Ресей соты “экстремизм ісі” бойынша шешім шыққанға дейін Навальный қорының жұмысын тоқтатты

Ресей соты оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың “Жемқорлықпен күрес қоры” мен оның аймақтағы штабтарына қатысты сот шешімі шыққанға дейін қордың жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Twitter-де қордың директоры Иван Жданов жазғанын Азаттық радиосы хабарлады.

16 сәуірде прокуратура соттан оппозициялық саясаткер Алексей Навальный негізін қалаған “Жемқорлықпен күрес қоры” мен оның аймақтағы бөлімшелерін “экстремистік ұйым” деп тануды сұраған.

“Либералдық ұрандарды жамылған бұл ұйымдар әлеуметтік және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандырумен айналысады. Іс жүзінде олардың көздегені конституциялық құрылым негіздерін өзгерту және соған жағдай жасау” делінген прокуратура хабарламасында.

Хабарламада сонымен бірге бұл құрылымдардың Ресей аумағында қажетсіз халықаралық ұйымдардың жұмыс істеуіне көмектесіп отырғаны да жазылған.

Жемқорлықпен күрес қорының жетекшілері “Кремль іс жүзінде өздерімен келіспейтіндерді экстремистер деп тануды талап етіп отыр” деп мәлімдеді. Олар биліктің бұл әрекетін алдағы ірі наразылыққа дайындық пен мемлекеттік думаға сайлаумен байланыстырады.

Жемқорлықпен күрес қоры, Азаматтардың құқықтарын қорғау қоры мен аймақтық штабтар үстінен түскен шағым Мәскеу қалалық сотында тіркелген. Сот сайтында бұл істер “Өзге ұйымдарды жою” категориясымен берілген. 19 сәуірде қалалық сот қордың қызметкеріне бұл “мемлекеттік құпия” деп іспен танысуға мүмкіндік бермеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz