Сайлауда сайлау болды ма?

Кеше мәжіліс және мәслихат сайлауының алдын ала нәтижесі жарияланды. Парламентке Nur Otan, “Ақ жол” және “Қазақстанның халық партиясы” (бұрынғы Қазақстанның коммунистік халық партиясы) өткен. Сайлау болған күні митингілер мен тәуелсіз бақылаушыны күштеп шығарғандар да болды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша:

  • “Нұр Отан” – 71,09 пайыз;
  • “Ақ жол” – 10,95 пайыз;
  • Қазақстанның халық партиясы – 9,1 пайыз;
  • “Ауыл” – 5,29 пайыз;
  • ADAL – 3,57 пайыз дауыс алған.

Қазақстанда заң бойынша, парламентке жеті пайыз дауыс алған партия өтеді. Сайлаудың соңғы нәтижесі әлі жарияланбады.

Сайлауға бойкот жариялаған белсенділер

Алматыда полиция жасағы парламент сайлауына бойкот жариялап, митингіге шыққан тіркелмеген «Демпартия» мен «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының өкілдерін түскі сағат 12-ден бастап қоршап тұрды. Полиция белсенділерді дәретханаға да жібермеді.

Сайлауда сайлау болды ма?
Фото: Holanews.kz

Оқиға орнында болған ORDA тілшісінің хабарлауынша, полиция екі ұйым белсенділерін бір-біріне жеткізбей, екі жерден қоршауға алған. Журналист полициядан белсенділерді не себепті жібермей жатқананын сұраса да, бірақ олар жауап бермеді.

Сол жерде болған құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова полиция әрекетін «адам құқығын шектеу» деп сипаттады.

Алматыда сайлау учаскесінде дауыс санар алдында бақылаушыны күштеп шығарды

Алматыдағы № 187 мектепте орналасқан №542 сайлау учаскесінде “Еркіндік қанаты” қоғамдық ұйымы бақылаушысы Оразай Қыдырбаевты дауыс санау процесі басталардан бұрын өз аты-жөнін атаудан бас тартқан белгісіз адам учаскеден күштеп шығарып жіберді. Бұл туралы Азаттыққа Қыдырбаев пен “Еркіндік қанаты” ұйымының координаторы хабарлады.

– Сайлау учаскесі жабылып, дауыс санауға кіріскелі жатты. Процесті жақыннан көргім келді. Заң бойынша, санау процесін парақтардағы белгілерді көруге көзім жететін жерден бақылауым тиіс. Бірақ мені 15 метр жерге – спорт залдың ортасына тұрғызып қойды. Мен “жақын тұрғым келеді” деп орныма қайта бара жаттым. Сол кезде күні бойы учаскеде болмаған, қайдан шыққаны белгісіз бір жігіт қолымнан ұстап, “сызықтан аспай тұр” деп жекіп, бұйрық бере бастады, – дейді Қыдырбаев.

Қыдырбаевтың сөзінше, белгісіз адам басқа бақылаушыларға да нұсқау бере сөйлеген. Ол өзіне ешкімнің араша түспегенін айтады. Азаттық осы жағдайға қатысты аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асановаға бірнеше хабарласты. Бірақ байланысу мүмкін болмады.

Сайлау алдында елдің әр аймағында сайлауды науқанды бақылағысы келген ондаған белсенді мен тәуелсіз бақылаушы ұсталып, жазаланды. Олардың арасында 5-10 күнге қамалғандары да бар.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz