“Симпсондар” мультсериалында КСРО 2024 жылы қайта құрылатыны айтылды ма?

24 ақпанға қараған түні Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы соғыс жариялағалы желіде осыған қатысты біраз күмәнді ақпарат тарап жатыр. Бұл жағдайдан кейін әлеуметтік желіде танымал “Симпсондар” мультсериалында “КСРО 2024 жылы қайта қосылатынын білдірді” деген әңгіме жиі тарады. Factcheck.kz бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

"Симпсондар" мультсериалында КСРО 2024 жылы қайта құрылатыны айтылды ма?
Желіде тараған жазбаның скриншоты

Үкім: Манипуляция

Шынтуайтында Симпсондар мультсериалының “Simpson Tide” (Симпсон толқыны) эпизодында, Ресейдің КСРО деп әлі сақталғаны көрсетіледі. Эпизод 1998 жылы (Совет одағы құлағанына 7 жыл болған кезде) наурызда Ресей президенті Борис Ельцин тұсында шыққан. Алайда мультсериалда КСРО 2024 жылы қайта құрылатыны туралы ештеңе айтылмайды.

Толығырақ…

“Симпсон толқыны” эпизодында Гомер атом электростанциясынан кетіп, АҚШ Әскери теңіз күштерінінің құрамына енеді. Ол америкалық сүңгуір қайықпен абайсыздан Ресей су аймағына келеді. Бұл жағдайдан соң әлемдік деңгейде жанжал болады.

Кейін Біріккен ұлттар ұйымының отырысында Ресей өкілі АҚШ дипломатына “Совет одағы сіздің кемеңізді босатады” дейді. Ал АҚШ дипломаты “біз сіздерді құлдырады деп ойласақ” деп жауап береді. Кейін Ресей өкілі “біз қалжыңдадық” деп “Ресей” белгісін “Совет одағы” (Soviet Union) деп өзгертеді.

Кейін кадрда Кремль жанынан бірнеше танк шығады. Сонымен қатар, Берлин қабырғасы қайта құрылып, Ленин тіріледі. Ол “зомби” секілді жүріп “капитализмге жол жоқ” дейді.

Мультсериал өкілі не деп айтты?

Қазіргі уақытта Ресей мен Украина соғысы тұсында мультсериал Ресей мен Украинаның соғысын болжады деген пікір жиі тарап жатыр.

Мультсериал шоураннері (орындаушы продюсер) Эл Джин (Al Jean) “Ресей мен Украинаның соғысын” болжады деген қауесетке қатысты мынадай комментарий жасады.

“Мен 1961 жылы дүниеге келдім және өмірімнің 30 жылын КСРО елесімен өткіздім. Сондықтан мен үшін бұл болжамнан гөрі қалыпты нәрсе. Біз жай ғана жаман болады деп ойладық”, – деп түсіндірді hollywoodreporter журналисіне.

Оның айтуынша, сериал әлемнің қалай өзгергенін көрсеткен. Алайда нақты Ресей мен Украинаға қатысты жағдай туралы негіз іздеудің қажеті жоқ екенін айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz