Тәліптер телеарнада жұмыс істейтін әйелдерге бетін жабуды бұйырды

Тәліп басшылығы (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) ауған әйел тележүргізушілеріне эфир кезінде бетін жабуды бұйырды. Үкім 21 мамырдан бастап күшіне енеді. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

Кабулдағы жергілікті телеарнада жұмыс істейтін тілші BBC журналисіне өзінің атын атамай осы жаңалықты естігенде күйзелгенін айтты.

Олар экранда көрінуді тоқтату үшін бізге қысым жасап жатыр. Мен аузым жабылған күйде жаңалықты қалай оқи аламын? Енді не істеу керектігін білмеймін. Мен отбасымды асырау үшін жұмыс істеуім керек.

Атын атамаған Кабулдағы журналист.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ауғанстанның жамандықты болдырмау және ізгілікті насихаттау министрлігінің өкілі бұл шешімді “ұсыныс” деп атады. Алайда, оны ұстанудан бас тартқандарға не болатыны белгісіз.

Бұған қоса “Шамшад” телеарнасы маска киген журналисінің фотосын жариялады. Осыған ұқсас басқа да суреттер желіде жиі тарап жатыр.

Контекст

  • Ауғанстанда әйелдер көбіне денсаулық сақтау және білім саласында ғана жұмыс жасап жатыр. Басқа мамандық иелері жұмысынан шығарылған.
  • Былтыр Ауғанстанда әйелдерге спортпен айналысуға тыйым салынды. Оның ішінде ұлттық құраманың спортшылары да бар.
  • Биыл Ауғанстандағы тәліптер әйелдерге бет-жүзін жасырып, паранжа киюді міндеттеді. Көптеген ауған әйелі бұл бұйрықты сынады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz