Томирис туралы не білеміз?

«Томирис» фильмі жарыққа шықты. Ақпарат құралдары картинаның басты роліне іріктеуге 1500 адам қатысқанын хабарлады. Сақ-массагеттердің аты аңызға айналған ханшайымы туралы не білеміз? Топтамамызда кең таралған бірнеше нарративті талдадық.

Томирис пен Кир

Тұжырым: Сақ-массагеттердің ханшайымы ұлының өлімі үшін кек қайтармақ болып, өзінен жеңілген парсы патшасы Кирдің басын қан толтырылған меске салады да, «Шайқаста тірі қалып, жеңіп шықтым десем де, сен ұлымды аярлықпен өлтіріп, қайғыға салдың, енді берген сертімді орындап, басыңды қанға бөктіремін» (Геродот. История. Книга I «Клио») немесе «…Қан аңсаған екенсің, парсы патшасы, енді шөлің қанғанша іш!» (Болат Жандарбеков. «Томирис») дейді.

Үкім: Үкімі жоқ

Геродоттікінен басқа да нұсқалар бар. Мысалы, парсы патшасы Артаксеркс Мнемонның дәрігері болған антик тарихшысы Ктезийдің пікірінше, ІІ Кир (Құрыш) дербиктермен соғыста жараланып, үш күннен соң қайтыс болған. «Дербиктер (үнділермен бірге) пілдермен торуылға алып, Кирдің атты әскерін қашырып жібереді. Кир аттан құлаған кезде үнділердің бірі оның жамбас тұсына найза сұғып, ол сол жарақатынан қайтыс болды». Вавилон тарихшысы Берос болса, Кир дахтармен (сақ тайпаларының бірі) шайқаста қаза тапты деген. Оның өз өлімімен өлгені туралы нұсқалар да бар. Патшаның Пасаргадта, өз әулеті негізін қалаған империяның астанасында жерленгені көпке белгілі. Моласы бүгінге дейін жеткен.

Томирис туралы не білеміз?
Кир моласы

Ескендір Зұлқарнайынның Кирдің сүйегін көргені де көпке мәлім: Кир моласының талқандалғанын білген Ескендір осы қылмысты жасағаны үшін Пелланың атақты тұрғындарының бірі Поламахты өлтіруді бұйырады. (Плутарх. Сравнительные жизнеописания. Александр.)

Сөйтіп Кир массагеттермен шайқаста қаза тапқан жоқ және сақтар ханшайымы өмірінде Кирдің басына қатысты эпизод болмауы мүмкін деуге қандай да бір негіз бар.

Орта ғасырларда Тұмар Батыста аса танымал болды

Үкім: Шындық

Геродоттың сюжеті ортағасыр суретшілері үшін де…

… кейінгі кезең кескіндемесі үшін де айтарлықтай әсерлі болған сыңайлы (үйреншікті болуы да мүмкін). Питер Пауль Рубенс Тұмарды екі рет – 1620 және 1622 жылдары бейнелеген.

Тұмар мен Кирдің басы туралы хикая сот төрелігінің символы болды, картиналар тапсырыспен салынып, сот залдарына ілінді. Орта ғасырларда Томирис тіпті Ібілісті жеңген Құдай ана Марияның прообразына да айналды. Дереккөз: https://e-history.kz/ru/publications/view/2908

Тұмар – Есік обасынан табылған «алтын адам»

Үкім: Жалған

Есік обасынан табылған «алтын адам» бозбаланікі делінеді. Ол туралы Кемел Ақышев «Курган Иссык. Искусство саков Казахстана» кітабында былай дейді:

Томирис туралы не білеміз?

Бұл кітапта жас жауынгердің бойы шамамен 165 см болғаны туралы ақпарат бар. Археолог қорымнан табылған әшекейлерді, қару-жарақ пен басқа да жәдігерлерді зерттей келе (салыстырмалы анализ) «Есік обасы біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жатады» деген қорытынды жасайды. Одан да кең хронологияны қарастырсақ, қабірлерді біздің дәуірімізге дейінгі VII-IV ғасырларға жатқызуға болады.

Есік обасынан Тұмардың ұлы Спарғап табылған

Үкім: Жалған

Болат Жандарбековтің әйгілі «Томирис» кітабы алғаш рет 1991 жылы басылып шықты.

Спарғаптың жерленуі әсерлі суреттеледі:

Жуылған, салтанатты киім кигізілген Спарғап сүйекке емес, ұйықтап жатқан адамға көбірек ұқсайды. Қапиядағы өлім оның келбетіне сызат түсірмеген еді. Марқұм үстіне мыңдаған алтын айылбас тағылған сауыт, аяғына алтын етік, басына асқан шеберлікпен алтын жебе тағып жасаған дулыға киіп жатты. Мойнына біріне айбарлы жолбарыс, біріне қанатын жайған арыстан басты бүркіт бейнеленген екі алқа тағынған, бұлар – массагеттер мен тиграхаудтардағы патша тұқымының белгілері. Спарғаптың құлағына алтын сымнан жасалған оралма сырға, қолына кең де көлемді күміс білезік тағылған. Белдігінің оң жағына бағалы қынапқа салынған ақинақ, сол жағына жебе салынған қорамсақ пен садақ қыстырылыпты. Аяқ жағына қола қалқан қойылған.

Жазушының осындай суреткерлік талантының арқасында Есік обасынан табылған жауынгер Геродот дерегі бойынша шамамен Аракс өзені маңында б.д.д. 530 жылы қаза тапқан (кей дерек бойынша Аракс – Әмударияның әлдеқашан тартылып қалған бір саласы) әйгілі Спарғапты еске салады, уақыт жағынан (Есік қорымына қатысты айтылатын б.д.д. VII ғасырдан IV ғасырға дейінгі ауқымды хронология шеңберінде қарасақ, әрине) бәрі сәйкес келіп тұр, соғыс жағдайында оны шайқас даласынан алыс емес маңға жерледі деп топшылауға да болады.

Тұмардың ана тілі иран тілдері тобына жатады

Үкім: Үкімі жоқ

Көпшілік мақұлдаған нұсқа бойынша сақтар көне иран тілінде (осы солтүстік иран тілдері тобына авеста, көне парсы, мидия, соғды, хорезм, бактрия, пехлеви және тағы басқа тілдер жатады) сөйлеген көшпелі халықтың өкілі болғанымен сақтар көне түркі тілінде сөйлеген деген де нұсқа бар, айталық, Мұрат Әжі солай деген. Кемел Ақышев Есік обасынан табылған тостағанға көне түркінің рунасымен жазу жазылғанын айтқан түркологтардың пікірін келтіреді, бірақ ол тостаған сақтардың соғыста олжалаған заты болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Тұмар – жартылай тарихи, жартылай аңыз тұлға

Үкім: Шындық

Томирис туралы фильмнің кеңесшісі, белгілі тарихшы Алмас Ордабаев былай дейді:

Өкінішке қарай, Тұмарға қатысты Кирді жеңгені туралы Геродот жазғаннан басқа мәлімет жоқ.

ІІ Кирмен соғыс контексінде Томиристі гот тарихшысы Иордан (б.д. VI ғасыр) да айтады, мына жердегі X бөлімде тарихшы оны «Готия патшайымы» (Tomyris, Queen of the Getae) деп атайды. Дегенмен Иордан да басқа авторлар сияқты (мысалы, Страбон) Қазақстан тарихы мен ел азаматтарының сана-сезіміне баға жетпес үлес қосқан Геродот мәліметіне сүйенген болуы мүмкін.

Қазақ тіліне аударған: Болатбек Мұхтаров

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz