«Шекарасыз тілшілер» Қазақстандағы журналистердің жағдайына алаңдаулы

«Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық құқық қорғау ұйымы Біріккен ұлттар ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын Қазақстандағы медиа қызметкерлеріне жасалған зорлық-зомбылықты тексеруге шақырды. Бұл туралы Deutsche Welle cайты хабарлады.

Құқық қорғау ұйымының Германиядағы филиалының басшысы Кристиан Мир (Christian Mihr) Қазақстанда зорлық-зомбылық деңгейінің төмендеуіне қарамастан, БАҚ бостандығына қауіп төніп тұрғанын айтты. Ол Қазақстан билігін шетелдік журналистердің елге кіруіне рұқсат етуге және цензураға жол бермеуге шақырды.

Сонымен қатар, оның пікірінше, жала жабу айыбы мен қылмыстық жазалар ең алдымен БАҚ бостандығына қауіп төндіреді.

Бұған дейін Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін бейбіт тұрғындар арасындағы тәртіпсіздік құрбандарының санын айтуға және ұсталған барлық журналистер мен белсенділерді босатуға шақырды.

Сонымен қатар, 13 қаңтарда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі наразылықтан ақпарат таратқан журналистердің ұсталу фактілерін “мұқият қадағалап отырғанын” хабарлады.

Контекст

  • Қазақстанда қаңтар айындағы наразылықтар мен тәртіпсіздіктер кезінде түрлі өңірде полиция оқиғадан ақпарат таратқан журналистерді ұстап, кәсіби қызметіне кедергі келтірген. 5 қаңтарда Алматы мен астанада полиция Азаттықтың екі тілшісін күшпен ұстап, кейін босатты.
  • Азаттық радиосының жазуынша, 7 қаңтарда Орал соты митингіден ақпарат таратқан журналист Лұқпан Ахмедияровты 10 күнге қамады.
  • Ақмола облысында әлеуметтік желіде “Тоқаев Путинге есеп берді…” деп жазба жазып, президентке сұрақтарын бағыттаған Kokshetau Asia сайтының редакторы Нұржан Баймулдин он күнге қамалды. Сот оны “төтенше жағдай кезінде тәртіптің бұзылуына ықпал ететін әрекет жасады” (478-бап) деп таныған.
  • Астанада наразылықтардан үздіксіз хабар таратқан журналист Махамбет Әбжанның туыстары тілшіні таба алмай отыр. Тілшімен 5 желтоқсаннан бері хабар үзілген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz