Ресейде Instagram желісіне шектеу қойылды

Роскомнадзор Ресейде Instagram желісінің жұмысына шектеу қойды. Бұндай шешімге Meta компаниясының Ресей әскеріне қарсы ұрандары бар пост жариялауға рұқсат беруі түрткі болды. Бұл туралы ведомствоның Telegram арнасында хабарланды.

“Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының талабын негізге ала отырып, Instagram желісін қолдануға (Meta Platforms, Inc. компаниясына тиесілі.) Ресей Федерациясының аумағында шектеу қойылады”, – делінген хабарламада.

Ведомство дерегінше, Instagram желісінде Ресей азаматтарына қатысты зорлық-зомбылық әрекетке шақыратын хабарламалар бар.

Контекст

  • Бұған дейін Meta компаниясы «Ресей басқыншыларына өлім» тілейтін, яғни, ресейлік әскерге қарсы ұрандары бар пост жариялауға уақытша рұқсат берген.
  • Meta баспасөз хатшысы Энди Стоунның (Andy Stone) 11 наурызда жарияланған мәлімдемесінде компания желілерінде зорлық-зомбылыққа шақыру тыйым салынғаны айтылады. Алайда, осы жолы компания саяси ұран қолдануға уақытша рұқсат берген. Мысал ретінде «Ресей басқыншыларына өлім!» деген ұранды келтірді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz