Темекіні иттерге сынау: Желіде тараған фотоларға қатысты аңыз бен ақиқат

Біздің редакцияға 15 қарашада involta Instagram-паблигі жариялаған ақпаратқа қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Аталған постта екі фотосюжет бар, яғни жоғарғы суретте темекі машинасының, ал төменгісінде маска таққан бигль тұқымдас иттердің фотолары. Бұл екі фото мен посттағы мәтінге сенсек, иттерге темекі түтінін күшпен жұтқызады. Бұдан бөлек, онда темекіні жануарларда қалай сынайтыны туралы жазылған.

Темекіні иттерге сынау: Желіде тараған фотоларға қатысты аңыз бен ақиқат

Аталған фотоларда нақты не бейнеленгенін анықтап, төменгі суретте темекіні жануарлар арқылы сынау процесі түсірілгені қаншалықты рас екенін тексеріп көрейік.

Үкім: Манипуляция

Біз қарастырып отырған фотосюжет әртүрлі уақытта, әртүрлі жерде жасалған кадрлардың манипуляциялық жиынтығы. Оған қоса бұл аударылған мәтін. Суреттерге темекі сынақтары жүргізіліп жатыр дегенге нақты дәлел жоқ. Фотодағы машина темекіні жануарларсыз тексеріп жатыр. Дегенмен бигль тұқымды иттерді түрлі тәжірибеге пайдалатыны рас, ал 1997 жылға дейін олар темекі сынақтары үшін ресми түрде қолданылып келді. Бұл біз кейде назар аудара бермейтін ғылыми білім мен прогрестің кері тұсы. Біз өз материалымызда фотодағы иттер арқылы нені сынап жатқанын зерттеп, суреттің қайда түсірілгенін анықтауға тырыстық. Ол үшін фотоның түпнұсқасын тауып алдық.

Спойлер: Бұл суреттер 2005 жылы ТВ фильм үшін түсірілген. Фильм интернетте жоқ, бірақ ашық деректерді негізге ала отырып, кадрлар ұлыбританиялық Huntingdon Life Sciences зертханасында түсірілген деп болжауға болады. Бұл зертхананың қызметкерлері жануарларға деген қатыгездігі үшін басы бірнеше рет дауға қалған. Негізі, бұл ойдан шығарылып, Instagram-ға жарияланған постқа қарағанда әлдеқайда қайғылы оқиға. Сондықтан назарларыңызға зерттеуіміздің барлық кезеңін ұсынуды жөн санадық.

Тарих: Бигль иттері Instagram-да не істеп жүр?

Бізге дейін бұл тақырыпты Euronews-тегі әріптестер қаузапты. Ағылшын тілді ортада мұндай постты Instagram-нан бөлек, Twitter-де Karmagawa атты қайырымдылық ұйымының қоғамдық қызметі таратқан. Involta жариялаған пост сол Karmagawa хабарламасының қысқартылған аудармасы. Айта кетейік біз осы материалды жазып жатқанда шетелдік пост 2,8 миллионнан астам лайк жинаған.

Karmagawa жариялаған пост та басында адамдарды шатастырады (төмендегі талдауды қараңыз). Алайда бигль иттері арқылы дәрі-дәрмектер мен улы заттарды сынақтан өткізу қазіргі кезге дейін жалғасып келеді. Мәселен Ұлыбританияда 1997 жылға дейін сынақтар үшін бигль иттері мен басқа да жануарларды пайдаланатын. Бірқатар елде мұндай зерттеулерге тыйым салынады, олардың арасында Эстония, Бельгия, Германия бар. Ал АҚШ пен Еуроодақтағы көптеген елде темекіні жануарларға сынақтан өткізу міндетті болмаса да, тыйым салынбаған.

Айта кетейік, тірі үлгілерге жүргізілген зертханалық зерттеу индустрия болып саналады. Яғни жануарларды (оның ішінде бигльдерді де) тәжірибе үшін зауытта өсіреді. Осылайша, тәжірибенің ауқымы постта көрсетілгеннен де кең.

Сондықтан біз осы фотолардың тарихынан бөлек, әртүрлі дәрі-дәрмектердің сынақтарына бигль тұқымдас иттердің қатысуы туралы егжей-тегжейлі тоқталайық.

Ескерту: Төмендегі ұсынылатын кадрлар кейбір адамдар үшін жағымсыз болуы мүмкін. Егер жануарларды қорлаған фотолар сізге қатты әсер етсе, онда оларды қарамай өткізіп жіберуді сұраймыз.

Euronews ресурсы бұл постты талдай отырып, жоғарғы фотода италиялық Yesmoke компаниясының темекі машинасы бейнеленгенін дұрыс тапқан. Машина темекі өнімдерінің сапасын, атап айтқанда оның жану жылдамдығын тексереді. Сондықтан бұл құрылғының жануарларға ешқандай қатысы жоқ. Айтпақшы Karmagawa өкілдері кейін бастапқы мәтінге түзетулер енгізіп, пост Yesmoke компаниясын cruelty free (яғни этикалық) деп өзгертіп, осындай өндірушілерді қолдауға шақырады. Бірақ бұл аудармашыларды мүлдем алаңдатпаған сияқты.

Темекіні иттерге сынау: Желіде тараған фотоларға қатысты аңыз бен ақиқат

Ал Euronews тарапы жіберген қателіктерге келетін болсақ, олар тек бигль иттерінің суретіне тоқталған. Karmagawa постының астындағы @Winsdiarrhea атты қолданушының пікіріне сүйенсек, бұл суреттің дереккөзі Holidog Times болып шығады. Осыдан 4 жыл бұрын сайт Жапонияда пестицидтерді иттерге сынауға тыйым салғаны туралы мақала жариялаған.

Алайда иттерге қатысты фото бұған дейін де шыққан сияқты. TinEye қызметі арқылы іздестіргенде фотосуреттің 2009 жылмен байланысы бар екенін көрсетті.

Темекіні иттерге сынау: Желіде тараған фотоларға қатысты аңыз бен ақиқат

Италиялық Splinder блог-платформасы 2012 жылы жабылып қалды, ал веб-мұрағаттардан шығатын профильдер мен олар сақтаған суреттерді іздеу нәтиже бермеді. Дегенмен біз талдап жатқан посттағы фотода Жапониядағы иттерді пестицидтерді сынау процесі бейнеленбеген деп нақты айта аламыз.

Интернетте бигль тұқымдас иттер фотосының пайда болу тарихы

Біз фотосуреттер қандай да бір деректі фильмнің кадрлары деп болжап көрдік. Қалай болғанда да 2013 жылғы қаңтарда әлеуметтік желіде италиялық жануар қорғаушыларының видеосы жарияланады. Дәл сол жерден бигль иттерді көруге болады. Себебі сол жердің интерьері, бигльдердің түрі мен түтікшелердің түсі бәрі сәйкес келеді:

Human Research Australia-ның 2010 жылғы видеосынан тура сондай интерьердегі фотодағыдан аумайтын иттерді көруге болады.

Сонымен қатар видео авторы фотосурет үшін Жануарларға жүргізілген қатыгез эксперименттерге қарсы халықаралық қауымдастыққа және Ұлттық вивисекцияға қарсы қоғамға алғыс айтады. Бірақ біз олардың ашық мұрағаттарынан мұндай суреттерді таппадық.

Жалпы интернетте бізге белгісіз экспериментке қатысы бар иттерге байланысты 4 кадр жиі кездеседі.

Темекіні иттерге сынау: Желіде тараған фотоларға қатысты аңыз бен ақиқат
Бұл ретте маскадағы нөмір бірінші және екінші фотосуреттерге сәйкес келеді. Твиттерде 2014 жылдан бері қоғамдық зоологиялық қорғауға арналған @LabBeagle1030 лақап атымен паблик тіркелген. Алайда ол 2017 жылдан бері жұмыс істемейді.

Әдетте бұл фотосуреттер бөлек қолданылады. Мысалы 2013 және 2014 жылдары жарияланған материалдарда пайдаланылды (бұл кезде фотосуреттер жануарларға бағытталған темекі сынақтарына арналған еді). Алайда Animalpalnet.co.kr деген кореялық сайттағы былтырғы мақалада (ол да темекі сынақтарына байланысты) барлық 4 фотосурет жарияланды. Онда тіпті олардың авторы SHAC деп көрсетілген. Фотосуреттерге қатысты зерттеу осы тұста мүлдем басқа жағдайлармен толыға бастады.

Фотоны қайдан және қалай таптық

Stop Huntingdon Animal Cruelty (SHAC) дегеніміз – бұл Еуропадағы жануарлардың әртүрлі өнімдерін сынақтан өткізетін ең ірі келісімшарттық зертханасы саналатын Huntingdon Life Sciences (HLS) компаниясын жабуды жақтайтын жануарларды қорғаудың халықаралық қозғалысы. SHAC 1999-2014 жылдары белсенді жұмыс істеді. Қазір сайттары ауысып кетіп, ескісі жұмыс істемей тұр. Сондай-ақ фотосуреттерді іздей қалсаңыз, дереккөз ретінде қазіргі кезде жұмыс істемей тұрған http://www6.shac.net/ сайтын көрсетеді. SHAC авторлығы бар фотосурет ұлыбританиялық анархистік сайтта да жарияланды (мұрағатқа сілтеме). Осылайша біз 1997 және 2005 жылдары түсірілген зертханалық жануарлар туралы екі фильм мен 2005 жылы иттердің суреттері түсіп қалған есептің мәтінін таптық.

2005 жылғы маусымда жарияланған бұл есепте былай деп жазылған: «фотосуреттер Animals телефильміндегі кадрлардан алынған. Фильмнің соңында иттерге ингаляциялық интоксикация көріністері HLS-тің ішінде түсірілмегені айтылады. Олар болды. Біз мұны білеміз, себебі фильм түсіріліп жатқанда ол жақта екі жұмысшы болған. Егер олар оны бағдарламаның соңында қоймаса, HLS түсірілім тобына фильм түсіруге мүмкіндік бермеуші еді. Иттерді өлтіру үшін олар HLS-тің басқа бөлімшелерінен жұмысшылар тартуға мәжбүр болды, өйткені ондағы қызметкерлер халық көретін теледидар алдында бигльдерді өлтіргісі келмеді». Демек, бұл HLS аумағында түсірілген деректі фильмнен алынған кадрлар.

Біз аталмыш фильмді таптық. Оны 2005 жылы режиссер Нил Роулс (Neil Rawles) британиялық Channel 4 үшін түсірген. IMDB мен телеарнаның ресми сайтында фильмнің кадрлары жоқ, бірақ біз YouTube-тағы видеолардың бірінен телеарнаның логотипін анықтай алдық. Арна логотипі бар кадрлар SHAC есебіндегі кадрларға толығымен сәйкес келеді.

Темекіні иттерге сынау: Желіде тараған фотоларға қатысты аңыз бен ақиқат

Animals фильмінің сипаттамасында бірқатар кадр нақты зертханада түсірілгені айтылады. SHAC мәлімдемесі бойынша, бұл – Huntingdon Life Sciences зертханасы. Мұны жанама деректер де растайды. Алайда бұл нақты HLS зертханасы екеніне 100 пайыз ақпарат жоқ, сондықтан біз фильмнің режиссері Нил Роулзға бұл ақпаратты растау немесе жоққа шығару бойынша өтініш жібердік. Біздің осы материал дайындалып жатқан кезде жауап әлі келмеді, дегенмен Роулздың жауабынан кейін мақаламызды толықтыратын боламыз.

Біз зерттеп жатқан Instagram-дағы посттағы иттердің нақты қандай экспериментте қолданылғаны әлі белгісіз. Euronews-ке PETA өкілдері келесідей хабарлаған: «РЕТА темекі түтінін иттерге әдейі жұтқызу бойынша зерттеулер туралы ештеңе білмейді…». Түсірілім тобы зертханаға 2005 жылы жіберілді, ал темекіні иттер арқылы тексеруге тыйым 1997 жылы салынды. Осыны ескерсек, видеода басқа дәрі сияқты, әйтпесе компанияға қатысты дау-дамай болып, әртүрлі айыппұл салынушы еді. Дегенмен басқа препарат болса да, жануарларға көп зиян келтіретіні анық шығар.

Қазір Ұлыбританияда бигль тұқымдас иттер дәрі-дәрмектерді сынақтан өткізу кезінде қолданылады. Бұл заңға қайшы емес, себебі жаңа препараттарды кем дегенде екі түрлі сүтқоректіде тексеру керек. Сондай-ақ жануарлардың бірі ірі болғанымен, кеміргіш болмауы тиіс. Бұдан бөлек 2015 жылдан бастап бұл елде үй тауарларын жануарлар арқылы тексеруге тыйым салынды.

SHAC және HLS компаниясы туралы

SHAC тарихы өте қызық. Көпшілік HLS-ке 1997 жылы назар аударды. Сол кезде ұлыбританиялық теледидарда (сол баяғы Channel 4) зертханадағы жануарларға жасалған қиянатты көрсеткен «Ит өмір» деректі фильмі шығады. Содан кейін компания бірқатар лицензиясынан айырылып қалады да, 1999 жылы SHAC құрылады.

1997 жылғы «Ит өмір» фильмі

Содан кейін белсенділер әртүрлі, соның ішінде этикалық емес және тіпті заңсыз тәсілдермен HLS-ке қысым жасауға тырысты. 2009-2018 жылдар аралығында SHAC-тың 10-нан астам мүшесі HLS қызметкерлері мен компания серіктестеріне зиян келтіріп, қауіп төндірді, сондай-ақ бопсалау мақсатында қастандық жасады деген айыппен әртүрлі мерзімге сотталады. Германиялық Spiegel 2007 жылы SHAC мүшелерін қамау туралы былай деп жазады: «Ахиллес операциясы» деп аталатын науқан аясында 700 полиция қызметкері Ұлыбританияда, Бельгияда және Нидерландта 19-68 жас аралығындағы 32 адамды қамауға алып, ондаған мекенжайға рейд жүргізді». АҚШ-тың SHAC филиалының 6 мүшесі де сотталады (бастапқыда 7 адам еді, бірақ сот процесінде олардың біреуінен айыптау алынып тасталады, дегенмен бұл топ SHAC 7 атауымен белгілі). Қазылар алқасы оларды HLS басқаратын Нью-Джерсидегі серіктестер мен зертхана қызметкерлеріне шабуыл жасауға итермелеу үшін веб-сайтты пайдаланғаны үшін кінәлі деп тапты. 2019 жылы осы жануарларды қорғаушылар туралы Хоакин Финикс продюсер болған Animal People деректі фильмі жарық көрді.

Осындай белсенділердің арқасында Ұлыбритания заңнамасы жануарларға бет бұра бастайды. Мәселен жануарларға қатысты кейбір тәжірибелер (косметика, темекі және алкоголь бойынша) мен дәу маймылдардың қатысуымен жүргізілген зерттеулер тоқтатылды. Ақпарат бостандығы туралы заңмен қатар, радикалды экобелсенділерге қатысты қатаң шаралар қабылданды. Мысалы 2005 жылы Үкімет жануарлардың құқықтарын қорғау саласындағы экстремизммен күресуге уәде берді.

2008 жылы HLS әлемдегі 3-ші ірі келісімшарттық зерттеу ұйымына айналды. Ал 2015 жылы тағы бір америкалық Harlan laboratories ұйымымен бірге Envigo компаниясын құрады. Компанияның веб-сайтында бигль иттері жасушалық терапия, жалпы, офтальмологиялық, фармакологиялық және токсикологиялық зерттеулерде ғана қолданылатыны көрсетілген.

Эксперименттердегі бигль иттері

Бигль иттерінің мінезі өте жуас, сондықтан да, өкінішке қарай, зертханалық жұмыстарға ең көп пайдаланылатын тұқымға жатады. Осы мәселеге қатысты мәліметтерімен Британника энциклопедиясының сайтындағы мақала мен «Жануар өсіру: Әл-ауқат пен әлеуметтік орта» кітабынан жан-жақты танысуға болады. Ол жерде келесідей статистика бар: АҚШ-тың зертханаларында негізінен осы тұқымның 75 мыңға жуық иті болған, Ұлыбританияда олардың саны 7 мыңнан асатын (2008 жылғы мәліметтер).

1975 жылы бигль иттерге белгілі бір заттарды, атап айтқанда темекі өнімдерін сынақтан өткізу этикасы талқылана бастады. Сол кезде британдықтар Мэри Бейттің репортажы мен Маклсфилдтегі зертханада түсірілген «темекі шегетін бигльдер» фотосынан шок болған еді. Журналист осы материалды дайындау үшін сол жерге жұмысқа орналасқан еді.

Темекіні иттерге сынау: Желіде тараған фотоларға қатысты аңыз бен ақиқат

Мэри Бейттің айтуынша, темекіні сынауға қатысқан кейбір иттер күніне 30-ға жуық темекі шегуге мәжбүр болған.

Қазір Beagle Freedom Project (АҚШ) және Camp Beagle (Ұлыбритания) сияқты бірқатар ұйым осы иттерді құтқарумен айналысады. Осы ұйымның белсенділері және оларды қолдайтын Рики Джервейс пен Уилл Янг сияқты белгілі тұлғалар Marshall BioResources (MBR) зертханалық бигльдерді өсірумен айналысатын ферма алдында үнемі наразылық акцияларын ұйымдастырады.

Анықтама үшін: Екі жыл бұрын Corteza AgriScience компаниясы пестицидтерді одан әрі иттерге сынаудан бас тартты. Оған себеп – Мичигандағы Чарльз өзенінің зертханасында АҚШ-тағы жануарларды қорғаушылардың зерттеуі.

Темекі мен препараттарды жануарларға сынау әдістері туралы

Біз талдап отырған осы постта жануарларға темекіні сынаудың бірнеше әдісі сипатталған. Бұл тұрғыда бірнеше қателікті қоспағанда, мәлімдемелердің көбі шындық. PETA-ның баяндамасында темекімен жүргізілетін сынақтар одан да сорақы. Сонымен қатар PETA темекінің әсерін зерттеу үшін иттердің басына түрлі чип салынатыны туралы (involta жазғандай) хабарламайды. Бұдан бөлек канцерогенді анықтау үшін зертханалық егеуқұйрықтар мен тышқандардың терісіне темекі асфальты емес, шайыр жағылады. Түтін түтікшелері иттер мен маймылдардың мойнындағы тесікке енгізілгені немесе жануарлар темекі түтінін маска арқылы жұтуға мәжбүр болғаны туралы ұйым өткен шақта жазады. Бұл жағдайда басқа химиялық заттар әлі күнге дейін иттердің мойнына қойылатын шприц арқылы енгізіледі.

Жалпы сынақтарда жануарларды пайдалану ғылыми қызметтің жағымсыз жағы. Кейбір есеп бойынша, жыл сайын зертханалық эксперименттерде бүкіл әлем бойынша, оның ішінде Қазақстанда 115 миллионнан астам жануар пайдаланылады. Бірақ бұл елдердің аз бөлігі ғана дерек жинап, жариялайтынын ескерсек, жануарлардың нақты саны белгісіз. Бұл ретте эко-белсенділер мен ғалымдардың өздері балама әдістерді ойластыруды қолдайды. Қазір косметикалық өнімдерді сынақтан өткізуден бас тартып жатыр. Әлемнің 40-тан астам елі косметиканы жануарлар арқылы сынауды шектейтін немесе тыйым салатын заң қабылдады. Алайда дүниежүзінің шамамен 80%-ы әлі де мұндай тәжірибелерге рұқсат береді.

Қорытынды

  • Yesmoke темекі машинасының фотосуреті жануарлар арқылы сынақтар өткізуге еш қатысы жоқ.
  • Бигль иттердің суреттері 2005 жылы түсірілген және ұлыбританиялық Channel 4-те көрсетілген Animals деректі фильмінен алынған кадрлар.
  • Ашық дереккөздерге сүйене отырып, фотоға түсірілген иттер арқылы қандай зат сынақтан өтіп жатқанын анықтау мүмкін емес. Егер 1975 жылғы темекі сынақтары бар фотосуретпен салыстырып көрсе, онда бір ғана нәрсе анық: екі жағдайда ингаляциялық әдіс қолданылған. Иттерге темекі өнімдерін сынауға тыйым салынғанын және фильмді түсіру уақытын ескерсек, фотода темекі болмаса да, сөзсіз қауіпті зат.
  • Тірі жануарлардың қатысуымен жүргізілетін зертханалық зерттеулер – бұл кең ауқымды сала. Оған тәжірибеге қажетті жануарларды (соның ішінде бигль тұқымдас иттерді) өсіру де кіреді. Жануарларға жасалған эксперименттер айталмыш постта айтылғаннан әлдеқайда кеңірек бағытта қолданылады.
Factcheck.kz