Рим папасы Еуропаны “адамзат зираты” дегені рас па?

Бірнеше ресейлік медиа “Рим Папасы Батыс елдері теріс жолға түскенін мәлімдеді” деген ақпарат таратты. Кремльшіл медиа жариялаған мәліметтің несі рас, несі жалған екенін Factcheck.kz тексерді.

Рим папасы Еуропаны "адамзат зираты" дегені рас па?
Ресейлік БАҚ таратқан ақпарат

Мәлімдеме: Рим Папасы Батыс елдерінің теріс жолға түскенін, енді оны «үлгі тұтуға» болмайтынын айтты. «Батыс, мысалы, әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан теріс жолға түскен», — деп келтіреді Corriere della Sera понтифик мәлімдемесін. Рим Папасының айтуынша, Батыс «адамзаттың ең үлкен зиратына айналған». Ол сонымен бірге Батыс елдері қазір басқа халықтарға көмектесе алмайтынын, оған Батыстың «үлкен жетістікке жетпегені» себеп екенін хабарлады.

Ресейлік медиа таратқан ақпарат

Үкім: Манипуляция

Ресейшіл медиа Франциск мәлімдемесін бұрмалап, контекстен жұлып, понтификтің Еуропаны не үшін сынағаны туралы толық мәлімет бермеген. Бұл материалдар Ресей пропагандасының Батысты зұлым, тура жолдан тайған етіп көрсету риторикасына сай келеді. Рим папасы шын мәнінде не деді?

Рим папасы Франциск 13 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне орай Қазақстанға келді. 15 қыркүйекте понтифик Ватиканға ұшып бара жатқанда журналистер одан сұқбат алды. “LA CROIX” француз газеті журналисінің Еуропадағы құндылықтар туралы сұрағына берген жауабында Рим папасы бірнеше мәлімдеме келтірді. Cоның ішінде:

  • “Батыста құндылықтардың жоюлуына” қатысты сұраққа Рим папасы әлеуметтік саясат тақырыбын қозғады. Понтифик “қазір Батыс басқа елге үлгі бола алмайды”, “біз өзге халыққа көмектесу үшін ең жоғары деңгейде емеспіз” деп “демографиялық қысты” яғни бала туудың төмендеуін меңзесе, “әлеуметтік әділетсіздік мәселесінде Батыс теріс жолға түсті” деп ол “Батыстың мигранттарды қабылдағысы келмейтінін” сынаған.
  • Францисктің сөзінше, Еуропадағы кейбір ел мигранттарға қатысты тиісті саясат жүргізіп жатқан жоқ. Осының алдын алу керек екенін мәлімдеп, Рим папасы “еуропалық елдер адами негізгі құндылықтарға қайта оралу керектігін” айтады. Ол көші-қон, миграция мәселесіне байыпты қарап, популизмге жол бермеу керек деген.
  • «Батыс бүгін Еуропаның емес, адамзаттың ең үлкен зираты” дей отырып Рим папасы “мигранттарды қабылдағысы келмейтін Жерорта теңізі аумағындағы Батыс елдерін” меңзеді. Соңғы уақытта теңізге батқан мигранттар туралы жиі жазылып жүргені де осыған дәлел.
  • Францисктің айтуынша, Испанияға да, Италияға да адам күші керек, сондықтан “демографиялық қысқа” қатысты шара қолданған жөн.

Контекст

  • Демографиялық қыс — елдегі туу деңгейінің төмен болуы. Бұл егде жастағы адамдардың үлесінің артуына әкеп соқтырады, нәтижесінде халық саны азаяды.
  • БҰҰ-ның әлемдегі халық саны туралы eсебінде әлем халқының 16%-і 65 жастан асқан адамдардан құралатыны, қазір бұл көрсеткіш 10%-ті құраса, 2050 жылға қарай олардың саны 5 жасқа дейінгі балалардан екі есе көп болады деген болжам жасалған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz