Пропаганданы талдау | Медведев жазбасының өтірігі мен манипуляциясы

Тамыз айының басында Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары және экс-президенті Дмитрий Медведев “ВКонтактедегі” ресми парақшасында «Киевті азат ету» және “Грузияны Ресейге қосу» туралы жазба пайда болды. Одан бөлек, мәтінде Қазақстанды «қолдан жасалған мемлекет» деп атайды және «орыс геноцидіне» айыптайды. Бір қызығы, медиада тез тараған жазба небәрі 10 минуттан кейін өшірілді.

Пропаганданы талдау | Медведев жазбасының өтірігі мен манипуляциясы
Дмитрий Медведевтің өшірілген жазбасының скриншоты

Біраз уақыттан соң “ВКонтакте” желісінің баспасөз қызметі Медведевтің парақшасын бұзылғанын, жазбаны үшінші тарап қолданушысы жариялағанын жазды. Бұл туралы Медведевтің аппаратында да хабарлады.

Медведевтің парақшасы расымен бұзылғаны не бұзылмағанының айтарлықтай маңызы жоқ. Оның парақшасындағы жазбаның айтпағы Кремльдің саяси элитасының Қазақстан туралы басқа да көп мәлімдемесімен ұштасады. Соның ішінде «Украинаны денацификациялау» туралы үнемі жазатын Медведевтің өз риторикасымен де үндеседі. Ақпарат әлеуметтік желілер (өшірілген соң да) мен қазақстандық, ресейлік ақпараттық ресурстар арқылы үлкен аудиторияға тарады. Google Trends мәліметінше, даулы жазба жарияланған күні интернеттің қазақстандық және ресейлік сегментінде Медведевке деген қызығушылық артқаны байқалған.

Сонымен, жоғарыда айтылғандардың барлығын ескере отырып, Медведевтің Қазақстан туралы негізгі мәлімдемелерін тексеруге көшеміз.

Мәлімдеме: Совет одағы құлағанға дейін Солтүстік Қазақстан аумағы халқының 62.5%-і славяндар болған.

Дмитрий Медведевтің VK-дағы ресми парақшасындағы жазба

Үкім: Манипуляция

Ұлттық статистика бюросының бізге ұсынған дерегіне сәйкес, 1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағының нәтижесі келесідей болған: Қазақстанның Солтүстігіндегі (қазіргі 4 облыс аумағы: Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Павлодар) халық саны 3 981 936 адам; оның 60%-і славян халқы (орыс, украин және беларусь). Орыстар – 47%, қазақтар — 25%.

Жалпы алғанда, Қазақстанның мелекеттігі мен территориялық тұтастығына күмән келтіретін риторика — манипуляция. Мұны талдау үшін негізгі сұраққа жауап беруіміз керек:

Совет одағы құлар алдында Қазақстанның солтүстік аймақтарында (жалпы мемлекетте) славяндар (оның ішінде орыс этносы) көп болуының себебі неде?

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстан жеріне Ресей империясынан шаруалар жаппай қоныс аударды. Бір пікірге сай, XIX ғасырда Ресейде крепостнойлық құқықты жою аграрлық мәселені шеше алмады. Ал шаруалар толқулары жалғасып жатты. Бұл Қазақ хандығын отарлап болумен сәйкес келді. Шаруалардың шығысқа қоныс аударуы Ресейдің орталық губернияларындағы жер тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, сонымен бірге жаңа жерде үкіметке қолдау табатын еді. Екінші көзқарасқа сәйкес, шаруалардың қоныс аударуы бастапқыда ерікті болған және мемлекет тарапынан отарлау құралы ретінде қолдау тапқан.

Қалай болғанда да, әсіресе Столыпиннің аграрлық реформасы қабылданғаннан кейін қоныс аударушылар саны артып, Сібірден басқа, Қазақстанның Ақмола, Торғай, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары шаруалардың баратын жеріне айналды. Совет Одағы кезінде шекараның ортақ болуына байланысты адамдардың еркін қоныс аударуы әдеттегі үрдіске айналды. Орыстар Қазақстанға түрлі себептермен (индустрияландыру, тың игеру) көшті.

Қазақстанның демографиялық құрылымының өзгеруіне басқа да тарихи оқиғалар әсер етті: 1930 жылдардың басындағы ашаршылық, түрлі есеп бойынша, 1,5 млннан 4 млнға дейін адамның өмірін қиған. Ал тарихшылардың сөзінше, 1937-1938 жылдардағы репрессия кезінде 120 мыңға жуық қазақстандық қудаланып, 25 мыңнан астамы атылған.

Сонымен, белгілі бір кезеңде Солтүстік Қазақстан аумағында «славяндар» (жазба авторы орыс ұлтының өкілдерін меңзеген болуы керек) саны басым болуы патшалық және советтік саясаттың салдары, одан артық ештеңе емес.

Оның үстіне, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге 2005 жылы Н. Назарбаевтың Ресейге ресми сапары кезінде қол қойылып, 2006 жылдың 12 қаңтарында күшіне енген. Осылайша, бүкіл периметр бойынша құрлық шекарасын заңды бекіту аяқталды, яғни, делимитацияланды. Ал одан да күрделі процесс— шекараларды демаркациялау бүгінгі күнге дейін жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, 2022 жылдың басында Солтүстік Қазақстанның төрт облысында орыс этносының үлесі 38% болған.

Мәлімдеме: Қазақстан — қолдан жасалған мемлекет, бұрынғы Ресей территориясы. Мысалы, Гурьев, Семей, тіпті Алматы қаласы 1924 жылға дейін Верный деп аталды.

Дмитрий Медведевтің VK-дағы ресми парақшасындағы жазба

Үкім: Жалған және манипуляция

Қазақстан – халықаралық қоғамдастық (оның ішінде Ресей де) мойындаған тәуелсіз мемлекет, 1992 жылдан бері БҰҰ-ның толыққанды мүшесі.

Кейбір ресейлік саясаткерлердің бұрынғы Ресей территориясы туралы уәжі басынан бастап-ақ манипуляция. Себебі олар күрделі тарихи процестерді қарапайым қылуға тырысады және “қажет” уақыт аралығына ғана тоқталады. Ресей империясының жерінде салынған Гурьев (қазіргі Атырау қаласы), Семипалатинск (бүгінгі Семей қаласы) және Верный (қазіргі Алматы қаласы. Қаланың атауы 1924 жылы емес, 1921 жылы өзгертілген) қаласын патша әскерлері Қазақ хандығына тиесілі болған, отарланған жерлерге салған. Сонымен қатар, Семей қаласының негізі жоңғарлардың Доржынкит қаласынан алыс емес жердегі жеті буддалық қалмақ ғибадатханасының орнында қаланды, ал бір кездері Верныйдың орнында ортағасырлық Алмату қаласы болған. Қысқаша айтқанда, қазіргі Қазақстан жерінде Ресей империясы мен Қазақ хандығына дейін басқа да мемлекеттік бірлестіктер болған. Ал мемлекеттердің шекаралары соғыстар мен қақтығыстар салдарынан үнемі өзгеріп отырған. Егер тарихқа жүгіне берсек, Қазақстанның да, Ресейдің де кейбір бөлігін басқа мемлекеттер талап ете алар еді.

Кілт сөздер арқылы іздеу орыстілді ақпараттық кеңістікте «қолдан жасалған мемлекет» ұғымы белгілі бір елдің өз тарихы (мәдениеті және т.б.) болмағанын және мұны басқа, анағұрлым күшті мемлекет(тер) жасағанын көрсету үшін қолданылатыны байқалады. Мысалы, бұл терминді Ресей пропагандасы Украинаға қатысты белсенді пайдаланған (мысалдар: мұнда, мұнда және мұнда). Сондай-ақ желіден Косовоның, Әзірбайжанның, тіпті АҚШ-тың “жасандылығы туралы” ақпарат таба аласыз. Алайда, ұғымның нақты анықтамасы берілмейді.

Желінің ағылшын тілді сегментінде artificial state (яғни, жасанды мемлекет) сөздерінің нақты нені білдіретінін анықтауға талпыныс байқалады. Мысалы, Уильям Истерли мен оның әріптестері ұлттың (халық қаламағандай) бөлінуі мен саяси шекаралардың сәйкес келмеуін жасанды мемлекет деп жазады. Одан әрі индикатор ретінде сарапшылар шекаралардың этникалық топтарды екі бөлек көрші елге қалай бөлгенін және құрлықтағы шекаралардың қаншалықты түзу екенін қарастыруды ұсынады. Өйткені олар жасанды мемлкеттің шекарасы түп-түзу болуы мүмкін деп болжайды. Қазақстан бұл анықтамаға жатпайтыны анық.

Қалай болғанда да, жасандылық туралы риторика бәріне мәлім фактіге келіп тіреледі: қазақтарда өз тарихы, мәдениеті мен өркениеті бар; тәуелсіз Қазақстан мен Ресей империясы Орталық Азияға келмей тұрып өз мемлекеттігі болған. Қазақ хандығының толыққанды мемлекет ретінде қалыптасқаны және өмір сүргені халықаралық тарих ғылымында мойындалады. Көшпелі тұрмыс нормалары мен қазақ қоғамының түрлі топтары арасындағы өзара қарым-қатынасты реттейтін құқықтық жүйе болған. Мұны ресейлік ғалымдардың өзі де мойындайды.

Айта кетейік, “Хандық” дефинициясының өзі оның мемлекет екенін меңзейді. Хандық — түркі тайпалары халықтарының көптеген мемлекетінің атауы.

Мәлімдеме: Қазірдің өзінде Қазақстан билігі республика ішінде түрлі этникалық топты көшіру жөніндегі бастамаларды іске асыруды бастап кетті. Мұны орыстардың геноцидіне жатқызуға болады.

Дмитрий Медведевтің VK-дағы ресми парақшасындағы жазба

Үкім: Жалған және манипуляция

Мемлекеттің қолдауымен не ерікті түрдегі Қазақстандағы түрлі этникалық топтың ел ішінде (жалпы кез келген басқа елдегі мұндай процестерді) қоныс аударуын орыстардың геноцидіне (не басқа этностың геноцидіне) жатқызуға болмайды.

БҰҰ Конвенциясына сәйкес, «кез келген ұлтты, этносты, нәсілді не діни топты толығымен немесе ішінара жою мақсатында жасалған келесі әрекеттер геноцидті білдіреді:

  1. мұндай топтың мүшелерін өлтіру;
  2. осындай топ мүшелеріне ауыр дене немесе психикалық зиян келтіру;
  3. белгілі бір топты толық не ішінара физикалық жоюға арналған өмір сүру жағдайын жасау;
  4. топтың ішінде бала тудырмауға бағытталған шаралар;
  5. балаларды бір топтан екіншісіне мәжбүрлеп алып беру».

Жоғарыда айтылғандардың ешқайсысы Қазақстанда жоқ. Ал орыстардың я болмаса Қазақстанды мекендейтін кез келген басқа этностың ішкі көші-қонын (ерікті түрде болсын, үкіметтің қолдауымен болсын) геноцидке жатқыза алмаймыз.

Геноцид мысалдары: Холокост, Руандадағы геноцид, Камбоджадағы геноцид.

Контекст

Ресейлік саясаткерлердің Қазақстанның территориялық тұтастығы мен мемлекеттілігіне шек келтіретін сөздеріне қазақстандықтардың еті үйреніп қалды десе артық емес. 2014 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің “қазақтарда мемлекеттік болмады” деген мәлімдемесін былай қойғанда, тек кейінгі екі жылдың өзінде осындай риторика аз болған жоқ.

2020 жылдың соңында «Единая Россия» партиясының депутаты Вячеслав Никонов «Қазақстан болған емес», ал ел аумағы «Ресей мен Совет Одағының үлкен сыйы» деп айтқан. Никоновтың сөзіне Қазақстан СІМ-інің реакциясына ашуланған әріптесі Евгений Федоров та «заңсыз» алынған аумақтарды қайтаруды талап етті. 2021 жылдың сәуірінде Қазақстанға қатысты өшпенділік сөздерімен танымал ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский Павлодар қаласының көшелерінің атауы өзгеруі туралы «Ресей әлемі өз шекарасын қалпына келтіреді және сол кезде тәртіп орнайды» деген. 2022 жылдың басында «Единая Россияның» тағы бір депутаты Бийсұлтан Хамзаев қаңтар қырғыны тұсында Орталық Азияны «ресейлік жер» деп атап, «Қазақстанды Ресейге біріктіру туралы референдум өткізуді» қолдайтынын айтқан жазба жариялады. Ал журналист Маргарита Симонян халық толқуына қатысты пікір білдіре отырып, Қазақстанның тәуелсіздігін «күлкілі» деп атаған. Ресейдің Украинаға әскери шабуылы басталғаннан кейін бір ай өткенде ресейлік Коммунистік партияның депутаты Сергей Савостьянов Қазақстанды да «денацификациялауға» шақырған. Бұдан тағы бір ай өткен соң тележүргізуші Тигран Кеосаян Қазақстанда әскери парадтың өтпеуіне көңілі толмай, қазақстандықтарға «Украинаға қарап, байыпты ойлануға» кеңес берді.

Factcheck.kz