ШЫНДЫҚ | Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқығандар жұмыс істемеген жағдайда оқу ақысын толығымен қайтарады.

Соңғы кездері жоғары оқу орындары түлектерінің арасында «грантта білім алған студенттер оқуларын аяқтаған соң кемінде 3 жыл мемлекетке жұмыс істемесе, ақшасын үкіметке қайтарады екен» деген қауесет көбейіп барады.  Осыған орай,  Factcheck.kz қауесеттің рас-өтірігін анықтап, көпшіліктің көкейінде жүрген сұраққа жауап іздеп көрді.

Үкім: Шындық

Қауесеттің рас-өтірігін анықтау үшін жіберген сауалымызға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев былай деп жауап берді:

Жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті.

Министрдің сөзін Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 47-бабының 17-тармағы да растайды.

47-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі

17. Осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгiленген квота шегiнде педагогтік, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейiн тиісінше мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттi.

      Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуге міндетті.

      Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті.

      Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен азаматтар оқуын бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарында немесе ғылыми ұйымдарда кемінде үш жыл жұмысты өтеуге міндетті.

      Осы тармақта аталған адамдардың жұмысты өтеу жөніндегі өз міндеттерін орындауына немесе жұмысты өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шығыстарын өтеуіне мониторингті және олардың сақталуына бақылауды қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті орган сенім білдірген агентке жүктеледі.

      Осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 6) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін оқытқан жері бойынша өңірде кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті.

    <….>

      17-4. Осы баптың 17-2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті.

      17-5. Жас мамандар осы баптың 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындамаған жағдайда, білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентінің бюджет қаражатының шығыстарын өтеу жөніндегі талабына талап қоюдың ескіруі қолданылмайды.

 

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz