Путин Донбасста «арнайы операция» басталғанын хабарлады

24 ақпанға қараған түні Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы «арнайы әскери операция» басталғанын мәлімдеді. Ол бұны «сегіз жыл бойы Киев режимінен қорлық көрген, геноцидке ұшыраған адамдарды қорғау үшін Донбасстағы арнайы әскери операция» деп атады. Бұл туралы DW сайты хабарлады.

Ресей президентінің геноцид туралы мәлімдемесін Еуроодақ және Біріккен Ұлттар Ұйымы да жоққа шығарған. Сонымен қатар, батыс саясаткерлері Ресей президентін “өтірік айтты” деп айыптады.

АҚШ президенті Джо Байден Ресейдің Украинаға жасаған шабуылын “негізсіз” деп атады. Бұған қоса Мәскеу бұл әрекеті үшін әлі жауап беретінін айтты. Сонымен бірге, Байден Путиннің әдейі соғысты таңдап отырғанын және бұл жағдай адам өлімі мен қайғы-қасіретке әкелетінін мәлімдеді.

Украина Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Ресей Украинаның әскери нысандары мен шекара бекеттерін зымыран арқылы атып жатыр.

Бұған қоса Украина президенті Владимир Зеленский ел аумағында әскери жағдай енгізілгенін мәлімдеді. Бұдан бөлек Зеленский Байденмен телефон арқылы байланысқанын және АҚШ Украинаны халықаралық деңгейде қолдауға дайын екенін айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz