“Саяси тұтқын” Әсет Әбішев түрмеден босап шықты

30 шілдеде таңертең “саяси тұтқын”, белсенді Әсет Әбішев түрмеден босап шықты. Алматы облысы Заречный елді мекеніндегі ЛА-155/14 мекемесінің алдында оны бір топ адам қарсы алды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ол түрмеден шыға салып, оппозиция қайраткері, режиссер Болат Атабаевтың жаназасына үлгеру үшін асығыс көлікке мініп кеткен. Кетерінде:

– Сіздердің жиналғандарыңыз өте маңызды. Мұндай ұйымшылдық адамға қатты көмектеседі. Мен оны өз басымнан өткергенмін. Адамдардың топтасып, бірлесіп бір нәрсені жасағаны қолдау беріп, сүйейді. Әсіресе мынадай (түрмені нұсқайды) жерлерде қатты көмектеседі. Менің бүгін осы жерде тұрғаным көп жағдайда сіздердің еңбектеріңіз. Бұл қатты ықпал етеді және олар азаматтық қоғамнан қатты қорқады, – деді Әсет Әбішев.

Екі апта бұрын Алматы облысы Қапшағай қаласының соты Әсет Әбішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырғанСол кезде сот шешімі 15 күннен кейін күшіне енеді деп айтылған еді. Оны қолдайтын топ бір күн бұрын шығады деп бейсенбі күні түрмеге барған кезде түрмедегілер 30 шілдеде шығатынын хабарлаған.

Белсенді Әсет Әбішев “қылмыстық ұйымды қаржыландырды” және “тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты” (нақты жағдайда “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы, оны Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) деген айыппен 2018 жылғы қараша айында төрт жылға бас бостандығынан айырған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар белсендінің саяси себеппен қудаланғанын айтып, оны “саяси тұтқындар” тізіміне енгізген. Билік елде “саяси тұтқын” барын жоққа шығарады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz