Трамп коронавирус жұқтырды

АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирус жұқтырғанын айтты. Бұған дейін оның көмекшісі Хоуп Хикстен COVID-19 анықталған еді. Трамп бұл туралы Twitter парақшасында жазды.

Бүгін меннен және бірінші ханымнан коронавирус анықталды. Карантинде оқшауланып, емделу процесін бастаймыз. Біз бұдан да бірге өтеміз!

Дональд Трамп

BBC-дің жазуынша, бұған дейін коронавирус жұқтырған Хоуп Хикс Trump Organization ұйымында Трамптың көмекшісі, кейін Ақ үйдің коммуникация бойынша кеңесшісі болып жұмыс жасаған. Сонымен қатар, АҚШ президентіне үміткер Джо Байденмен өткен дебатқа Трамппен бірге барған. Трамп пен Байденнің дебаты аяқталған соң президентпен Миннесотаға бірге ұшты.

Америкалық басылымдардың дерегінше, Джо Байденмен өткен дебатта және одан кейін де АҚШ президентінің командасы қорғаныс маскаларын кимеген.

Әзірше, АҚШ президентінің карантин режимі қалай болатыны белгісіз. Америкалық жұқпалы ауруларды бақылау және алдын-алу орталығының нұсқауларына сәйкес 14 күн карантинге жатқызылып, билік өкілдеріне кімдермен байланыста болғанын айтуы керек.

АҚШ әлемде коронавирус жұқтыру бойынша бірінші орында — 7 млн 494 мың. Сонымен қатар, вирустан 200 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz