Тоқаевтың Түркітілдес елдер кеңесінде айтқан сөзіне фактчек

12 қарашада Ыстамбұл қаласының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізіндегі Демократия және бостандық аралында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитінде сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше дерек айтқан. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың сөзінің толық нұсқасын әлеуметтік желіде жариялады. Factcheck.kz келітірлген деректердің қаншалықты шын екенін тексерді.

Мәлімдеме: Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Биыл Энергетика министрлігі 2020 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздеріндегі «электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі 3 пайыздық үлесі толық орындалды» деп хабарлаған. 2016 жылы бұл көрсеткіш бар-жоғы 1% болған.

Мәлімдеме: Біз бидай егіп, ұн өндіретін ең ірі он елдің санатына кіреміз. Жыл сайын сыртқы нарыққа 7 миллион тоннаға дейін бидай шығарамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев (бұл тезис ресми жарияланымда жоқ, алайда Берік Уәлидің парақшасында бар)

Үкім: Манипуляция

Statista-ның 2016/2017-2020/2021 жылдар аралығындағы дерегіне сай, бидай өндіру бойынша Қазақстан алғашқы ондыққа кірмейді. Алғашқы үштікте Еуроодақ, Қытай, Үндістан тұр; Қазақстан 13-орында.

Тоқаевтың Түркітілдес елдер кеңесінде айтқан сөзіне фактчек

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, кейінгі 5 жылдағы бидай экспорты да 7 миллион тоннаға жетпеген. Көрсеткішті төменнен қараңыз:

Алайда, егер бидай ғана емес, сонымен қатар ұн мен бидай өнімдерінің экспортын ескерсек, онда біз алғашқы ондыққа кіреміз деуге болады. Бірақ өндіріс емес, осы тауарлардың экспорты бойынша.

Тоқаевтың Түркітілдес елдер кеңесінде айтқан сөзіне фактчек

Мәлімдеме:10 жылда дүние жүзіндегі жасыл облигациялардың көлемі 20 есе өсіп, 2 триллион долларға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Жасыл облигациялар көлемі расымен-ақ кейінгі жылдары тез өсіп келеді. Дүниежүзілік банк дерегіне сай, бұл көрсеткіш 2010 жылы нарықта 4 млрд доллар көлемінде болған. Соңғы жылдары бұл нарық сарапшылардың бағалауы бойынша 20 есе, соңғы екі жылда екі есе өскен.

Егер 2 трлн доллар туралы айтсақ, онда мәлімдемені нақтылау қажет: Climate Bonds Initiative дерегіне сай, Тоқаев мәлімдеме жасаған кезде жасыл облигациялардың кумулятив көлемі 1,486 трлн доллар болған. Егер сіз осы сомаға әлеуметтік және тұрақты даму облигацияларын қоссаңыз, 2 трлн доллар шығады. Бұл туралы 2021 жылдың жазында Халықаралық қаржы конгресі аясында Ресей Банкінің корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Елена Курицына айтқан.

Мәлімдеме: Қазақстан да тұрақты облигациялар нарығын дамытуды қолға алды. Биыл оның жалпы құны 100 миллион доллардан асты.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

«Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) дерегіне сай, Еуразиялық Даму Банкі жаңартылатын энергетика саласындағы жасыл жобаларды қаржыландырып, АХҚО биржасында 100 млн доллары сомасындағы дебюттік облигацияны орналастырған.

Мәлімдеме: Қазақстанда ақылды қала жүйесі енгізіліп, бірқатар жоба табысты жүзеге асырылуда. Соның арқасында жол-көлік оқиғалары мен апат салдарынан болатын өлім-жітім 60 пайызға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 70 пайызға кеміді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Манипуляция және жалған

Несі манипуляция: «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінің біріне жататын «Ақылды» қалалар жобасы 2018 жылдан бері іске асырылып жатыр. 2018 жылы қоғамдық орында жасалған 105 596 қылмыс тіркелсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 44 195-ке түскен (яғни 58,15%-ке төмендеген). Оң өзгеріс байқалса да, 70% деп айту — асыра сілтеу. «Ақылды» қалалар жобасы мен құқық бұзушылық көрсеткішінің төмендеуі арасында байланыс бары сөзсіз. Бірақ мұны жалғыз себеп деп көрсету, әсіресе былтыр шектеу шаралары белсенді жүргізілгенін ескерсек — қате.

Несі жалған: Ал Бас прокуратура дерегіне сай, жол көлік апаты салдарынан қайтыс болған адам саны 2018 жылы 2 096 болып, 2020 жылы 1 997-ге түскен (4,73%). Бірақ Ұлттық статистика бюросының дерегі басқа сандарды көрсетеді (есептеу әдісіндегі өзгешелікке байланысты): жазатайым көлік оқиғаларынан 2018 жылы 2 413, 2020 жылы 2 136 адам қайтыс болған (11,5%). Толыққанды көрсеткішті төменнен қараңыз:

Мәлімдеме: Сондай-ақ, келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын. Оны “Astana Hub” халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сондай-ақ, 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

558 IT-компания Astana Hub резиденті, оның 54–і шетелдік компания екені рас. 2,5 жылды былай қойып, жалпы Astana Hub жұмыс істеп келе жатқан кейінгі 3 жыл қорытындысы келесідей: стартаптар 382 млн доллар пайда тапқан; 111 млн доллар инвестиция, қарыз және гранттар тартқан.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz