Сенатор Әділбеков Қазақстан мен әлемдегі мұнай-газ, тау-кен секторының салық жүктемесі туралы

10 ақпанда парламенттің жоғарғы палатасының кезекті пленарлық отырысында сенатор Дәурен Әділбеков премьер-министр Әлихан Смаиловтың атына сауал жолдап, елдің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бюджетке қосымша кіріс көздері қажет екеніне тоқталып, бірнеше ұсыныс айтты. Сенатор келтірген деректерді тексереміз.

Мәлімдеме: Тау-кен металлургия кешенінің салық жүктемесі 8–9%-дан аспайды, оны экономиканың шикізаттық емес секторымен салыстыруға болады…

Дәурен Әділбеков

Үкім: Дәлелденбеген

Ескерту: Бұл жағдайда салық жүктемесі белгілі бір сала кәсіпорындарынан мемлекет бюджетіне түсетін салықтың елдің ЖІӨ-не қатынасын білдіреді.

Тау-кен және мұнай-газ секторларының жиынтық салық төлемдерін ескеріп, оған тау-кен металлургия кешеніне кіретін «қара металлургия» немесе «металл құю» сынды қызмет түрлерін қоспасақ, тұжырымдама дұрыс. Дегенмен мәлімет шашыраңқы берілген. Төменде қолжетімді деректер туралы айтамыз.

Тау-кен металлургия кешенімен байланысты статистикалық ерекшеліктер

Мәселе мынада, кей жағдайларда отандық статистикада екі сектор да бір ортақ терминмен – тау-кен қазу өнеркәсібі және карьерлерді жасау деп айтылады (мұнда тек өндіру саласы ғана қарастырылады және металлургия өндірісіне қатысты қызмет түрлері қосылмайды). Мұндай тәсіл, мәселен,  Ұлттық статистика бюросының бюллетендерінде қолданылады. Жер қойнауын пайдаланушылар қызметінің ашықтығына қатысты есептерде металлургия өндірісі жоқ мұнай-газ және тау-кен секторлары бойынша деректер де қаралады. Кейбір басқа зерттеулерде тау-кен өнеркәсібінің құрылымдық бөлігі ретінде металлургия өндірісіне қатысты егжей-тегжейлі құжаттар бар болса да, ТМК мен мұнай-газ саласының үйлесімі байқалады. Ең қызығы, қаржы министрлігінің статистикалық есептеулері әр саладан жеке түсетін салық туралы мәлімет бермейді.

Біздің жорамалымыз бойынша, сенатор келтірген статистиканы «Қазақстан Республикасында өндіруші салалар қызметінің 2019 жылғы ашықтығы бастамасын іске асыру туралы» 15-ші Ұлттық есептен алса керек. Құжатта мұнай-газ секторының төлемдері – 4,7 трлн, ал тау-кен секторы – 0,8 трлн деп көрсетілген. 2019 жылғы ЖІӨ-ді қоссақ (69,5 трлн теңге) мұнай-газ салығының ЖІӨ-ге қатысы – 7,05%, ал тау-кен ісінікі – 1,2%, екеуі қосыла келе – 8,25% көрсетіп тұр. Өкінішке қарай, өндіруші өнеркәсіптің 2020 жылғы есебі әзірге ашық дереккөздерде жоқ, сол себепті өзекті мәліметтер туралы ештеңе айта алмаймыз.

Мұндай статистика былтыр желтоқсанда үкімет ұсынған 2030 жылға дейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқару концепциясында, 5.5.2 параграфында көрсетілген. Бюджеттің кіріс бөлігін нығайту (салық саясаты) тау-кен металлургия кешеніне (бұдан әрі — ТМК) салық жүктемесін қайта қарау тақырыбының астындағы абзацта дәл солай делінген: «ТМК-ге салық жүктемесі 8-9%-дан аспайды,  оны экономиканың шикізаттық емес секторымен салыстыруға болады».

Бұл ретте, тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы (ТМКҚ) хабарлағандай, ТМК «металл кендерін өндіру», «көмір және лигнит өндіру», «металлургия өнеркәсібі» және «машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдарын өндіру» (тау-кен секторына салынатын салық жүктемесі 1,2%-ды құрайды) және металлургия өнеркәсібі сияқты қызмет түрлерін қамтиды.  Қаржы министрлігінің статистикалық есептері әр сала мен қызмет түрінен қанша салық түсетіні туралы толық мәлімет бермегендіктен, ал «Қазақстан Республикасында өндіруші салалар қызметінің 2019 жылғы ашықтығы бастамасын іске асыру туралы» Ұлттық есебінде тек өндіруші секторға (мұнай, газ, металл және темір рудалары, көмір және т.б.) қатысты ақпарат жарияланатындықтан нақты үкім шығару мүмкін емес. Яғни, сенатордың мәлімдемесін тексерген кезде металл өндірісімен айналысатын мекемелердің салық төлемдері туралы дерек жетіспеді.

Сол себепті біз сенатор мәлімдемесінде ТМК туралы емес, өндіруші сектор туралы (металлургия өндірісі компанияларының төлемдерін есепке алмағанда) салық статистикасын пайдаланды деген болжам ғана жасай аламыз. Бұл жағдайда, оның шикізаттық емес секторларға түсетін салық жүктемесі туралы айтқаны автоматты түрде дұрыс болады. Мәселен, тауар мен қызметтер секторына түсетін жүктеме 8% (2017 ж.) шамасында.

Анықтама үшін: салық жүктемесін есептеуден шығарылған (сенатордың мәлімдемесін талдау тұрғысынан) металлургия өнеркәсібінің өндіріс көлемі «таза» тау-кен өнеркәсібіне (мұнай мен газсыз) қарағанда үнемі көп болған. Сонымен бірге, металлургия өнеркәсібінің ЖІӨ мен өндіріс көлемі мұнай және газ өндіру секторына қарағанда дәстүрлі түрде әлдеқайда аз (2020 жылғы жағдай бойынша 8,2 трлн және 5,9 трлн).

Мәлімдеме: салыстыру үшін айтар болсақ, мұнай-газ секторына жүктеме көлемі бірқатар елдерде 23–25%-ды құрайды.  

Дәурен Әділбеков

Үкім: Манипуляция

Манипуляция мынада: әлемдік тәжірибе туралы дерек кең контексттен алынып, «бірқатар елмен» ғана шектеліп тұр. Ол көбі экономикалық тұрғыда дамыған елге жатпайды, ал барлығы дерлік табиғи ресурстарға экономикалық тұрғыда тәуелді (түрлі дәрежеде) елдердің қатарында.

Шынында, бірқатар елде мұнай-газ секторына жүктеме дәрежесі жоғары. Егер норвегиялық Rustad Energy консалтиң компаниясына сенер болсақ, Сауд Арабиясы секілді елдерде, 2019 жылғы дерек бойынша, 27%-ды құраған, ал Әзербайжанда – 30%, Алжир мен Кувейтте – 40%-дан аса, Ливия мен Иракта – 40%-дан сәл аз. Ал АҚШ пен Канадада 1% шамасында болса, Норвегияда 6%-ға жуық.

Сенатор Әділбеков Қазақстан мен әлемдегі мұнай-газ, тау-кен секторының салық жүктемесі туралы
Дереккөз. Салық жүктемесінің мөлшері тік көрсетілген. Ал көлденеңінен жаңартылатын энергия көзіне энергетикалық көшу және декарбонизация жағдайында мұнай өндіруші мемлекеттердің бюджеттері үшін тәуекел дәрежесі көрсетілген. Мұнай-газ секторына салық жүктемесі 5%-дан асқан кестеде көрсетілген елдердің барлығы дерлік шикізат ресурсына тәуелді. 2019 жылғы дерек бойынша оның ішінде Норвегия да бар.

Осылайша, Rustad Energy-дің шағын талдауы негізгі трендті көрсетіп тұр: шикізат экономикасы бар мұнай қоры үлкен мемлекеттерде мұнай-газ секторына салық жүктемесі жоғары, ал әртараптандырылған экономикасы бар елдерде керісінше. Мұның жарқын үлгісі – Канада (мұнай қоры бойынша 3-орында, BP ақпараты бойынша 2020 жылдың соңында 2-орын) мен АҚШ (ОПЕК (МЭЕҰ – мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) ақпараты бойынша 9-орын).Кестеде Rustad Energy дерегі бойынша, 2019 жылы Қазақстанның мұнай-газ секторына салық жүктемесі 8% шамасында болған. Біз қайта тексердік – аздау (бірінші мәлімдемені талдауды көріңіз) – 7,05%.

Статистикалық бірнеше жаңа үлгілер: Норвегияда 2021 жылы мұнай қызметінен түскен салық 85,4 миллиард норвег кроны деп бағаланып отыр. ЖІӨ 445,51 млрд доллар немесе 3972,64 млрд норвег кроны екенін ескерсек, 2021 жылғы жағдай бойынша бұл сектордың салық жүктемесі 2,1% болған (2019 жылы 6-7% шамасында болды).

Ресей статистикасы бойынша, 2020 жылы бюджетке мұнай-газ аударымдары ЖІӨ-нің 6,6% құраған.

Анықтама үшін: Кейбір деректер бойынша, Қазақстан 2016 жылы әлемде мұнай қоры бойынша 12-орында болған. Бұған дейін Қазақстанның 30 млрд баррельмен 11-орында екені айтылған, бірақ BP құжатында 2020 жылдың соңындағы мәлімет бойынша 5,5 млрд расталған резерв бар екені хабарланады.

Қорытынды

  • Болжам бойынша ТМК-ның салық жүктемесін экономиканың шикізаттық емес секторларына салынатын жүктемемен салыстыруға болады.
  • Мұнай-газ секторына деген үлкен салық жүктемесі шикізаттық экономикасы бар елдерге тән екені анық.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz