Сауд Арабиясында өзен пайда болды ма?

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде, әсіресе. Tik-tok-та Сауд Арабиясындағы шөлді аймақтарында өзен ағып жатқан видеолар тарады. Бұл видеолар арқылы халық арасында түрлі болжамдар тарап жатыр, тіпті кейбір оқырмандар бұны “ақыр заманның жақындауымен” байланыстырды. Осыған орай Factcheck.kz сайты ақпараттың анық-қанығын тексеріп көрген еді.

Сауд Арабиясының шөлді аймағында өзен-көл пайда болып жатыр.

Әлеуметтік желідегі ақпарат

Үкім: Фейк

Сауд Арабия Азаматтық қорғанысының мәліметінше, шілденің соңы мен тамыздың басында жаңбыр шамадан тыс мөлшерде жауған. Жауын-шашыннан жиналған су кейбір шөлді аймақтарда “өзен” сияқты аққанын байқауға болады. Сондықтан бұны ешқандай да өзен не көл пайда болды деуге келмейді. Бұл – тек жаңбырдың әсерінен пайда болған уақытша құбылыс қана.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде түрлі әуесқой видеолар тарап, әркім оны өзінше интерпретациялап жатқанын байқауға болады. Жаңбырдың салдарынан Сауд арабиясында ғана емес, БАӘ мен Оманның да біраз өлкесін су басқан. Мысал ретінде төмендегі БАӘ ІІМ су тасқыны туралы ақпаратын алсақ болады.

Жергілікті Saudigazette медиасының хабарлауынша, жаңбыр 30 шілде мен 3 тамыз аралығында жауған және жауын-шашын мөлшері 26,6 мм құраған. БАӘ Ұлттық метереология орталығы қызметкері Ахмед Хабиб мұндай жаңбырды бұрын соңды көрмегенін де айтқан.

Мен бұл жерде 20 жылдай уақыт қызмет істедім және осы уақыт аралығында мұндай мөлшерде жауған жаңбырды көрмеппін.

Ахмед Хабиб, ҰМО қызметкері

Орталықтың хабарлауынша, шілдеде шамамен кейінгі 30 жылдағы ең ылғал ауа-райы тіркелген.

Материалды дайындаған: Бекболат Бектенұлы

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz