Ресей-Украина соғысы: Ақпаратты дұрыс тарату туралы кеңестер

24 ақпанда таңертең Ресей Украинаға ауқымды шабуыл жасады. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең ірі әскери қақтығыс болды. Президент Владимир Путиннің бұйрығымен жасалған шабуыл 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерді Ресейдің сегіз жыл қолдауынан кейін басталды.

Жақында ICFJ ұйымдастырған Памела Ховард (Pamela Howard) форумының жаһандық дағдарысты баяндау жөніндегі вебинарында ICFJ қауымдастықпен жұмыс жасау бөлімінің директоры Стелла Роке (Stella Roque) Ресейдің Украинаға басып кіруі туралы хабар тарататын екі журналиспен сөйлесті. Олар Вашингтондағы «Voice of America» Украина қызметінің халықаралық тілшісі Остап Ярыш (Ostap Yarysh) және Киевтегі қылмыс пен қақтығыс туралы жазатын журналист-фрилансер Том Матч (Tom Mutch).

Украинаға шабуыл басталғалы Ярыш пен Матч тәулік бойы жаңалық таратқан. Олар әскери қақтығыс туралы жазатын әлемнің түкпір-түкпірінен келген журналистермен маңызды ақпаратты бөлісіп, қақтығыс туралы жаңалықты халықаралық аудиторияға қалай сауатты жеткізу керек екенін баяндады.

Қақтығыстың әлемге әсері туралы айту

Ресейдің Украинаға басып кіруі сізге еш қатысы жоқ секілді көрінсе де, қақтығыс бүкіл әлем үшін ұзақ мерзімді өзгеріске әкелуі ықтимал. Матчтың айтуынша, егер Ресей өзінің саяси және дипломатиялық мақсатына қол жеткізсе, онда бұл бүкіл әлемге теріс үлгі болуы мүмкін.

Ярыштың айтуынша, мұндай жағдай Қытай мен Иран сияқты авторитар мемлекеттер үшін өз әрекеттерін ақтауға сылтау болуы ықтимал. Сонымен бірге, Ярыш Украинаның шығыс бөлігі ғана емес, НАТО-ға кіретін Польша шекарасынан 15 миль қашықта орналасқан кейбір нысандар мен қалалар да атысқа ұшырағандықтан, соғыс НАТО елдеріне де әсер етуі мүмкін.

Дұрыс аударма және контекст

Тексерілмеген қате аударма жалған ақпараттың тарауына әсер етеді. Егер редакцияда жаңалықтың жазылған тілін білетін адам болмаса, ақпарат қате аударылуы ықтимал.

Матч журналистің қақтығысты дұрыс сипаттауы да өте маңызды екенін айтты. Ал Ярыштың сөзінше, деректерді оқырманға дұрыс жеткізу дезинформацияның алдын алады.

Қақтығыстан зардап шеккендермен сұхбат

Журналистер соғыс туралы жаңалық таратқанда тек факт емес, мүмкіндігінше зардап шеккен адамның көзқарасын беруі керек. Ярыштың айтуынша, сұхбат оқырманға соғыс пен оның зардабын тереңірек түсінуге көмектеседі. Мысалы, Матч әуе шабуылынан кейін [бомбалау кезінде] метрода топтасып жатқан адамдар, Киевтен батысқа қашуға тырысқан адамның аялдамада автобус күтуі немесе елдің шығысында қалып, қаладан шыға алмай жатқан адамдар туралы жазуға болатынын айтты. Ярыш журналистің тек сенсация мен қатыгездік туралы жазғаны дұрыс емес екенін ескертті.

Журналистің жұмыстағы қауіпсіздігі

Украинадағы қақтығыс орнынан хабар таратын журналист үшін қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек. Мысалы, алдыңғы шептен танкті суретке түсіремін деп өз өміріңе қауіп төндіруге болмайды,- дейді Матч. Әсіресе қақтығыстың алғашқы күндерінде, майдан шебі жылдам қозғалып, бір тәуліктен кейін не болатыны белгісіз кезде журналистер жеке қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын ұмытпауы қажет.

Матч Украинадағы соғысты немесе болашақта осындай қақтығыс туралы жаңалық тарататын журналистерге қақтығыс ортасында жұмыс істеу трениңінен өтуге кеңес береді. Оның айтуынша, өмірге қауіп төнгенде журналист психологиялық және физикалық тұрғыдан дайын болуы керек.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz