Роботтың жасанды жатырында бала өсіру мүмкін бе?

Ресейдің оқырманы көп (756 мың жазылушысы бар) ғылыми-танымдық Involta инстаграм-арнасы тағы да біздің назарымызға ілікті (бұрын олардың зертханалық бигль туралы ақпаратын талдаған едік). Бұл жолы әңгіме баланы өсіре алатын жасанды жатыры бар робот туралы болмақ. Іnvolta-ның Journal of Biomedical Engineering-ке сілтеме бере отырып сипаттауы бойынша, қытайлық ғалымдар адам эмбрионын адамдардың қатысуынсыз өсіретін жүйе ойлап тапқан. Постта бірнеше дерек бар, ретімен талдайық.

Роботтың жасанды жатырында бала өсіру мүмкін бе?

Мәлімдеме: Жасанды жатыры бар робот баланы өсіреді. Қытай ғалымдары адам эмбрионын өсіре алатын жүйе жасап шығарды.

involta

Үкім: Жалған

Мүмкін болашақта жасанды жатыры бар робот бала көтеріп, оны өсіретін де болар, бірақ қазіргі уақытта әңгіме қытай ғалымдары жасап шығарған in vitro жағдайында тышқандардың эмбрионалды мәдениетіне күтім жасау және онлайн бақылау (қысқаша айтқанда, құнарлы орта толтырылған ыдыста) жүйесі туралы болып отыр. Оның үстіне ғылыми жаңалық прессада айтылғандай жасанды жатыры бар андроид-робот туралы (біз талдап отырған пост пен суреттен түсінгеніміздей) емес, Al nanny деп аталатын (жасанды интеллекті бар күтуші) эмбриондарды бақылау және «күтім жасау» жүйесін ойлап табуда болып тұр.

Жасанды жатырдың өзін ойлап табу туралы айтылмайды. Себебі, естеріңізге сала кетсек, жасанды жатыр бұрыннан жасалып, тіпті патент алып үлгерген. Ал жасанды ортаға орналастырылған жануарлардың эмбриондарын зерттеу тәжірибелері жиі кездеседі.

Оқырмандардың назарын ғылыми мақаланың мәтініне сүйене отырып, өнертабыс негізгі органдар мен жүйелер салынған кезде тышқандардың ұрықтық емес, эмбриональді даму сатысының морфологиясын зерттеу үшін сынақтан өткеніне аудару артық болмайды.

Ғылыми және құқықтық шектеулер

Ғылым әлі жасанды ортада зертханалық тышқан, оның үстіне адам дүниеге келе алатындай дәрежеге жеткен жоқ. Тышқандардың жүктілік мерзімі 20 күн, ал адамдарда 9 ай екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ адам мен тышқанның онтогенезі жалпы ұқсас болғанымен айтарлықтай айырмашылықтар да бар. Мысалы тышқандар өмірге келгенде көзі көрмейді және жалаңаш болады. Осыған байланысты тышқан эмбриондарын ұзақмерзімді өсіру санаулы күнді құрайды. Мәселен, тышқан ұрығының түтіктегі 6 күні – жүктіліктің үштен бір уақыты. Ал адам эмбрионына келер болсақ, әлемнің көп бөлігінде түтікте 14 күннен артық өсірмейді. Оған қоса, адам эмбрионын in vitro зерттеуге қатысты қатаң ережелер бар.

Ғалымдардың жұмысы туралы қысқаша

Зерттеу нәтижелерін былтыр қарашада қытайдың рецензиялық Journal of Biomedical Engineering журналында Қытай Ғылым және технология университеті (Хефей қ.), Қытай Ғылым академиясы жанындағы Биомедициналық инжиниринг және технология институты (Сучжоу қ.) және Қытай Ғылым Академиясының бағаналы жасушалар және регенерация институты (Бейжің қ.) ғалымдары жариялады.

Роботтың жасанды жатырында бала өсіру мүмкін бе?
Эмбриондарды ұзақ уақыт өсіруге арналған құрылғы (оптикалық модульді қосқанда — суреттегі қызғылт сары түсті сопақша) және өсіруге арналған «ыдыс». Постта суреті көрсетілген жүкті андроидқа ұқсамайды.

Олар жасанды интеллект (ЖИ) негізінде жасаған арнайы оптикалық құрылғылардың көмегімен қоректік ортасы бар контейнерлерде эмбриондарды өсіру жүйесі даму процесінің морфологиялық сипаттамаларын бақылай, тіркей және бағалай алады, осылайша эмбрионның дамуын бағалауға және өсіру жүйесін оңтайландыруға негіз береді.

Роботталған жүйе эмбриондарды өте мұқият бақылап, олардағы кішкене ғана өзгерістің өзін анықтап, қоректену қажеттігі мен қоршаған орта шарттарын нақты реттеп береді.

Ары қарай involta постындағы бірнеше деректі тексереміз.

Мәлімдеме: Жасап шығарылған жүйе эмбриондарды адамдардың қатысуынсыз өсіруге мүмкіндік береді.

involta

Үкім: Шындыққа жақын

Жүйенің жұмыс алгоритмі, міндеттерді қою мен қызмет көрсетумен адам айналысатынын есепке алмасақ, расында Al nanny, қытай ғалымдары айтқандай, тышқанның ұрығына эмбриональді даму сатысында күтім жасай алады, бірқатар сұрақтарды басқарусыз, өздігінен шешеді.

Жүйе даму процесінің морфологиялық сипаттамаларын бақылай және тіркей алады, эмбриондардың дамуын бағалайды, оларды түтікте өсіруді оңтайландырады және даму үшін қажетті ортаны реттей алатынын қайталап өтейік. Сондай-ақ еске сала кетсек, әзірге әңгіме адам эмбриондары туралы емес.

Мәлімдеме: Жатыр қызметіндегі контейнер эмбрионның өсуі мен дамуына қажетті құраммен толтырылған.

involta

Үкім: Шындыққа жақын

Бұрмалау бар, бірақ таза лингвистикалық тұрғыда – контейнер жатырдың қызметін атқармайды. Эмбриондарды өсіруге арналған ыдыс торлы қақпақ пен диаметрі 35 мм-лік стандартты Петри тостағынан тұрады. Ол сұйық ортамен толтырылған және онда эмбрионның дамуына қажетті заттар салынады. Контейнерлер өсіруге арналған модульге салынған, ол қоршаған ортаның барлық керекті негіздерімен қамтамасыз етілген. Мәселен, көмірқышқыл газының мөлшері реттеліп отырады.

Мәлімдеме: Ғалымдардың пікірінше, жасап шығарылған жүйе табиғи жүктілікке қарағанда қауіпсіз.

involta

Үкім: Жалған

Зерттеушілер мүлдем мұндай мәлімдеме жасамаған. Мүмкін қате пікір 31 қаңтарда зерттеу туралы жазған South China Morning post газетінің қате түсіндірмесінен кейін пайда болған шығар. Кейінірек ақпарат жаңартылды. Алғашында газет суреттің астына былай деп жазды: «Бұл технология әйелді бала көтеру қажеттігінен босатып, ұрықтың оның денесінен басқа жерде қауіпсіз және тиімді өсуіне мүмкіндік береді, дейді жобаны жасаған ғалымдар». Енді былай деп өзгертілген: «Бұл технология бірқатар маңызды репродуктивті мәселелерді шешуге көмектеседі, дейді жобаны жасаған ғалымдар».

Роботтың жасанды жатырында бала өсіру мүмкін бе?
Жазбаның алғашқы нұсқасы
Роботтың жасанды жатырында бала өсіру мүмкін бе?
Түзетуден кейін

Зерттеудің өзінде бұл технология өмірдің пайда болуы мен адамның эмбриональді дамуын жақсы түсінуге көмектеседі және туа біткен ақаулар мен репродуктивті денсаулықтың басқа да маңызды мәселелерін шешудің теориялық негізін қамтамасыз етеді делінген.

Мәлімдеме: даму процесін жасанды интеллекті бар робот бақылап отырады. Ол сақтау шарттарын реттеп, болуы мүмкін патологиялар туралы ескертеді.

involta

Үкім: Шындыққа жақын

Расында, жасанды интеллекті бар роботталған жүйе сақтау ережелерін реттеп, оның дамуына баға береді. Жұмыстың өзінде даму патологиялары туралы ескертетіні айтылмаған, бірақ олар бар секілді.

Мәлімдеме: жасанды жатыр мен роботы бар жүйе туа біткен ақаулар мен репродуктивті денсаулық (адамдардың) мәселелерін шешеді.

involta

Үкім: Манипуляция

Қазіргі уақытта халықаралық құқық бойынша ұрықтандыру болғаннан кейін 14 күн асып кетсе адам эмбрионына тәжірибе жасауға тыйым салынған. Мұндай зерттеулер мен технологиялардың туа біткен ақау мен репродуктивті денсаулық мәселелерін шешуде әзірге теориялық негізі болғанымен, тәжірибе туралы айтуға ерте.

Қытай ғалымдары өздерінің өнертабысына байланысты адамның репродуктивті денсаулығына қатысты мәселелерді шешудің теориялық негіздері туралы мәлімдейді. Әңгіме тек қысқа ғылыми мәтінде, сондай-ақ жоғарыда айтылған журналда болғанын түсінген жөн, әзірге заңды база жоқ.

Анықтама үшін: Халықаралық бағаналы жасушаларды зерттеу қоғамы (ISSCR) ережені 14 күннен 28 күнге дейін жеңілдетуді ұсынды.

Мәлімдеме: (Ғалымдар тышқандарға тәжірибе жасаған) және технологияны адам эмбриондарын дамыту үшін пайдалануға болады деп есептейді.

involta

Үкім: Жалған

Жоғары жақты қараңыз: Қытай ғалымдарының айтуынша, зерттеу адамның репродуктивті мәселелерін шешуде теориялық негіз бола алады. Бірақ зерттеуге арналған мақалада технологияның адам эмбриондарын өсіру үшін пайдаланылатыны туралы ештеңе айтылмаған.

Қорытынды

  • Біздің алдымызда қалай ақпаратты әсірелеп, ғылыми жаңалықты бұрмалап, сурет арқылы үрейлі нарратив тудыруға (желі қолданушыларының пікірлерін ескерсек) болатынының үлгісі тұр.
  • Сондай-ақ постқа кликбейтті және бір сөзі шындыққа сай келмейтін тақырып қойылған.
  • Шын мәнінде, Қытай ғалымдары тышқан эмбриондарын өсіруге арналған жасанды интеллекті бар құрылғы жасап шығарды. Адам эмбриондарын жасанды ортада өсіру туралы әзірге ештеңе айтылмайды.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz