РНҚ вакцинасынан адам өлетіні, бедеу болатыны рас па?

Әлеуметтік желіде РНҚ вакцинасының зияны туралы видео ақпарат тарап жатыр. Ол жерде вакцина егілген соң 2-3 жыл ішінде адам өліп кететіні, вакцинаның жалпы өмірді қысқартатыны, бедеулікке апаратыны айтылады. Бұл ақпаратты Factcheck.kz тексеріп көрді.

Әлеуметтік желіде тараған видео

Ол [РНҚ вакцина-авт.] көп зиянын тигізеді. …Мен 70 жасқа тақағандардың арасында РНҚ вакцинасын қабылдағандар 2-3 жылда қайтыс болатынын ылғи айтып келемін. Мен айтар болсам, вакцина қабылдаған адамның жасына қарамай, [барлығының-авт.] өмірі қысқарады. Егер жасыңыз 30-дан асса, сіз 5-10 жыл ішінде өлесіз. Және сізде аллергия, нейрокогнитивті проблемалар, қабынумен қатар, ең маңыздысы бедеулік болуы мүмкін.

Видеодағы спикер сөзі

Үкім: Фейк

Видеода спикер айтқан РНҚ вакциналарының адамзатты қыратыны туралы ақпарттың еш ғылыми дәлелі жоқ. Осы технологияда жасалған Pfizer / BioNTech пен Moderna-ның клиникалық зерттеулеріне сәйкес, олар қауіпсіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы РНҚ технологиясы негізінде жасалған Pfizer / BioNTech вакцинасын төтенше жағдайда пайдалануға рұқсат еткен алғашқы екпе екенін де ұмытпаған жөн.

Видеодағы спикер, біздің болжам бойынша, Дублин университет колледжінің профессоры Долорес Кехилл болуы ықтимал. Пандемия өршіген кезде оның аты жалған және даулы пікірлерімен шыққан.

Д. Кехиллдің Сovid-19-ға қарсы наразылық акциясында бетперде киген балаларға «‎оттегі жетіспейді»‎ соның әсерінен олардың IQ деңгейі төмен болады деген мәлімдемесі колледждегі әріптестері тарапынан сынға ұшыраған.

Сент-Патрик күні Герберт паркінде наразылық білдіру кезінде профессор Кэхилл «‎глобалистер»‎ бетперде киюді талап етеді, өйткені «‎оттегі бармайтын адамдарды басқару оңай» деген‎.

Алайда профессор кейін жұмысынан шеттетілді: Кехилл бұдан былай UCD медициналық мектебінде дәріс оқымайды. Ол әдетте көктемде өткізілетін “Ғылым, медицина және қоғам” деп аталатын медицинаның бірінші курсын жүргізетін.

Ол Ирландияның еуроскептиктер бостандығы партиясының төрағасы болған. Алайда Covid-19 туралы бірден терістелген мәлімдемелерінен соң, партиядағы қызметінен де кетті.

Кехилл бұдан басқа әлеуметтік ара-қашық және ПТР тест, РНҚ вакцина жайлы жалған не шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан. Бұл жөнінде Reuters-тің фактчек командасы жазды.

UСD студенттер одағы жалған ақпарат таратқаны үшін Кехиллдің үстінен тексеріс жүргізілуін талап еткен.

Долорес Кехилл Сovid-19 пандемиясында оңшыл саяси күн тәртібінің пайдасына медициналық тұрғыдан дұрыс емес қастандық теорияларын алға тартты. Өкінішке орай, оның сөздері алысқа жетеді. Профессор Кехилл көп жанкүйер тапты. Алайда ол [Д. Кехилл-авт.] вирусология, эпидемиология немесе денсаулық сақтау саласының маманы емес екенін білмейтін көпшілікке айтарлықтай ықпалын тигізеді.

Студенттер одағының президенті Конор Андерсон

Айта кету керек, Кехилл РНҚ вакцинасынан адам өмірі қысқаратыны туралы жалған ақпарат таратқан алғашқы адам емес. Бұған дейін Reuters осы мағыналас мәлімдемені де терістеген.

Вакцина туралы бірер сөз

мРНҚ вакцинасы — жұқпалы аурулардан қорғайтын вакцинаның жаңа түрі. Көп вакцина иммундық реакцияны тудыру үшін әлсіреген немесе белсенді емес микробтарды денемізге жібереді. Бірақ мРНҚ вакциналары басқаша жұмыс істейді. Оның орнына, олар біздің жасушаларымызға ақуызды немесе ақуыздың бір бөлігіне — денеміздегі иммундық реакцияны қоздыруды үйретеді. Егер нақты вирус денемізге енсе, антиденелер шығаратын бұл иммундық жауап бізді инфекциядан қорғайды.

Ал қазір Қазақстанда егіліп жатқан ресейлік “Cпутник V” вакцинасы векторлы технологияны пайдаланған. Бұл технология басқаларынан организмнің өз клеткалары антиген жасап шығаратынымен ерекшеленеді. Яғни ғалымдар өзгертілген вирустың (вектор) басқа нұсқасын біздің клеткаларымызға тиісті ақпаратты жеткізу үшін пайдаланады. Вектор біздің денеміздегі жасушаға енеді, содан кейін COVID-19 тудыратын вирустың зиянсыз бөлігін жасау үшін жасуша механизмдерін пайдаланады.

Қорытынды

РНҚ вакцинасы алғаш рет пайдаланылып жатқандықтан олардың 5 жыл ішінде адамды өлтіретіндігі немесе қандай да бір зиянын тигізетіндігі дәлелденбеген. Қазір Клиникалық зерттеулер оң нәтиже көрсетіп отыр. Мұндай мәлімдеме жасаған адамның аталған саладағы білімі, кәсібилігі, саяси көз қарасы күмәнді.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz