Сыртқы қарыз қазақстандықтарға несие түрінде рәсімделе ме?

Әлеуметтік желіде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың елдің сыртқы қарызын кәмелетке толған азаматтарға несие түрінде қайта ресімдеу туралы ұсынысын қабылдағаны жайлы ақпарат тарады. Желідегі ақпаратты WhatsApp мессенджерінде жиі бөлісілген.

Сыртқы қарыз қазақстандықтарға несие түрінде рәсімделе ме?
Желіде тараған скриншот.

Тоқаев Қаржы министрінің ұсынысын мақұлдады, оған сәйкес елдің сыртқы қарызы кәмелетке толған азаматтарға несие түрінде қайта ресімделеді. Қазақстан президенті Қазақстанның қарызын өтеудің басқа тәсілін ұсынған Ерұлан Жамаубаевты қабылдады. “Біз ел ретінде осы ақшаның пайдасын бірге көргендіктен, қарызды мемлекет емес, бірге төлеуіміз керек”, – деді министр.

Желіде тараған жазба

Ескерту: Құрметті оқырмандар, әлеуметтік желіде ақпарат оқитын болсаңыз, профильде сатиралық немесе фейк жаңалықтар туралы ескертпе жазба бар-жоғын тексеріңіз. Егер парақшада сатиралық әзіл мен фейк жаңалық екені жазылған жағдайда, оны бөлісіп, “рас екен” деп сенудің қажеті жоқ.

Үкім: Сатира

Әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі, Qazinform24 инстаграм парақшасының авторы мұның сатиралық әзіл екенін және аккаунтта тек фейк ақпарат жарияланатынын профильде ескерткен. Сонымен қатар, парақшада тек болмаған жаңалық пен ойдан шығарылған жазба жарияланады. Өкінішке қарай, профильдегі ескертпе жазбаға назар аударылмастан ақпарат мессенджерде тарап кетті.

Фото қайдан алынды?

Ақорда сайтының мәліметінше, желіде тараған фото былтыр 20 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қабылдаған кезде түсірілген.

Сыртқы қарыз қазақстандықтарға несие түрінде рәсімделе ме?
Фото: Akorda.kz. Қ.Тоқаев пен Е. Жамаубаев. 2020 жылдың 20 мамыры.

Жамаубаев президент Тоқаевқа Қаржы министрлігінің негізгі жұмыстары туралы есеп берген. Бірақ Қаржы министрінің сыртқы қарызға қатысты мұндай ұсыныс болмаған.

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?

Біз бұған дейін елдің сыртқы қарызы туралы бірнеше материал жаздық. Қазақстан ұлттық банкінің ресми дерегінше, 2021 жылы 1 сәуірде сыртқы қарыз расымен 164,1 млрд долларды құрады. Оның 9,9%-ы немесе 16,3 млрд доллары — мемлекеттік сектордың, ал 3,0%-ы немесе 5,0 млрд доллары – банк секторының сыртқы борышы.

Сонымен қатар, 25,7%-ы немесе 42,2 млрд доллары – «басқа секторлардың» тікелей инвестициямен байланысы жоқ берешегі, қалған 61,4%-ы немесе 100,7 млрд доллары осы сектордың фирмааралық берешегін құрайды.

Контекст

  • 2021 жылдың 15 мамырында Instagram-да @qaznews24 сатира парақшасының авторы Темірлан Еңсебек ұсталды. Оның үйіне тінту жүргізіп, кейін оны Алматыдағы полиция департаментіне жеткізіп, бірнеше сағат жауап алған. Полицияның ресми хабарламасы бойынша, тергеу ҚР ҚК 274-бабы бойынша жүріп жатыр.
  • Factcheck.kz редакциясы сатира – қылмыс емес екенін атап өтіп, ҚР Ішкі істер министрлігі мен министр Ерлан Тұрғымбаевқа ашық хат жазған.
  • Адам құқығын қорғайтын Amnesty International ұйымының ресми сайтында Темірлан Еңсебекті қудалауды тоқтатуға шақыратын петицияға қол жинап жатыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz