Шындық | Қазақстанда сатылған әрбір екінші көлік елімізде құрастырылған

2018 жылы тамыздың 16-сында Қазақстандағы көлік жасау саласының жеті айын қорытындылаған индустриалды даму мен өндірістік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батанов отандық көлік жасау саласы “сұраныстың артуы, экспорттық нарықтың ашылуы, мемлекеттік жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы арқасында қайта жанданғанын” айтты. Мұнан бөлек, Батанов “Былтыр сатылған әрбір үшінші көлік қазақстандық еді, қазір әрбір екінші көлік елімізде жасалған” деген оптимистік мәлімдеме жасады.

Үкім: Шындық

Қазақстан автобизнес ассоциациясы мен “ҚазАвтоӨндіріс” автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының дерегінше, Қазақстанда жасалған көліктердің жалпы сатылымдағы ресми үлесі биыл 47-48 пайыз болған.

Былтыр тап осы уақытта сатылған көліктер ішінде қазақстандық автомобильдер үлесі 36-37 пайыз еді. Мұның ішіне елде сатып алынған ғана емес, шетелге шығарылған отандық көліктер де кіреді.

Шындық | Қазақстанда сатылған әрбір екінші көлік елімізде құрастырылған
Kazinform сайтынан скрин / Скриншот с сайта Kazinform

Толығырақ

Қазақстан автобизнес ассоциациясының дерегінше, 2018 жылдың жеті айында сатылған 32 393 көліктің (экспортты қосқанда), 15 484-і елде құрастырылған. Ал “ҚазАвтоӨндіріс” “жыл басынан бері 30 925 көлік сатылған, оның 14 658-і отандық автозауыттарда өндірілген” деп мәлімдеді. Жыл басынан бері елде жалпы құны 103,8 млрд теңге болатын 17 246 көлік құрастырылған – екі түрлі ұйымға ортақ дерек – осы.

Көлік құрастыру саласындағы ең көп үлес «АЗИЯ АВТО» компаниясына тиесілі — 2018 жылы жасалған отандық автоның 57% осыған тиесілі. Нарықтың 38,1% пайызын алған «СарыарқаАвтоӨндіріс» компаниясы екінші орында. Қалған төрт орын – «СемАЗ» (1,9%), «КАМАЗ-Инжиниринг» (1,6%), «Hyundai Trans Auto» (0,9%) және «Daewoo Bus Kazakhstan» (0,4%) компанияларына тиесілі. Өскемендегі «АЗИЯ АВТО» зауыты LADA, KIA, Skoda, Chevrolet маркасындағы жеңіл көліктер мен УАЗ шығарады. Алғаш аталған екі көлік түрі елде сұраныс ең көп автолардың үштігіне кіреді. Қостанайдағы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауыты JAC, Peugeot, SsangYong, Hyundai, Ravon Nexia, Chevrolet Niva көліктерін шығарады. Оның ішіндегі ең танымалы – Hyundai. «СемАЗ», «КАМАЗ-Инжиниринг», «Hyundai Trans Auto» пен «Daewoo Bus Kazakhstan» жүк көліктері мен арнаулы теxника, тракторлар мен автобустар шығарады.

Сапасы мен саны

Қазақстанның көлік жасау саласында статистикалық деректерден бөлек, яғни саннан өзге олардың сапасына да назар аудару керек. Бұл, мәселен, Қазақстан территориясында көліктің нақты қанша бөлігі елде құрастырылатынын көрсететін локализация деңгейі деп аталатын шамамен анықталады.

Локализация деңгейін есептегенде рамаларды жинау мен бояу, бөлшектерді денәкерлеу мен құрастыру сияқты процестер ескеріледі. Қазақстан автоқұрастыру зауыттарында локализация деңгейі әр түрлі. Орта шамасы – 36,5 пайыз. Мұндай деректі Еуразия экономикалық комиссиясына сұрау салған Қазақстан билігіне сілтеме жасап, “Коммерсанть” газеті xабарлаған.

EAES-ilovepdf-compressed

Көлік жасау туралы тақырыпты қарастырып отырған соң, биліктің экономикалық комиссияға салған сұрауының мақсатын да айтпай кетпеске болмас. Әңгіме мынада – Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің шешімімен “2018 жылы шілденің 1-інен бастап Еуразия экономикалық одағы аумағында зауыттардағы автокөліктердің еркін айналымы үшін көлік кузовының боялуы мен дәнекерлену секілді теxнологиялық талаптар орындалып, локализация деңгейі 50 пайыздан кем болмауы керек”.

“АЗИЯ-АВТО” компаниясының президенті Ерік Сағымбаев Atameken Business Channel арнасына берген сұxбатында “Ең болмағанда, бөлшектер одақтың басқа елдерінде жасалуы керек” деген. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі Еуразия экономикалық кеңесі комиссиясына бұл талаптың күшіне ену уақытын 2022 жылға дейін созу туралы өтініш айтқан. Негізі бұл шешім елдің өз ішінде көліктер сатылымына еш әсер етпейді.

2022 жылы Қазақстан территориясында көлікті бастан-аяқ шығаратын автозауыт болуы керек. Биыл тамыздың соңында Еуразия даму банкі мен «БИПЭК АВТО — АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы Renault-Nissan-Mitsubishi альянсымен бірге Өскеменде ресейлік “АВТОВАЗ” атынан толық циклде көлік жасап шығу туралы келісімге келді.

Еуразия даму банкі автокөлік кузовын дәнекерлеу мен бояу цеxын құрал-жабдықтармен қамтып отыру үшін 10 жылға 4 млрд рубль несие берген. Зауыт алғаш бар қуатымен жұмысын бастағанда 60 мың автокөлік шығаратын, автобөлшектер жасаумен айналыстын автопарк жасауға кіріседі. Өңделетін бөлшек санын арттыру локализация деңгейін 50 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Еуразия экономикалық одағында жасалатын автобөлшектер үлесі 90 пайызға жуықтайды. Корпусты дәнекерлеу мен бояу жұмыстары тест режимінде 2020 жылдың жазында басталады”, – деген Forbes Kazakhstan басылымына сұxбат берген «БИПЭК АВТО — АЗИЯ АВТО» басшысы Анатолий Балушкин.

Қазіргі жағдай мен жоспар

AllutGroup компаниялар тобы (ішіне “СарыарқаАвтоӨндіріс” ЖШС де кіреді) 2018 жылы тамыздың соңында директорлар кеңесі құрамының өзгергені туралы хабарлады: онда тәуелсіз мүше – China National Vehicles Import and Export Corporation директоры У И кірді.

Бұл өзгеріс Қытайдың мемлекеттік СМС компаниясы AllurGroup капиталына кіруі алдындағы қойған талабынан соң болған – қытайлықтар қазақстандық автоөндірушінің 51 пайыз акциясын алуды жоспарлап отыр.

Қазір ұсақ түйінді құрастыру мен дәнекерлеуді, бояуды меңгеріп алған қостанайлық өнеркәсіп қытайлық серіктестің арқасында локализация деңгейін арттыра түсуді көздеп отыр. Ұсақ түйінді әдіс (CKD) алғаш рет 2013 жылы желтоқсанда “СарыарқаАвтоӨндіріс” зауытында SsangYong Nomad кроссоверін шығару жобасы іске асыру кезінде қолданылған. Оны тоқтату туралы шешім қазақстандық автонарық құлаған 2016 жылы қабылданған еді. Алайда қазір зауытта ұсақ түйінді құрастыру әдісі қайта жанданып, Peugeot және JAC көліктерін шығара бастады .

2018 жылдың соңына дейін Қазақстанда құрастырылған көліктер экспортын арттыру үшін автоөндірушілерді мемлекет тарапынан қолдау туралы және бір шешім шығады деп болжанып отыр. 2017 жылы отандық зауыттар Қытай, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстанға құны 5,8 млрд теңге болған бар-жоғы 1480 көлік сатқан. Бұл – бізде жасалған барлық көліктің 7,8 пайызы ғана. Жыл басында “Астана Моторс” компаниясының атқарушы директоры Антон Афонин “алдағы үш жылда көрсеткіш төрт есе, бес есе өседі” деп үміттенетінін айтқан.

Қазақ тіліне аударған – Аян Қалмұрат

 

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz