Ресейде мобилизацияға қарсы 800-ге жуық адам ұсталды

Путиннің мобилизация туралы мәлімдемесінен кейін Ресейдің бірнеше қаласында наразылық акциясы өтті. 800-ге жуық адам ұсталды. «ОВД-Инфо» құқық қорғау медиа жобасының кейінгі мәліметіне сүйенсек, республика бойынша ұсталғандар саны 796-ға жеткен.

Сенбіде Мәскеудегі Чистопрудный бульварында адамдар наразылығын білдірді. Ресейлік медиа тілшілерінің хабарлауынша, ол жерге үш күн бұрынғымен салыстырғанда аз адам келген. Сонымен бірге полицейлер Покровка көшесінде, Покровский бульварында және “Зарядье” саябағында қарсылық танытушыларды ұстап әкеткен.

Чистопрудный бульварына мүгедектігі бар адамдарға арналған арбадағы қыз наразылық акциясына шықты. Ол қолына «Сіз де соны қалайсыз ба?» деген жазуы бар плакат ұстаған. Алайда медианың хабарлауынша, полиция қызды ұстамаған.

Осы кезде Telegram арналарында полицейлердің ұсталғандарды жерге сүйреп апарып, сойылмен ұрып-соғып жатқан видеолары да жарияланды.

«ОВД-Инфо» құқық қорғау медиа жобасын Мәскеуде кем дегенде 374 адамның ұсталғанын хабарлады. 21 қыркүйекте Мәскеуде өткен митингіде кешкі сағат тоғызға дейін 394 адам ұсталды.

Азаматтарды жаппай ұстау тек Мәскеуде емес, Санкт-Петербургте де болды. ОМОН қызметкерлері ең әуелі Садовая көшесіне шыққандарды ұстаған. «Коммерсанты» газетінің хабарлауынша, олар қамауға алу кезінде электрошокер пайдаланған. Сонымен бірге куәгерлер түсірген барлық бейнежазбада наразылық білдірген әр адамды кем дегенде төрт адам бірігіп ұстаған.

Санкт-Петербургтегі наразылық акциясы кезінде полицейлер белсенділерді тінтіген. Мәселен, олар Евгений Затеев, Валентин Хорошенин, белсенді Палада Башурова, Sota басылымының журналисі Виктория Арефиеваның пәтеріне келіп, тінту жүргізген.

Сонымен бірге медиа полицейлердің Томск, Новосібір, Самара, Иркутскта да азаматтарды ұстап жатқанын хабарлады.

Factcheck.kz