ПТР оң болса QR не картамен төлегенде айыппұл салына ма?

Әлеуметтік желілерде, әсіресе WhatsApp- та “кімде ПТР тест оң нәтиже көрсетсе сол адам картамен немесе QR-мен еш жерде төлем жасамасын, 14-ші күні карантин режимін бұзғаны үшін 92 мың тг айыппұл келеді” деген сарында хабарлама тарап жатыр. Ақпарат қаншалықты рас, Factcheck.kz тексеріп көрді.

ПТР оң болса QR не картамен төлегенде айыппұл салына ма?

Үкім: Фейк

ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ресми өкілі Ержан Байтанаев Facebook парақшасына бұл ақпараттың фейк екенін жазды. Ресми өкілдің айтуынша, ПТР тест оң нәтиже көрсеткен адам оқшаулау режимін бұзған жағдайда ғана айыппұл салынады, ал оның бұзып/бұзбағанын тек Ashyq қосымшасындағы (статусты тексеруге арналған арнайы бағдарламаларды қоса алғанда) QR-ды сканерлеген кезде немесе мобилді телефон жоқ болған жағдайда ЖСН арқылы ғана анықталады.

Ержан Байтанаев былай дейді:

Оң ПТР тест шыққан жағдайда базада бірден қызыл статус пайда болады. Осыған орай, өзін-өзі оқшаулау режимі бұзылған жағдайда оған 91 890 теңге (30 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. АЛАЙДА, оның қызыл статусы сканерлеу кезінде және кіру [нысанға – ред.] кезінде анықталады, бірақ банк карточкасымен немесе QR-мен төлем жасағанда анықталмайды.

Ержан Байтанаев, ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі

Контекст

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық заңының 425-бабы 1-тармағына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талапты бұзу фактісі тіркелсе, жеке тұлға үшін – 30 АЕК (91 890 теңге) айыппұл салынатыны жазылған.

“Омикрон” вариантына байланысты Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов 13 қаңтарда жаңа қаулы жариялады. Қаулыға сай:

Жұмыс және демалыс күндері сауда орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілері, спорттық-сауықтыру және фитнес-орталықтары, йога-орталықтары, бассейндер, сауналар, моншалар «жасыл» статус арқылы (вакцинацияның болуы, сынамалар алынған сәттен бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР-тесілеудің болуы, соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылған, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар) шектеусіз жұмыс жүргізеді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz