Сарыағашта белгісіз біреулер журналист Амангелді Батырбековтің ұлын атып кетті

4 желтоқсанға қараған түні «Сарыағаш-информ» газетінің редакторы Амангелді Батырбековтің Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы үйінің маңында ұлы Дінмұхамедке белгісіз адамдар оқ атып, жаралады. Батырбеков мұны журналистік қызметімен байланыстырады.

Амангелді Батырбековтің Азаттыққа айтуынша, 3 желтоқсанда түнгі сағат 23:00 шамасында бетіне ақ маска таққан, қолын дәкемен орап алған белгісіз адамдар есігін қаққан. Есікті ашқан қызынан әкесін шақыруды сұраған. Сәлден соң сыртқа шыққан Батырбеков үйінің жанындағы дүкен жақтан ұлының жан дауысын естіген.

– Сыртқа шыққаным сол оқтың үні естілді. Оқ ұлымның иығы мен арқа тұсына тиіпті, – дейді журналист.

Батырбековтің ұлы Сарыағаш аудандық ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оқ кеудеден өтіп, екі иығының бұлшық етін жарақаттаған, соның салдарынан “травматикалық шок” алған.

Батырбеков бұл оқиғаны журналистік қызметімен байланыстырады. Айтуынша, қараша айында Facebook парақшасында жазба қалдырған. Онда Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма прокуроры мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасарын “не байланыстыратынын” айына бір рет шығатын өзі басқарып отырған «Сарыағаш-информ» газеттің алдағы нөмірінде оқи алатыны жазылған.

Бұл мақаланың шықпауын сұрап араға бірнеше адам түрлі ұсыныспен шыққан. Журналист ешкімнің ұсынысын қабылдамай, мақаланың шығатынын ескерткен. Батырбеков шабуылды Facebook’тегі мына жазбасымен де байланыстырады. Онда Сарыағаштағы балабақшалардың бірінің жұмысы жөнінде айтылады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz