Соңғы 5 жылда балаларға қарсы сексуалды сипатта қанша қылмыстық іс қозғалды?

16 тамызда мәжілістің кезекті отырысында депутат Бақытбек Смағұл еліміздегі кәмелет жасына толмаған балалар арасындағы сексуалдық зорлық-зомбылық оқиғасына қатысты бірқатар деректер келтірді.

Factcheck.kz редакциясы депутат мәлімдемелерін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Мәселен, соңғы бес жылда елімізде балаларға қарсы сексуалдық сипаттағы 3893 қылмыс тіркелген.

Бақытбек Смағұл

Үкім: Шындық

ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2016-2020 жыл аралығында балаларға қарсы сексуалдық сипатта 3 893 қылмыстық іс тіркелді.

Оның ішінде, зорлау – 748, сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері – 672, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалды сипаттағы өзге де әрекеттер жасау – 1808 және азғындық жолына түсіру – 665 қылмыстық іс-әрекет тіркелген.

Мәлімдеме: Айта кету керек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша зорлау фактісі 2016 жылмен салыстырғанда 45,8 пайызға өскен.

Бақытбек Смағұл

Үкім: Шындық әрі манипуляция

Шындығы мынада: ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық атқару комитетіне қарасты Qamqor.gov.kz сайтының мәліметінше, 2016 жылы зорлау фактісі бойынша 123 қылмыстық іс тіркелсе, 2020 жылы 227 қылмыстық іс тіркелген. Бұл көрсеткіш процентке шаққанда – 45,81%.

Манипуляциясы мынада: Депутат соңғы 5 жылдың дерегін назарға ала отырып зорлау фактісінің көбейгенін алға тартуда. Алайда, 10 жылдық контексте алып қарайтын болсақ депутат айтқандай анағұрлым жоғары процент емес екенін көруге болады. Әр жылы әртүрлі болғандықтан нақты “өсті” не “кеміді” деп айту қиын. Мысалы соңғы 5 жылдың өзінде бір кеміп, бір өсіп отырған.

Депутат бұнымен не айтқысы келді?

Бақытбек Смағұл депутаттық сауал жолдай отырып қоғамдағы балаларға қарсы жасалған сексуалды қылмыстардың қайта жасалмауын, яғни темір торға отырған адамның қайта осы қылмысқа барып/бармауына кімнің кепілдік беретінін айтты. Сонымен қатар, БАҚ-ғы “биылғы жылдың соңына дейін 32 педофил түрмеден шығады” деген ақпаратты мысалға ала отырып пробация қызметінің жұмысына сынмен қарады.

Осы орайда біз қылмыстың екінші рет қайталануына әрі 32 педофилдің бостандыққа шығуына байланысты ҚР Бас прокуратурасына және ҚР ІІМ-ге ақпараттық сауал жолдаған болатынбыз. Жауап төмендегідей:

Қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде осынау санаттар бойынша 2026 адам жазасын өтеуде, олардың 52-і бұрын осы қылмыс үшін жазаға тартылған.

ҚР ІІМ жауабы

Сонымен қатар, ІІМ педофилдердің босап шығуына байланысты жеке статистиканың жүргізілмейтінін атап өтті.

KA3AKCTAH

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz