Саиров елдегі кедейлік деңгейі туралы рас айтты ма?

2 ақпанда мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров ҚР премьер министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады. Ол өзінің сауалында Қазақстандағы кедейлік деңгейіне қатысты бірнеше мәлімдеме келтірді. Factcheck.kz редакциясы депутаттың қаншалықты рас сөйлегенін тексеріп көрді.

Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін 5,5 АҚШ доллары.

Депутат Саиров

Үкім: Шындық

Расымен Дүниежүзілік банк жаһандық кедейлік шегін есептеу үшін екі түрін ұсынған. Орташа табысы төмен елдер үшін кедейлік шегі бір адамға $3,20, ал орташа табысы жоғары елдер үшін күніне $5,50. Сонымен қатар, өте кедейлік шегін есептейтін көрсеткіште те бар — күніне бір адамға $1,90.

Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды, Ресейде күніне 6 доллар.

Депутат Саиров

Үкім: Шындыққа жақын

Статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы қаңтарда ең төменгі күнкөріс деңгейі 38 150 теңгені құрады. Бұл 2 ақпандағы курс бағамы бойынша 87,95 доллар. Бұл соманы 31 күнге бөлсек, расымен 2,8 долларды құрайды. Ал Ресейде ең төменгі күнкөріс деңгейі 12 мың 654 (2 ақпандағы бағам бойынша 71 242 теңге немесе 164 доллар) рубльді құрайды. Бұл соманы 31 күнге бөлсек, 5,3 долларды құрайды. Яғни, депутат келтірген деректен сәл аз.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде, 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны ресми түрде 998 мың адам болды. Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 млн, одан да жоғары екендігін айтады.

Депутат Саиров

Үкім: Шындық

2021 жылдың 3 тоқсанындағы дерек бойынша, Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адам саны 5,3%-ды құраған. Енді 2021 жылдың 1 қазандағы дерегі бойынша, елдегі адам саны 19 062 666 болған. Бұл дегеніміз 1 010 321 адамның табысы күнкөріс деңгейінен төмен болғанын көрсетеді. Яғни, депутат келтірген деректен де көп.

Депутат “бейресми сарапшылар” деп кімді айтқаны белгісіз. Бірақ осыған ұқсас сандарды Дүниежүзілік банктың ресми сайтынан таптық. Дүниежүзілік банк Қазақстанда 2021 жылы кедейлік шегінен төмен деңгейде 1,5 млн адам болуы мүмкін деп болжаған.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк Қазақстанды табысы орташадан жоғары елдердің қатарына қосқан (Жалпы ұлттық табысы 4086 доллардан 12615 долларға дейін). Егер Қазақстанның Статистика бюросы Дүниежүзілік банк ұсынған классификацияны қолданса, кедейлік шегінен төмен өмір сүретіндер туралы дерек басқаша, яғни, көп екенін көрсететін еді.

Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр.

Депутат Саиров

Үкім: Манипуляция

Депутат неліктен Қазақстанды бұл елдермен салыстырғаны белгісіз. Бұған қоса қандай рейтиңге сүйенгенін нақты айтпады. Сайыровтың күнкөріс деңгейі туралы соңғы ақпаратын Нигерия, Габон, Венесуэла және Анголаның ресми статистикаға жауапты мекеме сайтынан таппадық.

Бұл жердегі манипуляция әр ел күнкөріс деңгейін (ең төменгі жалақымен шатастырмау қажет) әртүрлі есептейді. Ал кейбір елдерде ең төменгі күнкөріс деңгейі өңірлер, қалалар мен ауылдық жерлер бойынша бөлек есептеледі.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, (елдегі халық санына шаққандағы кедейлік деңгейі) Ангола халқының 32,3 пайызы (2018 жылғы дерек), Габонның 33,4 пайызы (Габон 2017 жылғы дерек), Нигерия халқының 40,1 пайызы (2018 жыл), Венесуэланың 33,1 пайызы (2015 жыл), ал Қазақстанның 4,3 пайызы (2018 жылғы дерек) ұлттық әдістеме бойынша кедейлік шегінен төмен өмір сүреді.

Қазақстанда ең төменгі күнкөріс өте аз деңгейде. Сонымен қатар, егер Қазақстанда бағалаудың стандартталған әдістемесі пайдаланылса кедейлік шегі мен өте кедей деңгейде өмір сүретіндердің арасында аса қатты айырмашылық болмайды. Бұған қоса Қазақстанның табысы орташа деңгейден жоғары елдердің қатарында екенін ескерген жөн.

Еуропа елдерінде кедейлік орташа табыстың 60% деңгейінде белгіленген

Ерлан Саиров

Үкім: Шындық және Манипуляция

Неліктен шындық: ЮНИСЕФ мәліметінше, Еуроодақ елдері және одаққа кіруге үміткер елдер кедейлікті қауіпін есептеу үшін үй шаруашылығының орташа табысын 60% деңгейінде белгілеген.

Неліктен манипуляция: Еуростаттың дерегінше, бұл көрсеткіш байлық пен кедейлікті емес, Еуроодақтың басқа тұрғындарымен салыстырғанда табыстың қаншалықты аз екенін өлшейді, яғни, тек өмір сүру деңгейінің төмендігін білдірмейді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz