Путиннің тұралаған экономикасы

Кейінгі апталарда макроэкономикалық болжам жасаушылар 2020 және 2021 жылдарға арналған ғаламдық жаңа, оптимистік болжам ұсынды. Әлемнің көп бөлігінде пандемияның екінші толқыны басталып, коронавирустан көз жұмған науқастар саны артып келе жатқанын ескерсек, бұл болжамның орнын жақында қорқынышты деректер басатынға ұқсайды. Бірақ экономикасы пандемияға дейін де  ұзақ уақыт стагнацияда болған Ресей сияқты елдерге қазіргі оптимистік болжамдардың өзі үміт сыйламайды. 

30 қыркүйекте Ресейдің экономика министрлігі салыстырмалы түрде оптимистік болжам жариялады: оған сәйкес, 2020 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 3.9% қысқарып, 2021-23 жылдары орташа жылдық өсім 3.2% құрайды. Бірақ министрлікте шектен тыс оптимизм тәжірибесі барын ескеру керек. 

Ресейдің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин басқаратын есептік палата экономика министрлігінің болжамын сынға алды. Есептік палатаның болжамына сәйкес, 2020 жылы жалпы ішкі өнім 4.5% қысқарып, 2021-23 жылдары орташа жылдық өсім небәрі 2-2.2% шамасында болады. Бұл деректер Халықаралық валюта қорының Ресейдің жалпы ішкі өнімі 2020 жылы 4.1% азайып, 2021-23 жылдары 2.4% өседі (2025 жылға қарай 1.8% дейін түседі) деген болжамына сәйкес келеді.

Аталған болжамдар арасындағы алшақтықтың саяси себебі бар. Президент Владимир Путин 2018 жылы мамырда қазіргі президенттік мерзімі басталған кезде жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны әлемдегі орташа көрсеткіштен жоғары болып, Ресейдің ғаламдық экономикадағы үлесі артады деп уәде берген. Бұл – табыс деңгейі орташа мемлекет үшін тым үлкен мақсат емес. Бірақ Ресей бұл мақсатқа да қол жеткізе алмады. Бұған COVID-19 дағдарысынан басқа себептер де әсер етті.

Пандемия басталмай тұрып, Ресейдегі жағдайды бақылаушы сарапшылар елде құрылымдық реформалар жүргізілмесе, алдағы жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 1.5-2% құрап, әлемдік экономика өсімінен төмен деңгейде қалатынын айтқан. Путин үкіметі мұндай реформа жүргізуге ниет білдіре қоймады. Нәтижесінде Халықаралық валюта қорының мамандары (номиналды немесе сатып алу қабілетінің паритеті бойынша есептегенде) алдағы жылдары Ресейдің әлемдік экономикадағы үлесі қысқарады деген болжам жасады.

Бұл Путиннің Ресейді әлемдегі ең ірі бес экономиканың біріне айналдыру деген тағы бір көп жарнамаланған мақсатын жоққа шығарады. Номиналды тұрғыдан, Ресей экономика көлемі бойынша әлемде 11-орында тұр. Оның алдағы уақытта алғашқы ондыққа кіруі екіталай. Путин әдетте экономика көлемін емес, өмір сүру сапасын бағалауға қолданылатын сатып алу қабілетінің паритеті жүйесі бойынша Ресейді әлемдегі ең ірі бес экономиканың қатарына қосуға ұмтылды. 

Бір қарағанда бұл мақсатқа қол жеткізу оңай сияқты көрінді: 2019 жылы Ресей сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде алтыншы орынға тұрақтады. Бұдан артық ештеңе керек те емес. Халықаралық валюта қорының соңғы болжамына сәйкес, алдағы жылдары Ресей бесінші орында тұрған Германияны басып оза алмайды.

Қазір Путиннің өзі де Ресейді алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіргізуге мүмкіндік бар деп айта алмайды. Ол бұл мақсатынан шілде айында бас тартып, бәріне COVID-19 дағдарысын кінәлаған. Бұл қиындыққа бүкіл әлем елдері кезігіп, дағдарыстың қосымша мақсаттарға әсер етпеуі керегін көрсетіп отыр.

Путиннің 2018 жылғы мақсаты 2024 жылға дейін орындалады деп күтілген. Бірақ қазір бұл меже 2030 жылға дейін ұзарып отыр. Мұнда да COVID-19 дағдарысы ақталуға себеп бола алмайды. Өйткені Ресей халық денсаулығын экономикалық өсімнен жоғары қойып, жалпыұлттық қатаң карантин енгізген жоқ. Путин өткен көктемде алты апталық «жұмыс істемейтін демалыс» жариялады. Мемлекет квазикарантин кезінде шағын бизнес пен шаруашылық иелеріне азын-аулақ қолдау көрсетумен ғана шектелді. Жалпы ішкі өнімнің 1% шамасындағы көмек шаралары Еуропа мен АҚШ-та көрсетілген қолдаудан әлдеқайда аз болды. 

Батыс мемлекеттері карантинге жабылып, азаматтардан көшеге шықпауды талап етіп жатқанда ресейліктерде жұмысын жалғастырудан басқа таңдау болмады. Мұны Google mobility-ден алынған деректер растайды. Путин Конституцияға президенттік мерзімге қойылған шектеулерді алып тастайтын өзгерістер енгізу үшін дауыс беру процесін ұйымдастырып, жартылай карантинді мерзімінен бұрын аяқтады. 

Кремльдің пандемияға жеңіл қарауы мемлекет қаржысын үнемдеді. Мұнай бағасының төмен болғанына қарамастан, Ресейдің ұлттық әл-ауқат қорындағы ақша жалпы ішкі өнімнің 12% пайызын құрайды (бұл пандемия басындағы көрсеткіштен жоғары). Бірақ бұл жетістіктің құны қандай? Ресей вирус жұққан науқастар санын азайтып көрсетіп, өлім классификациясын дұрыс жүргізібей, есепті кеш жариялайтындықтан, бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Дегенмен өткен жылдармен салыстырғанда өлім көрсеткішінің өсуі мұның артында үлкен деректер тұрғанынан хабар береді. 

Федералды статистика қызметінің бұрынғы демографы Алексей Ракшаның есебінше, COVID-19 вирусынан көз жұмғандар саны ресми деректен үш есе көп. Сәуір-қыркүйек айларында коронавирустан қосымша 115,000 адам көз жұмды деп есептесек, Ресейдегі жан басына шаққандағы өлім көрсеткіші АҚШ пен Еуропа елдерінен жоғары болып шығады. Ресейдің салыстырмалы түрде оқшау мемлекет екенін ескерсек, бұған тек саясатты ғана кінәлауға болады.

Бұл сәтсіздіктердің ресейліктер мен бүкіл әлем үшін ұзақмерзімді салдары болады. Путиннің режимі өмір сапасын жақсартуға негізделген қоғамдық қолдауға ие бола алмаған соң, цензура, насихат пен шетелдік авантюризмге ақша құяды. Кремль ресейліктерді «қанша жерден кемшілігі болса да, халық үшін шетелдік жауларға қарсы тұруда Путиннен артық ешкім жоқ» деп көндіруге тырысады. Сондықтан Путиннің ақпараттық автократиясын интернеттің кең таралуы мен ресми ақпарат құралдарына деген сенімсіздік жоюы мүмкін деп үміттенуден басқа амал жоқ. 

Путиннің тұралаған экономикасы

Сергей Гуриев Еуропалық қайта құру және даму банкінің бұрынғы бас экономисті, Мәскеудегі Жаңа экономика мектебінің бұрынғы ректоры және Sciences Po университетінің экономика ғылымдары бойынша профессоры.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz