Теңге Check: Жазушылар одағының Назарбаевқа қатысты алған тапсырысы мен қаржысы

Жақында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы (ҚЖО) төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек Арманжан Байтасовқа сұхбат берді. Сұхбат барысында Жазушылар одағына мемлекеттен қаржы бөлінбейтінін, тек Үкіметтік емес ұйым ретінде жоба ұсынатыны жайлы айтты. Елгезек мырзаның бұл сөзінен кейін Factcheck.kz Жазушылар одағының Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы алған тапсырыстары қызықтырды.

Порталды қарай келе ҚЖО 2021 жылғы мемлекеттен 6 тапсырыс алғанын анықтадық. Оның бесеуі толық орындалып, ал біреуінің мерзімі әлі аяқталмаған. Толығырақ төменде…

Бізді қызықтырған бір жайт екі университет Жазушылар одағынан 50 жинақ Қазақ әдебиеті газетін екі түрлі бағада алған. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 546 000 теңгеге, ал Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы 572 000 теңгеге келісім шартқа отырған. Яғни, 26 мың теңгеге айырмашылық бар.

Бір қызығы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 100 жинақ газетті 728 мың теңгеге алған. Яғни, үш университет “Қазақ әдебиеті” газетін үш түрлі бағада алған.

Назарбаевтың “тарихи рөлі” туралы қай тапсырыста айтылды?

Жалпы Қазақстан Жазушылар одағына қарасты үш басылым бар — «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» және «Простор» журналдары. 2021 жылғы тапсырыстарды қараған кезде Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жазушылар одағымен Қазақ әдебиеті газетінде позитивті материалдар жариялауға қатысты келісім-шартқа отырған. Қысқаша сипаттамасында негізгі акцент позитивті материалдарға және Назарбаевтың “тарихи рөліне” негізделуі керектігі жазылған. Төменде тапсырыс бойынша жазылған материалдардың тізімі:

Басқарма позитивті материалдарға 6 млн теңге жұмсаған. Сонымен қатар, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “тарихи рөлі” жайлы айтылуы керек екені жазылған.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің табыстары мен жетістіктері туралы түрлі тақырыпта оң имидждік материалдарды жариялау, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы, оның қалыптасуы мен дамуындағы тарихи рөлі туралы материалдар жариялау; Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы айдарлар ашып, республикаға, қалаға танымал ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің өмірі, шығармашылығы туралы әдеби шығармалар топтамасын жариялау, (мемлекеттік тілде).

Шарттың қысқаша сипаттамасы.

Ахметжан Аширидың “Өнегелі өмір философиясы” атты материалына нақты қанша жұмсалғаны белгісіз. Мемлекеттік сатып алу порталында бірнеше материалдың қосынды сомасы көрсетілген. Олардың арасында жоғарыда айтқандай мына материалдар бар: «Махаббатқа қызмет ете алмадым», «Өнегелі өмір философиясы», «Түркілер төрі – Түркістан», «Қала ішіндегі жасыл арман», «Үшінші мегополистің тәжі». Бөлінген қаржы сомасы  — 930 800 теңге. Әр материалдың орташа бағасы — 186 160 теңге.

Автор материал соңында да “Назарбаевтың даналығына таңданумен болдым” деп экс-президентті тағы да мақтады.

Контекст

2016-2021 жылдар аралығында Жазушылар одағы мемлекеттік сатып алу арқылы жалпы 71 келісім-шартқа (65 орындалған және бесеуі әлі орындалып жатыр) отырған.

Материалды жазу барысында ҚР қолданыстағы ашық дерекқорлары мен open-base.newreporter.org деректері қолданылды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz