«Тоқпен ұру, азаптау»: HRW ұйымы Ресейдің фильтрация лагері туралы

HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы Украинаның басып алынған аумақтарындағы ресейлік “фильтрация” лагерьлері туралы баяндама жариялады. Ұйым оны дайындау үшін 117 куәгермен сұхбаттасқан. Бұл туралы Deutsche Welle ақпарат агенттігі хабарлады.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының бұл құжаты «Бізде таңдау болмады. Фильтрация және әскери қылмыстар, украина азаматтарын Ресейге мәжбүрлеп қоныс аударту» деп аталады. Онда Украинаның Ресей басып алған аймақтарындағы “Фильтрация” деп аталатын лагерьлердегі заңсыздық пен халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуы туралы жазылған.

Ұйым қызметкерлері кәугерлермен 22 наурыз бен 28 маусым аралығында жеке кездесіп те, телефон арқылы да сұхбат жүргізген. Оның көпшілігі ресейлік қауіпсіздік қызметі мен Украинаның шығысындағы сепаратистер ұйымдастырған «фильтрация» деп аталатын процестен өтуге мәжбүр болған.

Құжаттағы ақпаратқа сәйкес, Ресей әскері Мариупольді басып алған соң соғыстан қашқан мыңдаған адамды бірнеше уақыттан бері қамауға алған, оның кейбірі әлі күнге дейін тергеу үстінде. Авторлардың сөзінше, ресейліктер мұндай іс-әрекетке босқындар арасындағы Украина қарулы күштер әскери қызметкерлерін не оларға қатысы бар адамдарды әшкерелеу үшін істеп отыр.

Сонымен бірге куәгерлер фильтрлеу кезінде ресейлік барлау қызметкерлері босқындарды фотосуретке түсіріп, саусақ ізі сияқты биометрия деректерін жинағанын айтқан. Босқындардың смартфонынан барлық жеке дерегін, хабарамаларын көшірген, әлеуметтік желідегі жазбалары мен пікірлерін тексерген. Құқық қорғау ұйымы баяндамадағы бұл ақпараттардың шынайы екеніне бірін-бірі мүлдем танымайтын және депортациялау кезінде кездеспеген куәгерлердің фильтрлеу лагері мен оның процесі туралы ұқсас ақпарат беруі дәлел екенін айтқан.

Ресейде болған босқынның бір бөлігі кейін Норвегия, Германия және басқа да батыс елдеріне көшкен. Ал Мариупольдегі ұрыс кезінде сұхбатқа қатысқан 78 куәгер ресейлік блокбекеттерден әрең өтіп, Ресей әскері басып алмаған Запорожье облысының аумағына қашқан. Дегенмен оның көбі облыс аумағына кіре алмаған.

Америкалық сарапшылар HRW баяндамасы және Йель университетінің Ресей лагеріне қатысты жүргізген анализіне сүйеніп, Ресейде кем дегенде 21 фильтрлеу лагері бар дейді. Олар оны төрт категорияға бөлді: тіркелу орны, босқындардың фильтрлеу кезінде тұруға мәжбүр орны, тергеу орны және тұтқынға алынға украиндықтар тұратын лагерь. Ол жерден шыға алған кейбір куәгер лагерьде электр тоғымен ұру, физикалық зорлық-зомбылық және азаптау болғанын жеткізген.

Дегенмен мұндай қамауға түскен украиндықтар туралы нақты ақпарат жоқ. Із-түссіз жоғалғандарды іздеу жөніндегі халықаралық комиссияның мәліметінше, Украина полициясы ел бойынша 32 мыңға жуық із-түссіз жоғалған адамды тіркеген, оның 14 500-і бүгінге дейін табылмаған. Елде соғыс жүріп жатқандықтан олардың нақты саны әлдеқайда көп болуы ықтимал.

Factcheck.kz