Шахтада қайтыс болған АҚШ кеншілеріне қанша өтемақы төленеді?

7 қараша 8:37-де Қарағанды облысындағы Абай қаласында орналасқан «АрселорМиттал Теміртау-ға» тиесілі Абай шахтасында жарылыс болды, салдарынан 6 адам қаза тауып, 2-і жарақаттанған. Осыдан соң шахтаның басшылығы жиын өткізіп, кеншілер отбасына 10 жылдық көлемінде көмек көрсетілетінін айтқан. Ал аудиториясы көп ztb.kz инстаграм парақшасы АҚШ пен Қазақстандағы кеншілер өліміне өтемақы көлемін салыстырып, АҚШ-та бір кенші қаза тапса, оның отбасына 40 млн доллар төленетінін жазды. Factcheck.kz деректің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Мәлімдеме: Бірақ АҚШ-та, ашық ақпарат көздеріне сәйкес, жұмыс беруші бір кенші өлімі үшін өтемақы төлеуге міндетті, бұл шамамен 40 миллион долларды құрайды.

ztb.kz

Үкім: Манипуляция

Мұндай дерек қайдан алынғаны белгісіз, алайда бұл шындыққа келмейді. Төлем мөлшері бойынша нақты ереже жоқ, мұндай мәселе жағдайға қарай, сотта шешіледі: бұл көбіне сақтандыру шарттарына байланысты. АҚШ-тың ашық дереккөздерінен «‎40 миллион»‎ туралы ақпарат табылмады. Біз тапқан жалғыз ұқсас сома — 46,5 миллион доллар. Бұл Монкоулада қайтыс болған кеншілердің отбасына төленетін өтемақыға қатысты. Шамасы, бұрмалау осы саннан пайда болған.

2010 жылы Батыс Вирджиниядағы Монкоулдағы көмір шахтасында жарылыс болып, 29 адам қаза тапқан. Бұл АҚШ-тағы 40 жылдағы ең үлкен шахта апаты. Сол жағдайдан соң, АҚШ Әділет министрлігі мен Alpha Natural Resources Inc компаниясы қайтыс болған әр 29 кеншінің отбасына және зардап шеккендердің әрқайсысына 1,5 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеу туралы келісімге қол жеткізді (барлығы 46,5 миллион доллар) . Жалпы жұмсалған қаржы 209 миллион долларды құраған. Бұл АҚШ тарихындағы ең үлкен өтемақылардың бірі екенін де ескерген жөн.

Мәлімдеме: Бұл елде көмір индустриясында қауіпсіздік пен денсаулық жөніндегі арнайы басқарма бар. Бұл бөлім шахталардың жұмысын үнемі тексеріп отырады. Жұмыс жағдайын қауіпті деп санайтын әрбір шахтер жасырын түрде сенім телефонына қоңырау шалады не көмір индустриясының жұмысына жетекшілік ететін ведомствоның сайтындағы бақылаушылардың мекенжайына электрондық хат жібере алады, олар дереу шағымды қарастырады.

ztb.kz

Үкім: Шындық

1977 жылдан бастап АҚШ Еңбек министрлігінің Шахталарда қауіпсіздік және денсаулық сақтау басқармасы (MSHA) жұмыс істейді. MSHA тау-кен жұмыстарының салдарынан өлім, ауру және жарақаттанудың алдын-алу жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ, басқарма АҚШ кеншілері үшін қауіпсіз және қолайлы жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Кеншілер ол жерге телефон не интернет жүйесі арқылы шахталардағы қауіпті еңбек жағдайлары туралы жасырын хабарлай алады.

Агенттік қызметкерлердің санына, өндірілген өнімге немесе өндіру әдісіне қарамастан, АҚШ-тың барлық кеніштерінде қауіпсіздік пен гигиена ережелерін әзірлейді және қамтамасыз етеді. Агенттік жұмысын соңғы бірнеше онжылдықтағы көрсеткіштен байқауға болады: 1977 жылы 242 кенші жазатайым оқиғадан қайтыс болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 29 адамға дейін азайған.

АҚШ-тың еңбек Статистика бюросының дерегіне сай, көмір өндіру өнеркәсібіндегі өлім жарақатының деңгейі 2007 жылы толық жұмыс күнінде істейтін 100 000 адамға шаққандағы көрсетікіші 24,8-ді құраған. Бұл басқа кез келген жеке салаға қарағанда 6 есе жоғары; дегенмен бұл көрсеткіш 2006 жылғы дерекке қарағанда 57%-ке төмендеген.

Бұдан бөлек, АҚШ-та «Қара өкпе» бағдарламасы жұмыс істейді. Оған сай, көмір шахтасында жұмыс істегеннен пайда болған пневмокониоз нәтижесінде еңбекке қабілетін толық жоғалтқан кеншілерге, сондай-ақ осы ауру өлімге апаруы мүмкін болса, өтемақы береді. Заң сонымен қатар кеншілерге пневмокониозға байланысты өкпе ауруларын емдеу үшін медициналық сақтандыру құқығын береді. Өтемақы көлемі айына 693,60 долларды құрайды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz