматтар ҚР аумағында бір айға дейінгі уақытта туысқандар не басқа бір жерге барса уақытша тіркеу талап етілмейді. ҚР “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңының 2-бабында “уақытша тұрғын” түсінігі былай жазылған: жалдаушы олардан тұрғынжайды пайдаланғаны үшін ақы алмай, тұрғынжайда уақытша тұру құқығын берген азаматтар. Яғни осы түсінік бойынша бір айға дейінгі уақытта азаматтар ары-бері жүре алады. Ал уақытша тіркеу тұрақты не тұрақтап қалған, белгілі бір мақсатпен келіп, үй жалдап тұратын азаматтар үшін ғана міндетті.

Марина Абжанова, заңгер

Түйін

  • Кез келген адам тұрғылықты жерінен басқа жерге уақытша қоныс аударатын болса сол мекенжайға тіркелу міндетті (Бұған 30 күнге дейін қонаққа бару кірмейді);
  • Бір айға дейінгі уақытта тұратын болса тіркелу міндетті емес;
  • Егер біраз уақыт тұруға жоспарласаңыз он күн ішінде тіркелу керек, он күннен бір айға дейінгі мерзімде тіркелмесе ескерту, одан әрі 7 АЕК айыппұл салынады;
  • Егер де бір жыл ішінде тәртіпбұзу қайта тіркелсе 13 АЕК айыппұл қарастырылған;
  • Жалға берушілер де үйлерінде уақытша тұрып жатқан тұрғындарды тіркеуге міндетті, тіркемеген жағдайда жеке тұлғаларға 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға 15 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК айыппұл салынады;
  • Егер де тәртіпбұзу бір жыл ішінде қайта тіркелсе жеке тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК айыппұл салынады;

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz