Симпсондар Путин ажалы мен Зеленскийдің президенттігін болжады ма?

Ресей Украинаға басып кіргелі әлеуметтік желіде және медиада күмәнді ақпараттар көбейді. Жақында тикток қолданушылары “Симпсондар” мультсериалында Ресей президенті Владимир Путиннің өлімі болжанды деген видео таратты. Бейнеде кейіпкерлер “Путин бейітінің жанына келгендей” етіп көрсетілген. Бұдан бөлек басқа да жазбаларда “Украина президенті Зеленский болатыны болжанды” деген әңгіме жиі айтылды. Factcheck.kz желіде тараған ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Симпсондар Путин ажалы мен Зеленскийдің президенттігін болжады ма?
Желіде тараған видеоның скриншоты

Үкім: Фейк

Желіде тараған видеоның үзіндісіне сенуге негіз жоқ. Себебі мультсериалдың 22-маусым 6-cериясында басқа кейіпкердің — Чарльз Монтгомери Бёрнстің жерлеу рәсімі болған. Оның Ресей президенті Владимир Путинге еш қатысы жоқ. Бұдан бөлек желіде айтылғандай Зеленский атты кейіпкер мүлдем болмаған. Толығырақ төменде…

Симпсондар Путин ажалы мен Зеленскийдің президенттігін болжады ма?
Мультсериалдың түпнұсқасынан скриншот.

Чарльз Монтгомери Бёрнс — Симпсондар мультсериалындағы кейіпкер. Бұл эпизодта Бернстің мәйіті табылмаса да, басқа кейіпкерлер оның жерлеу рәсіміне келіп, көріне түкіреді. Мультсериалда оны миллиардер және негатив кейіпкер ретінде көрсеткен.

Бұдан бөлек, қазақстандық Facebook қолданушылары “Украина президенті Владимир Зеленский болатынын мультсериалда болжады” деп эмоцияға толы жазба қалдырып жатыр.

Симпсондар Путин ажалы мен Зеленскийдің президенттігін болжады ма?
Желіде тараған фото.

Алайда мультсериалда Зеленский атты кейіпкер болмаған. Желіде тараған сурет украиналық иллюстраторлардың жұмысы. Суретті 2018 жылы 17 желтоқсанда Украинадағы ТСН арнасы Украина президенттігіне үміткерлерді Симпсондар стилінде жариялаған.

Симпсондар Путин ажалы мен Зеленскийдің президенттігін болжады ма?
Ляшко, Тимошенко, Зеленский және Порошенко Симпсондар стилінде көрсетілген. Фото: ТСН.

Сонымен қатар, әріптестеріміз Voxukraine.org фактчек ресурсының журналистері желіде тараған суреттің мультсериалға еш қатысы жоғын да жазған.

Контекст

  • Жақында желі қолданушылары арасында «Симпсондар» мультсериалында «КСРО 2024 жылы қайта құрылады» деген кадрлары тарады. Шынтуайтында, Симпсондар мультсериалының 1998 жылғы «Simpson Tide» (Симпсон толқыны) эпизодында, Ресейдің КСРО деп әлі сақталғаны көрсетіледі және 2024 жылы Совет одағы қайта құрылатыны туралы ештеңе айтылмайды. Бұл да кезекті фейктің бірі еді.
  • Бұған дейін де «Симпсондар» мультсериалы “коронавирусы туралы болжап, вирустың АҚШ-қа Қытай тауарлары арқылы келгенін көрсетті” деген жалған ақпараттар да айтылды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz