Роскомнадзор Google-дан Навальныйдың «Ақылмен дауыс беру» сайтын өшіруді талап етті

Роскомнадзор Google компаниясына хат жолдап, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың “Ақылмен дауыс беру” жобасы сайтын жабуды талап етті. Роскомнадзордың дерегінше, ресурс қолданушылардың жеке деректерін өңдеу туралы ережелерді бұзады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Екатеринбургтегі “Репутация” құқықтық орталығының жетекшісі Андрей Еланцев “Ақылмен дауыс беру” жобасының сервері АҚШ-та орналасқанын білгеннен кейін Роскомнадзорға жүгінген. Заңгердің пікірінше, “Ақылмен дауыс беру” сайты “Ресей азаматтарының жеке мәліметтерін жасырын түрде жинаған” және мұнда мол мәлімет бар.

Жоба сайтында өзге мәліметтермен қатар, “азаматтардың төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, мекенжайлары және электронды пошталары жинақталған”.

Контекст

  • Алексей Навальный “Ақылмен дауыс беру” жобасын 2018 жылғы сайлаудан кейін “Единая Россия” партиясының “монополиясын” жою үшін құрған. Жоба қолданушыларға “Единая Россия” кандидатын толық жеңуге мүмкіндігі бар нақты бір кандидатқа дауыс беруді ұсынады.
  • Сайт іске қосылғаннан кейін Роскомнадзор оның жеке мәлімет туралы заңнаманы бұзатынын алға тартып, сот арқылы жабуға тырысты. Кейін сайт Google иелігіндегі appspot.com доменіндегі жаңа мекенжайға көшіріліп, жұмысын жалғастыра берді.
  • 2021 жылы жаңа заңдар қабылданғаннан кейін Роскомнадзорда сайттарды сот арқылы ғана емес, атқару органдарының сұранысы бойынша да бұғаттау мүмкіндігі пайда болды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz