Пропаганданы талдау | Украинадағы «Америка биозертханалары»

Көп жылдан бері ресейлік медиа мен мемлекеттік шенеуніктер постсоветтік елдердегі зертханалар туралы ақпарат таратып жүр. Хабарламаларда «олар АҚШ-қа тиесілі және биологиялық қару жасалады» деп айтылады. Көбіне олардың орналасқан жері Украина, Қазақстан, Грузия деп көрсетіледі. Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Молдова мен Өзбекстан да сол тізімге ілігеді. Ресей басшылығы мұны «қоршау» деп атап, 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кіргенін ақтайтын себептердің бірі ретінде пайдаланды.

Бұл материалда Factcheck.kz Ресей тарапы айтып отырған «Украинадағы америкалық әскери зертханалар» туралы нарративтің қалай өрбігенін, соғыс кезінде Ресейдің биозертханалар туралы деректерінің қай жері бұрыс екенін талдаймыз.

Медиадағы биозертханалар: олар қалай «америкалық» және «әскери» атанды?

Ресей ақпарат кеңістігінде биологиялық қауіп мәселесі 2000 жылдардың басында айтыла бастады. Мәселен, 2006 жылы академик Михаил Пальцев БАҚ-қа берген сұхбатында «бүкіл әлемді биошабуыл қаупі күтіп тұрғанын» айтты. Болуы мүмкін қатер ретінде спикер сібір жарасы, атипті пневмония мен құс тұмауын атап өтті. Тұрғындарға ауруды су мен азық-түлік өнімдері арқылы таратуы мүмкін деді. Дегенмен сол кезде сұхбаттың негізі мақсаты биотерроризм қаупі мен РФ билігінің назарын биоқорғау бағдарламаларын қаржыландыру мәселесіне аудару болғанын айта кеткен жөн.

7 жылдан кейін: 2013 жылы Роспотребнадзор басшысы Геннадий Онищенко Ресейде африкалық шошқа обасының тарауы мен Грузия аумағында «АҚШ ӘТК (әскери-теңіз күштері) әскери биологиялық зертхана» орналасқаны арасындағы «өзара байланысты тапқанын» айтады. Осыған ұқсас мәлімдемелер Украина туралы да тарайды (ол туралы материал барысында айтамыз). Тағы тоғыз жыл өткен соң, 2022 жылдың наурызында Онищенко пандемияға себеп болған SARS-CoV-2 коронавирусын америкалықтар Алматы биозертханасында (Орталық референс-зертхананы айтып тұр) жасауы мүмкін деп мәлімдейді.

Кремль наразы болып отырған Грузия, Украина, Қазақстан және басқа елдердегі зертханалар КСРО құлағаннан кейін қабылданған Cooperative Threat Reduction Program (CTR) (қазақша – Қауіпті бірлесіп азайту бағдарламасы) немесе Нанна-Лугара деп аталатын бағдарлама аясында АҚШ-пен серіктестік орнатқан. Ол бұрынғы Одақ құрамындағы мемлекеттерге жаппай қырып-жою қаруы сынды кеңестік дүниелерден арылуға көмектесуге бағытталған. Бағдарлама аясындағы америкалықтардың басты міндеті – ғылымды соғыс зерттеулерінен бейбіт түрге ауыстыру еді. Ол ескі кеңестік зертханаларды қайта жасақтау және модернизациялау, кейде жаңа объектілерді соғу арқылы жүзеге асты. Уақыт өте келе негізгі міндет – сарапшы ретінде білгенімен бөлісу мен жаппай қырып-жоятын қару жасауды тоқтату болып өзгерді, серіктес елдер қатары көбейді. Бағдарламаның орындалуын DTRA (АҚШ Қорғаныс министрлігі қауіпті азайту агенттігі) бақылайды.

Айта кетсек, 1991 жылдан 2012 жылға дейін Ресей де Cooperative Threat Reduction Program-ға қатысты. Ресейлік БАҚ ақпаратынша, осы уақыт аралығында америкалықтар бағдарламаға 8,79 млрд. доллар ақша бөлген, оның бір бөлігін РФ алып отырған. 2002 жылы АҚШ Ресейді қаржыландыруды тоқтатты. БАҚ-тағы ақпарат бойынша, оған «Ресей бактериялық және химиялық қару туралы ақпаратты жасырды» деген күдік себеп болған. 2003 жылы қаржыландыру қайта жанданып, РФ Щучье қаласындағы (Курган облысы) оқ-дәрілерді жою зауытының құрылысына 450 млн. доллар алды. Жобаның үштен бір бөлігін Нанна-Лугара бағдарламасы аясында бөлінген қаражат төледі. 2012 жылы РФ бағдарламаны «біржақты» деп атап, CTR қатарынан шықты.

«Украина аумағындағы америкалық әскери зертханалар» туралы алғашқы хабарламалар ақпарат кеңістігінде 10 жыл бұрын пайда болды. 2020 жылы «Детектор медіа» басылымының журналистері осы тақырыптың БАҚ-та қалай беріліп жүргеніне толық талдау жасады. Олардың мәліметі бойынша, АҚШ биозертханалары туралы қорқынышты әңгімелер 2009 жылдан украиналық «2000» газетінің сайтында жариялана бастаған. Төрт жыл ішінде сайтта бұл тақырыпқа 10 мақала жарық көрген. Ресейлік БАҚ-та тараған мәліметке «2000» материалдары негіз болған.

2017 жылы ресейшіл саясаткер Виктор Медведчукке тиесілі «Украинский выбор» қоғамдық ұйымының сайтында «Печат» серб журналына сілтеме бере отырып «АҚШ неліктен Украинаны биологиялық бомбаға айналдырып жатыр?» деген материал жарияланды (аудармасы мында). Мақала авторы – Ресейдің қазіргі билігін белсенді түрде қолдайтын публицист Зоран Милошевич. Бір қызығы, ресейлік «Фонд стратегической культуры» ресурсында содан бір ай бұрын «АҚШ Украинадан биологиялық бомба жасап жатыр» деген тақырыпта жарияланым пайда болды. Оның тақырыбы ғана емес, тезисі де Милошевичтің мақаласына ұқсас. Медведчуктің бақылауындағы басылымдар тақырыпты іліп әкетіп, қозғай берді.

«Пентагонның құпия биозертханалары» тақырыбындағы тағы бір материал 2018 жылы қаңтарда жарияланып, медиадағы мақалаларға себеп болды. Оның авторы – әлдебір болгар журналист-зерттеушісі Диляна Гайтанджиева. Қызығы, автор үнемі биозертханалар туралы дезинформация таратып отырады. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Гайтанджиева Украина, Грузия және басқа елдердегі «америкалық» зертханалар туралы жаңа материал дайындады (енді өзінің сайтында). Материалды ресейшіл БАҚ бірден көшіріп басты.

Пропаганданы талдау | Украинадағы «Америка биозертханалары»

Күткеніміздей, 2022 жылдың наурызында осы ресурстар «АҚШ-тың саяси мәселелер бойынша мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд сенат отырысы кезінде Украинада америкалық биозертханалардың бар екенін «мойындады» деген манипуляциялық ақпарат таратты. Шын мәнінде, Нуланд Украинада биологиялық зерттеу орталықтарының бар екенін және зертхана мен ондағы материалдар Ресей қарулы күштерінің бақылауына түсуі мүмкін екеніне алаңдайтынын жеткізді. Биозертхана америкалық екені жайлы сөз болмады.

Америкалықтардың әскери-биологиялық зерттеулері туралы жаңалық үнемі шығып тұратынына қарап мынадай қорытынды жасауға болады: дәлелденбеген түрлі эпидемиядан зардап шеккен Украина азаматтары бұрын биозертхана “құрбаны” болып, мұндай ақпаратты ресейшіл медиа Украина аумағында таратқан болса, қазір, соғыс кезінде, ресейлік ақпарат көздерінің нұсқасы бойынша, «жасырын зертханалардың» жұмысы ресейліктерге, нақтырақ айтқан – славяндардың бәріне қарсы бағытталған.

«Славяндарға қарсы биоқару» және «дереу патогендерді жою»

2022 жылдың 6 наурызында РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков Украинада Пентагон қаржыландыратын биологиялық қару дайындалатынына дәлелдер табылды деп мәлімдеді. 10 наурызда РФ ӘК Радиация, химиялық және биологиялық қорғау әскерінің басшысы Игорь Кириллов журналистерге «АҚШ славяндарға қарсы биоқару жасауды жоспарлап жатыр, ал Украина «тек қана славян этносына жататын» азаматтардың үлгілерін шетелдегі биозертханаға беріп отырған» деп хабарлады.

Бірден айта кетейік: славяндарға ғана қарсы бағытталған биоқару – ғылымға қарсы нарратив. Ресейлік микробиолог Евгений Левитин Украинадағы биоқару туралы ақпаратты жариялаған бірқатар ресейлік БАҚ-қа ашық хат жазды. Оның түсіндіруінше, қан жаппай араласып кеткеннен кейін «генетикалық қауым ретіндегі халық жоқ», яғни ерекше «славян ДНҚ-сының» да болуы беймүмкін. Нақты бір этносқа қарсы вирус жасау мүмкін емес. Тіпті жасаған күннің өзінде оны қолдана алмайды, себебі украиналықтардың өзі де зардап шегетін еді. Биологиялық үлгілерді зерттеу институттарына беруге келер болсақ, бұл – ғылыми серіктестік аясындағы әдеттегі тәжірибе.

Конашенковтың сөзінше, Украина Денсаулық сақтау министрлігі Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін дереу қауіпті патогендерді жою туралы бұйрық берген. Оның айтуынша, украиналық биозертхана қызметкерлерінен «24 ақпанда аса қауіпті оба, сібір жарасы, туляремия, тырысқақ және басқа да өлімге әкелетін ауруларды тудыратын патогендерді жою туралы құжат» келген. Материалдарды «дереу жою» керегі, РФ билігінің пікірінше, жасалып жатқан жұмыстардың «құпия» және «қауіпті» екенін дәлелдейді.

  • Пропаганданы талдау | Украинадағы «Америка биозертханалары»
  • Пропаганданы талдау | Украинадағы «Америка биозертханалары»
  • Пропаганданы талдау | Украинадағы «Америка биозертханалары»
  • Пропаганданы талдау | Украинадағы «Америка биозертханалары»
  • Пропаганданы талдау | Украинадағы «Америка биозертханалары»
  • Пропаганданы талдау | Украинадағы «Америка биозертханалары»

Біз де, басқа тәуелсіз журналистер де РФ Қорғаныс министрлігі жариялаған құжаттардың шынайы әлде жалған екенін тексере алмадық. Дегенмен, оларды шынайы десек те:

  1. Құжатта келтірілген микробтар тізімімен әлемдегі биозертханалар заңды түрде жұмыс істеп жатыр (әрине, биоқауіп дәрежесін сақтай отырып). Олардың болуы биологиялық қару жасалып жатқанын дәлелдемейді.
  2. Төтенше жағдай кезінде патогендерді жою бұрыннан келе жатқан тәсіл. Ғалымдардың айтуынша (мында және мында), ол вирустың тарап кетіп, қайғылы жағдайға әкелуінің алдын алу үшін қажеет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да тарап кетудің алдын алу үшін зертханалардағы аса қауіпті патогендерді жоюды ұсынды. Бұл туралы ДДСҰ BBC басылымына берген пікірінде айтты.

АҚШ-тың биоқаруды жасау нұсқасы және Украина мен АҚШ арасындағы «Стратегиялық ядролық қаруды жоюға, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуға жол бермеуге көмек көрсету» туралы келісім зертханаларды қаржыландыруға негіз болды. Келісім ашық деректерде бар, бұл 1993 жылғы дәл сол Украина да, Ресей де қатысқан Нанна-Лугара бағдарламасы аясындағы серіктестік.

Сондай-ақ, АҚШ пен Украинаның 2005 жылғы биологиялық қауіпсіздік саласындағы бірлескен жұмысының ауқымын кеңейту туралы құжат, АҚШ қаржылық қолдау көрсететін медициналық және ғылыми зертханалардың толық тізімі және барлық бағдарламалар мен жобалардың сипаттамасы қолжетімді. Мәселен, олардың қызметі мен жабдықталуы туралы бейнесюжеттерді Нанна-Лугара бағдарламасының Youtube-арнасынан көруге болады.

Сонымен қатар, Украина көптеген мемлекет секілді биологиялық қару жасауға қарсы екенін айта кеткен жөн. 2007 жылы ел «Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруларды әзірлеуге, өндіруге және олардың қорларын жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияға» қол қойып, ратификациялады.

Қорытынды

  1. Украинадағы «Америкалық әскери зертханалар» туралы нарратив ресейшіл БАҚ-та 10 жылдан аса уақыт жазылып келеді.
  2. Биозертханаға Америка “жетекшілік ететініне” негізгі дәлел – АҚШ-тың құрылыс пен модернизациялауға қаржылай қолдау көрсетуі ғана. Бңрақ, АҚШ бюджетінен қаржы Cooperative Threat Reduction Program (Нанна-Лугара) бағдарламасы аясында бөлінеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оның мақсаты – КСРО құрамында болған елдерге кеңес кезіндегі әскери ғылымнан бейбіт/азаматтық ғылымға көшу, сарапшы ретінде тәжірибе алмасу, жаппай қырып-жою құралын жасаудың алдын алу. 2012 жылға дейін Ресейдің өзі де осы бағдарламаның мүшесі болды және Ресей аумағында бір бөлігі АҚШ қаржысына салынған объект бар. Зертханалардың жұмысына қатысты ақпараттың бәрі – қаржының түсуі, жұмсалуы құпия емес, қолжетімді.
  3. Биозертханаларда қауіптілігі түрлі дәрежедегі патогендермен үнемі жұмыс жүргізіледі, сол себепті олардың болуы биологиялық қару жасалатынына дәлел бола алмайды. Патогендерді жою да дәл солай – бұл әсіресе төтенше жағдай кезіндегі қалыпты іс-әрекет. Себебі ондай сәтте ауру зертханадан шығып, тарап кету қауіпі жоғары.
  4. Славяндарға қарсы биоқару жасау туралы мәлімдеме – жалған. Оны ғылыми қауымдастық, оның ішінде ресейлік ғалымдар да жоққа шығарған.

Оқи отырыңыз:

Бес жыл ішінде Factcheck.kz Қазақстандағы биозертханалар туралы бірқатар жалған және пропагандалық ақпаратты талдады:

Factcheck.kz