Сарбазға пародия жасаған тиктокер Ресейден қуылмақ

Мәскеу соты ресейлік сарбазға пародия жасаған видеосы үшін Некоглай лақап атымен белгілі тиктокер Николай Лебедевті елден шығару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

Мәскеу соттарының бірлескен баспасөз қызметінің хабарлауынша, Пресненск соты Некоглайды Ресей Федерациясының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің “шетел азаматының федералдық маңызы бар қалада Ресейге кіру ережелерін немесе Ресейде болу режимін бұзуы” бабы бойынша кінәлі деп тапты. Үкімге сәйкес, енді блогер елден мәжбүрлі түрде шығарылады және оған 5 000 рубль айыппұл салынады.

Сот депортацияға ұшыраған тиктокердің қай ел өкілі екенін айтпады. Дегенмен медиадағы деректерге сүйенсек, ол — Молдава азаматы.

Айта кетейік, 7 қарашада Некоглай жертасада жатқан және үстіне ұшқышсыз ұшақ тастаған екі гранатаны кері лақтырып жіберген ресейлік сарбаздың видеосына пародия түсіріп, Tiktok парақшасына жариялаған. Оған қоса бейнежазбасына Boney M-нің “Rasputin” әнін қосқан.

Пародияны көрген «Қауіпсіз интернет лигасының» жетекшісі Екатерина Мизулина блогердің үстінен ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураға шағымданатынын айтты. Оның сөзінше, блогер ресейлік әскердің беделін түсіретін контент жариялады.

Миллионер блогер Некоглай кеше Украина қарулы күштерінің гранаталары бар ұшқышсыз ұшақтың шабуылына екі рет ерлікпен қарсы шыққан жауынгеріміздің ерлігін келемеждейтін видео түсіріп, жариялады. Жексұрын тиктокер мұны күлкілі контент деп ойлаған шығар. Әрине, қаладағы жылы пәтерде тұрып, таңнан кешке дейін мағынасыз видео түсіру арқылы окоптағы адамның не күй кешіп жатқанын түсіну қиын.

Екатерина Мизулина, «Қауіпсіз интернет лигасының» жетекшісі

Ал Лебедев видеосы арқылы әскери адамды келемеждеп емес, керісінше, дәріптегенін айтты. Сонымен бірге ол өзін “жексұрын” деп атаған Мизулинаны “әкімшілік кодексті бұзды” деп айыптады, алайда оның үстінен арыз жазбайтынын айтты.

Factcheck.kz