Теннисші вакцина алған соң талғаны жайлы видео-фейк тарап жатыр

Әлеуметтік желіде словениялық теннисші Далила Якупович “биыл қаңтарда Australian Open сайысында коронавирусқа қарсы вакцина салдырған соң талып қалды” деген сарында видео тарады. AFP Fact Check видеоның қашан түсірілгенін және коронавирусқа қарсы вакцинамен байланысы бар деген түсінік қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Биыл 17 қаңтарда Аустралияда Facebook қолданушысы Якуповичтің теннис алаңында басын қолымен ұстап отырған видеосын жариялады. Желі пайдаланушысының жазуынша, Якупович “вакцина салдырған соң жағдайы нашарлаған”. Сонымен қатар, видео мәтіні италиян, испан және неміс тілінде тараған.

The Guardian бұл видеоны YouTube желісінде ДДСҰ әлемге пандемия туралы хабарламас бұрын, яғни 2020 жылдың 14 қаңтарында жариялаған. Видео мәтінінде Australian Open турнирінің іріктеу кезеңінде Якупович жөтелдің күшеюіне байланысты сайысқа қатыспайтыны айтылған.

Сол күні Australian Open ресми аккаунтында ауа сапасының нашарлауына байланысты сайыстың тоқтатылғаны хабарланды.

Контекст

  • Видео Аустралия соты әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джоковичтың коронавирусқа қарсы вакцина салдырмағаны үшін Аустралияда қалуына тыйым салған соң тарады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz